Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Индонезия

Индонезия, Индонезия Республикасы — Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан мемлекет. Ел аумағы 17 508 аралдан (Малайя архипелагындағы аралдар мен Жаңа Гвинея аралы, яғни Батыс Ириан) тұрады. Жалпы жер көлемі — 1,9 млн. км2. Ішкі сулары, теңіздегі және экономикалық аймақтағы шекараларын қосқанда 9 млн. км2. Халқының саны — 242 млн. (дүние жүзінде 4-орында). 150-ден аса ұлттар мен ұлыстар тұрады. Ең ірілері — явалықтар, сундтар, мадурлар және 5 млн-нан астам қытайлықтар. Индонезия әлемдегі ең үлкен мұсылман мемлекеті. Халқының 87%-ы ислам дінін, оның сүннит бағытын ұстанады. Қалғандары — католик, протестант, буддизм, т.б. діндерді ұстанады.  Мемлекеттік тілі — индонезия тілі. Индонезия — унитарлы мемлекет. Мемлекет басшысы — президент — Министрлер Кабинетін басқарады және Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы болып табылады. Жоғары заң шығарушы орган — Халықтық консультативтік конгресс 5 жылда бір рет қана жиналады. Ол ел президентін сайлайды және мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейді. Ел 34 провинцияға бөлінеді. Астанасы — Джакарта (9,5 млн-нан аса тұрғыны бар). Ұлттық мерекесі —  17 тамыз — Тәуелсіздік жарияланған күн (1945). Ақша бірлігі — индонезиялық рупи. 2002 жылы мамыр айында елден Шығыс Тимор (жер көлемі 14,9 мың км2, халқы 806 мың) бөлініп шықты.

Индонезия экваторлық ендік бойында орналасқан. Жерінің жартысы — биіктігі орташа және аласа таулар, биік таулар Батыс Ирианда ғана кездеседі. Суматрадан Хальмахера аралына дейінгі аралықта (5000 км) 400-ге жуық жанартау бар. Оның 80-і сөнбеген. Пайдалы қазбалары: мұнай, көмір, темір, марганец, алюминий, никель, мыс, қорғасын, т.б. Климаты экваторлық, ал Ява және Кіші Зонд аралдарында - субэкваторлық. Жазық жерлердегі орташа температура 25°С, ал тауда саіқын. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 2000-4000 мм. Көбінесе нөсер жаңбыр жауады. Өзендері шағын, суы өте лайлы келеді. Таулы бөлігі экваторлық және тропикалық мәңгі жасыл ормандардан тұрады. Аралдардың жағалауларында қалың бұта өседі. Жануарлардан маймыл, піл, керік, аю, қолтырауын, бауырымен жорғалаушылардың және құстардың көптеген түрлері бар.

