Өлең, жыр, ақындар

Фиальтадағы көктем

Фиальтадағы көктем — адамды жалықтырып жіберетін кәдімгі көктем. Бәрі дымқыл: шынарлардың сұрғылт діңгектері де, аршалар да, қоршаулар да, жолға төселген ұсақ тастар да. Таң бозарып келе жатқан алыс жақта, орнынан енді көтеріліп, сүйенетін әлдене іздеп тұрғандай (зираттағы кипаристер солардың соңынан кетіп бара жатқан) көгілдір үйлердің қабырғаларының арасынан өзінің түрлі-түсті суреттеріне онша ұқсамайтын, турист күтіп жатқан (ханымдардың қалпағы мен арба айдаушылардың жасына қарап есептесең, шамамен мың тоғыз жүз оныншы жылдан бері), буалдыр тұманнан тұтас тұлғасы айқын көріне қоймаған қасиетті Георгий тауы көрінеді. Желсіз, тымық жылы ауа, тек күйік иісі шығады. Жаңбырдан тұщы су ішкен теңіз мұнартады; қолапайсыз жүрген майда толқындар көбіктене алмай жатыр.

Дәл осындай күндердің бірінде қаланың қақ ортасындағы көшеде менің көзім көргенінің бәрін өзіме жинай бастадым: открыткалар сататын дүңгіршектерді де, икондар қойылған витриналарды да, қабырғаларда жалбырап тұрған көшпелі цирк хабарландыруларын да, ескі көшелерде шашылып жатқан апельсиннің сары қабықтарын да. Мен бұл қаланы жақсы көрем; оны жақсы көретінім, бәлкім, оның Ялта деген атауының өзінен гүлдердің дымқыл-шекерлі иісі шығатыннан ба; жоқ әлде, оның марғау көшпелі адам жанын айрықша аялайтынын ба, біле алмадым; бірақ сол қалада таңертең оянғаныма шаттана қуандым да, бұлақтарға басымның суын да кептірмей, жалаңбас, көйлегімнің сыртынан макинтошты іле caп тартып кеттім.

Мен мұнда өзінің паравозды күркіреген құмарлығымен туннель соңынан туннель қалдырмай еткен түнгі экспреспен келген едім; келгенде де, іскерлік сапарлардың арасындағы үзілістерді пайдаланып бірер күнге ғана келгем-ді. Әйелімді де, балаларымды да үйге қалдырғам: олар менің табиғатымның теріскейінде үнемі қатысып, менімен үнемі қатар, тіпті кейде мені қақ тіліп, бірақ, негізінен, менен тыс, бақытты өз жүйелерімен жүретін.

Басқыш үстінен қарны шермиіп кеткен бір бала орнынан тұрып, қалт-құлт етіп жүріп барып бірден үш апельсинге қатар қол салды да біреуін түсіріп алды, оны қайта көтерем деп өзі құлап түсті, мұны қарап тұрған, қоңырқай мойнына ауыр алқа таққан, үстіне сығандардай ұзын юбка киген бір қыз жүгіріп кеп оның қолынан барлық апельсинді алып қойды. Одан әрірек сыз терраста кофе даяшысы үстел үстін сүртіп жатыр; мен отырған жақта тұрып, қоршаудың қанатына сүйеніп алған, тәтті тағамдар аузы-мұрнынан шыққанша сықап толтырылған кәрзіңке көтерген сатушы онымен сөйлесіп тұр. Сіркіреген жаңбыр толастады ма, әлде Фиальтаның еті үйренген бе, әйтеуір, ол дәл қазір дымқыл ауамен бе, жылы жаңбырмен бе, немен тыныстап тұрғанын біле алмас еді. Арка астынан шыға келген алашұбар шалбар киген ағылшын өзінін трубкасын жүріп бара жатып резеңке дорбашасындағы темекімен толтырып барады; терезенің арғы жағындағы көгілдір ваза ішіндегі үлкен боп-боз ысқыштар көптен бері су көрмей шөлден әбден қаңсып қалғандай. Құдай-ау, көктемнің бүкіл қуат-күшін әлі сезіне қоймаған, бірақ мына сұрғылт күннің иісі мен сыбдырынан бүкіл тұла бойым ләззатты рақат сезінгендей еді! Ұйқысыз түннен кейін де менің басым шайдай ашық болатын, мен бәрін де ұғып тұрмын: шіркеудің ту сыртындағы бақтан шығып тұрған торғай шырылын, үйлердің бір-бірімен иық тірестіріп бейбіт тұрғандарын, мұнартқан ауаның ар жағындағы теңіздің күрсінісін, қабырғалардың жоғарғы жағындағы (жергілікті байшыкештердің ол да бір мақтанышы) сынық шынылардың жалт-жұлт еткен жарқылы, сол қабырғаға ілінген цирк хабарландыруы: әлем-жәлем киінген үнділік асау жылқыға бұғалық тастап жатыр да, ал жұлдыздардың суреті салынған орындықтарға есі шығып кеткен пілдер отыр.

Әлгі ағылшын мені басып озды. Өзгелерге қадала қарағандай оған да қадала түстім де, оның бір бүйіріне бұрылып, тілімен ернін жалап алғанына көзім түсті. Ол қараған жаққа мен де жалт қарап, Нинаны көрдім. Дәл айта алмаймын бірақ, шамамен, он бес жылдай уақыттың ішінде кездескен сайын ол мені бірден тани кететін; бұл жолы да бір бүйірлеп бұрылып, лимон түстес сарғылт шарфпен оралған мойнын созып, әлденеге бел шеше алмай тұрған жандай, бір сәтке қалт тұра қалды... міне, ол көшенің қақ ортасында он саусағын ауада қатар ойнатып, ежелгі шынайы достықтың ашық ниетін көрсетіп жатыр, үстінде тізесі тұсында қиығы бар юбка, (біз ажырасқан кездегі сол бір еркелік назбен), сонан кейін ол мені үш рет сүйді де, мойныма оратылып, адымын менің адымыммен үйлестіріп, қатарласа жүрді.

— Фердинанд та осында, — деп жауап берді ол сұрағыма, сонан кейін сыпайы түрде менің әйелімнің хал-күйін сұрады.

— Сегюрмен бірге қаңғып жүрген шығар, — деді ол күйеуі туралы әңгімесін жалғастырып, — ал маған бірдеңе-шірдеңе сатып алу керек, біз жол жүреміз. Васенька, тоқта, сен мені қайда алып бара жатырсың?

Шынын айтқанда, орыс ертегісінде бола беретіндей айтылып кеткен нәрсенің бара-бара қайта қуаттанып шыға келетіні секілді, онымен кездескенде де, бейне бір бүкіл әрекеттердің тыныштығын қайталап жатқандай өткенге қарай қайта жол шектім. Енді біз тұманды, жылы Фиалтада кездесіп тұрмыз, бұл кездесуді менің үлкен салтанатпен атап өтпеуім мүмкін емес еді, қолмен бояған тағдырдың сый-сияпатын, тіпті ол кездесу, ең соңғы кездесу болса да қайталап айтайын, ол тіпті соңғы кездесу болса да өйткені мен табытқа түскеннен кейін, онымен кездесуді ұйымдастыруға келісетін о дүниенің ешқандай ұйымын көз алдыма келтіре алар емеспін.

Мен Нинамен баяғыда, мың тоғыз жүз он жетінші жылы танысып едім, ол жерде қазір уақыттың да жұрнағы қалмаған шығар. Бұл жиен апамның туған күнін өткізген Лужск көшесінде болған еді, сыртта деревняның шыңылтыр қысы (ол жерге жақындағанның бірінші белгісі: аппақ егістік алқаптың ортасындағы қызыл қамба). Мен жақында ғана лицейді бітіргем; Нина некеге тұрған: ғасырмен түйдей құрдас ол, өзінің бәкене бойы мен жүдеулігіне қарамай, бәлкім, солай болғандықтан ба, өзінің жасынан әлдеқайда ересек көрінетін, ол қазір өзінің отыз екі жасынан әлдеқайда жас көрінеді. Оның сол кездегі күйеуі тап-тұйнақтай әдемі, әрі еңселі, әрі қалталы, әр сөзін таразыға салғандай мұқият өлшеп айтатын, даусы бірқалыпты, барқыттай жұмсақ, Нинамен сөйлескенде тіпті жұмсарып кететін әскери офицер болатын; бір сөзбен айтқанда, ол, барлық пікірлер мәдениеттілігі мен сыпайылығын айтқаннан кейін таусылып қалатын адамдардың сойынан еді (тамаша жолдас, секундаттың идеалы), ал ондай адамдар, әдетте, егер біреуге ғашық болса, тек ғашық боп қана қоймайды, алақанына салып өтеді, қазір ол алыстағы бір тропикалық елде жұмыс істейді, бірақ оның соңынан Нина бірде-бір барған емес.