Кейбір тарихшылардың пікірінше Индонезия архипелагының аралдарына көшіп қону жүрістері Азия метеригінің оңтүстік бөлігінен біздің заманымыздан бұрынғы XXV ғасырда басталған. Бірінші мемлекеттік құрылымдар біздің заманымыздағы II - V ғасырлар аралығында теңіз жағалау аудандарында пайда болған. Индонезияның теңізшілері мен саудагерлері сол кездегі Шығыста сауда бітістірушілердің басты топтарына кіретін. VII ғасырдың ортасында Сриуижая деген құатты Суматриялық империя пайда болды. VIII ғасырдың бірінші жартысында Ява аралының орталығында шиваист династиясы басқарған Матарам мемлекеті құрылды. XI ғасырдың ортасында Матарам мемлекеті Ява аралындадағы сауда қалаларын өз қол астына біріктірді. XI ғасырдан бастап Ява аралы Индонезияның экономикалық, мәдени және саяси орталығына айналды. Индонезияны Ява аралығының аясында біріктіру процессы барысында Мажапахит мемлекетінің 1328-1364 жж. басшысы болып Гажа Мада басқарған. XIV ғасырда Индонезияға ислам дінінің енуі күшейе түсті (Үндістан мен Малаккадан). XVI ғасырда Мажапахит империясы бірнеше мұсылман мемлекеттеріне бөлініп кетті. XVII ғасырдың басында Нидерландияның Ост-Инд компаниясы Молук аралдарынан португалдықтарды ығыстырды. Компания Индонезия тауарларын, оның ішінде көбінесе татымды заттардың тасымалдауын қамтамасыз етіп отырды. XVIII ғасырда компанияның құлдырауы басталды. 1780-84 жылдары болған ағылшың-голланд соғысынан кейін аталмыш компания толығымен жойылды. Компания қарамағында болған дүние-мүлігі Голландия мемлекетіне ауысты. Ұлы Шығыс Азия (Taihoa senso) үшін болған соғыстың басты себебі Суматра аралындағы мұнай қорлары болған. 1941 жылдың желтоқсан айында жапон десанты (жапон-индонезия қос жалауымен) Ява аралына түсті. Батавия қаласының атауы қайтадан Джакарта деп ауыстырылды, және голландия әкімшілігі жойылып индонезия әкімшілігі құрылды. 1945 жылғы 17 тамызда Индонезия мемлекетінің тәуелсіздігі жарияланды, алайда Нидерландия оны теқ 1949 жылы ғана мойындады. Индонезияның Ұлттық партиясы лидерлерінің бірі болған елдің бірінші Президенті Сукарно (1945-1968жж. Президент болған) 1950 жылы Индонезяны унитарлық мемлекет деп жария етті. 1976 жылы Индонезия Шығыс Тиморды (португалияның бұрынғы провинциясы) осы елге кіретін провинция деп жария етті. 2002 жылы Шығыс Тимор Индонезия құрамынан шығып тәуелсіздігін қайта алды. Елдегі экономикалық ахуалының нашарлауы 1998 жылы жаппай тәртіпсіздікке әкеліп, оның нәтижесінде генерал Сухартоның (1968 – 1998жж. Президент болған) режимі құлады. 1970 жылдардағы ислам фундаменталистер ықпалдарының өсуі 70-ші жылдардың ортасында және XXI ғасырдың басында өкімет күштерімен ашық қақтығыстарға әкелді.

Ауыл-шаруашылығы — Индонезия экономикасының басты саласы болып табылады. Мемлекет аумағының 25% өңдеуге жарамды. Елде жыл сайын 48 мың тонна кофе, 2 миллион тонна пальманың майын, 250 мың тонна шай жинауда. Сонымен қатар татымды, темекі, қантты қамыс, жүгері заттарымен қоса тропикалық жемістерді және көкөністерді үлкен көлемде жинауда. Ұлттық дамудың орташа мерзімді жоспарының басты салаларының бірі ретінде мұнай шығару көлемін үлкейту болып есептеледі. Оның елдегі барланған қорлары шамамен 6 млрд. баррель құрайды. Аталған қорлардың көбісі теңіз жағалауында орналасқан. Елдегі ең ірі мұнай кен орындары Дури мен Минас Орталық Суматра аралында ашылған. Басқа ірі кен орындарын жетілдіру мен мұнай шығару жұмыстары Ява аралының солтүстік-батыс жағалауында да жүргізілуде. Ява аралындағы тоқтатып қойылған Чепу мұнай кен орнын зерттеу барысында, онда шамамен 500 млн. баррель бар екендігі көрсетілді. Қазіргі таңда Индонезия территориясында жалпы қуаты 1 млн. баррель мұнайды өңдей алатын 8 мұнай өңдейтін зауыт жұмыс істеуде. Ұлттық мұнай компаниясы «Пертамина» 2012 жылға дейін әр жыл сайын мұнай шығару көлемін орташа шамамен 13-17 пайызға үлкейтуді жоспарлауда. Индонезия заттарын сатып алатын (импорттайтын) мемлекеттер - Қытай – 15,1 %, Еуропа Одағы (Германия, Франция, Ұлыбритания) – 14,4 %, Жапония – 12,2 %, АҚШ – 9,0 %, Сингапур – 7,4 %, Австралия – 5,3 %, Малайзия – 4,1 %, Оңтүстік Корея – 4,0 %, Тайвань – 2,8 % . Шетел инвестицияларының басты салалары химиялық және фармацевтикалық өндірістері, қағаз, тамақ және кен қазу өндірістері, сауда және құрылыс болып есептеледі. Шетел инвестицияларының қаражат бөлудегі басты аудандары әкімшілік округі Джакарта қаласы, Батыс және Шығыс Ява, Риау және Бантен провинциялары болып табылады. Шетел инвестицияны бөлетін басты мемлекеттер — Ұлыбритания, Тайвань, Сингапур, Жапония және Оңтүстік Корея.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...