Шамдар жанады да, терезелер арқасындағы крестерімен қалың қарға етпеттерімен түсіп жата қалады; олардың арасына кірер есіктің саңылауынан түскен ұзын-ұзын жарықтар да барып жалғасады. Неге екені не үшін екенін білмеймін, біз дірілдеп тұрған колонна залынан, ақ кардан тон киіп бұрынғыдан да қорбиып көрінетін шыршалардан басқа ештеңе жоқ сол қараңғылыққа шыға келдік: алыста болып жатқан өрттің шұғыласын көруге күзетшілер шақырды ма, жоқ, әлде, менің немере ағаларымның көлшігі жанында бір швейцардың мұздан жасаған аттарын қызықтауға шықтық па, білмеймін; әдетте есінде қалған нәрсе тек, үйінді қарлардың арасымен сықыр-сықыр басып, жіңішке соқпақпен біріміздің соңымыздан біріміз жүріп отырып, жарық үйдің ішіне кірген кезде ғана әрекетке түседі. Мен ең соңында келе жаттым; менен үш адым алда бәкене бойлы біреудің сұлбасы бара жатты; шыршалар өзінің алақанына ұстап тұрған ақ тоқаштарын тас төбеңе тастай салады; сондай бір сәтте мен тартынып қалам деп батареясы отырып қалған қолымдағы шамды түсіріп алдым да, жерді қарманып іздей бастадым, менің әбігерге түсіп, әлдене деп ренішті сөз айтқанымды естіп, баяу ғана сыңғырлап күлген Нина маған бұрылып келді. Менің оны қазір ғой Нина деп отырғаным, әйтпесе ол кезде оның кім екенін де, басқасын да білуден дін аманмын. "Кім бұл?" — деп сұрады ол, ал мен болсам, менің тұмсығымды қытықтап кесір жағаның әсерінен оттай боп ысып тұрған мойнынан сүйіп алдым, сонда ғана ол, тек өзіне ғана тән сергек те бәйек елгезектігімен маған бұрылған кезде ерніміз бен ерніміз кездесіп қалғандай болды.

Бірақ аяқ астынан бұрқ ете қалған ойын басталып, екеуміз бір- бірімізден бір сәтке көз жазып қалдық, — біреу-біреуге қар лақтырып, біреу-біреуден құлап-тұрып қашып, самбырлап сөйлеп, саңқылдап күліп, қалай қарға омбылап, біреулердің пимасы қар астында қап жатты. Сонан кейін біз қашан екі жаққа айырылып кеткенше бір-бірімізге тіл қатқан жоқпыз, сондай-ақ біз, анда-санда кездейсоқ кездесулерден тұратын он бес жылға созылған болашақ туралы да ауыз ашпап ек, тек шым-шытырық ишаралар мен емеуріндерден тұратын кештерде оны есіме ап (ол кештің ою-өрнектерін, қазір Нинаның қатысуынсыз, соған ұқсас кештер арқылы қалпына келтіре алам), мен оның маған немқұрайлы болғанына ғана емес, сол немқұрайлылықтың соншалықты табиғи болғанына таңғалдым, өйткені мен ол кезде, оған екі ауыз ғана сөз айтсам, онда ол немқұрайлылық сан түрлі, көңілді, мейірімді құбылған бояуға ие боп шыға келер еді де, әйел махаббаты емдік қасиеті бар қайнар бұлақ суына айналып, одан ол өзінің ожауымен кім болса да, бәрін суарар еді.

— Ең соңғы рет біз Парижде кездестік қой деймін, — дедім мен оған, албырап тұрған қызыл ерінді, жағы шығыңқы жүзінен өзіме таныс құбылыс күтіп; шынында да солай боп шықты: мен жойдасыз жөнсіз қалжың айтқандай ол мырс ете түсті, дәлірек айтқанда, талай-талай қалаларда тағдыр қалауымен сан рет кездескен бізге мынау платформалар да, мынау басқыштар да, мынау бұрылыстар да, бәрі-бәрі де, өз ойындарын аяқтаған бір жандардан қалған декорация сияқты да, олардың біздің тағдыр-талайымызға қатысы елеусіз ғана секілді.

Мен оны арка астындағы кездейсоқ бір дүкенге дейін шығарып салдым; ол күңгірт қараңғылықта, заттардың бағасы жазылған тұстарға бейне бір олардың жасын білгісі келгендей, қадала қарап, жұмсақ қағаздарға толтырылған қызыл былғары шиланды ақтарып ұзақ тұрды, сонан кейін ол дәл сондай, бірақ қоңыр түстісін талап етті, оны он минөттей заттарды ақтарып жүріп алып келген кезде, ол менің қолымдағы монетаны алмақ боп тұрды да, әлденеге ойланып қап, бас тартты, ақырында біз ештеңе де сатып алмай шығып кеттік.

Былжырап жатқан көшеде адам аяғы сирек екен; сұрғыл үйлердің жалаңаш терезелерінен шығатын, қоңырсыған иіс менің татарлық жадымды қоздырғандай болады; топ-топ боп құжынаған масалар шөптердің үстіндегі ауаны тоқып, жамап-жасқап жатқандай; сарымсақ шайнап тұрған кең етекті қалпақ киген екі жұмысшы аң үйретуші мұртты гусар мен тым қаһарлы етіп көрсетпек болған суретші, адамның тұмсығына ұқсас етіп жіберген сары-қызыл түсті жолбарыс бейнесі жапсырылған жарнама тақтасына сүйеніп тұр.

— Au fond", мен тарақ іздеп ем, — деді Нина, кешіккен өкінішпен.

Маған оның тайғанақтығы, табансыздығы, жол жүргенде абдырап-сасып қалатындығы қандай таныс! Ол үнемі бір жақтан келіп жататын, сол сәтінде бір жаққа кетіп бара жататын. Егер мен жер үстіндегі пенделік тіршіліктің конкурсына оның келбет-пішінін салып қатысатын болсам, онда мен оны жол-сапар кеңсесінің үстелінің жанында тұрғанын, бір аяғы линолеумге шаншыла қадалған, шынтағы мен сөмкесі үстел үстінде, сонан кейін үстел басында отырған қызметкер құлағына қыстырылған қарындашты алып, онымен бірге вагон таңдап отырғанын салар ем.

Шетелде мен оны алғаш рет Берлиндегі бір таныстарымның үйінде кездестіріп ем. Мен үйленейін деп жүргем, ал ол жақында ғана күйеуімен ажырасыпты. Мен кіріп, оны алыстан көрген бойда бірден, бірақ ешқандай жаңылыспастан, бөлмеде отырған барлық еркектерді көзіммен қарап шығып, оны олардың қайсысы менен артық білетінін анықтадым. Ол аяқтарын бауырына жинап бұрыштағы диванда отыр екен; өкшесінің дәл жанына күлсалғыш қойыпты, маған қадала қарап, есімім айтылған кезде құлағын мұқият тігіп тұрды да, аузындағы шөптің сабағындай ұзын мүштегін жұлып ап, — қуанғанынан "Жоқ!" — деп айқайлап жіберді ("көзіме сенбей тұрмын " деген мағынада), біздің бір-бірімізді білетінімізді жұрттың бәрі көріп тұр: әрине, менің сүйіп алғаным оның есінде жоқ, бірақ шын жүрегімізбен түсініскен достықтың әсері, не болғанда да, оның жадында еді, бірақ бір жағынан алып қарағанда екеуміздің арамызда достық дейтін достық та болған емес. Сонымен біздің бар қарым-қатынасымыз о баста-ақ ешқандай алыс- беріссіз, дәлірек айтқанда жүрдім-бардым негізінде құрылған болатын. Айтылған сөздермен өлшер болсақ бұл кездесудің салмағы түкке де арзымас еді, бірақ іштей біз қосылып кеткендей едік, тек онымен шай үстінде қатар отырған кезде оның құпия төзімінің шындығында (Франц) арғы жағында қандай құйтырқы құбылыстар жатқанын бүкіл болмыс-бітіміммен сезіп отырдым.

Ол тағы да көзден ғайып болды, бір жылдан кейін мен әйеліммен бірге Венада ағамды шығарып сап тұрған болатынмын, есік-терезелерін түгел жауып, қымтанып алған пойыз жүріп кеткеннен кейін шығар есікке беттей бергенімізде кенет мен Париж экспресі жанынан, бет-жүзі раушан гүлдеріне малынып, маған мүлде таныс емес бір топ адамның ортасында тұрған Нинаны көрдім. Нинаға жаралы жанға қарағандай, қоршап алған адамдар, оны шығарып сап тұр екен. Ол маған қолындағы гүлін бұлғады да, мен оны Елена Константиновнамен таныстырдым, вокзалда өткен осы бір атүсті, асығыс-үсігіс кездесу кезіндегі бір-екі ауыз тіл қатысудың өзі-ақ, келесі бір кездесуде олар бір-бірін баяғыдан, бала кездерінен білетіндей жақын достастырып жіберуге негіз салыпты. Әрі сол вагонның көгілдір көлеңкесінде алғаш рет Фердинанд ауызға алынған-ды: Нинаның оған тұрмысқа шығатынын білген. Пойызға отыратын уақыт боп қалды да, ол бәрін қайта-қайта сүйіп, тамбурға кіріп көрінбей кетті, сонан кейін мен оның терезеден купеге қалай жайғасқанын көрдім, ол енді бізді мүлде ұмытып, басқа бір әлемге кіріп кетіпті, қолдарымызды қалтаға сап қарап тұрған біз, бейне бір, ешкіммен ісі жоқ сол өмірге телміріп қарап тұрғандаймыз, бірақ кенет ол есін жиып алғандай терезені қағып, сонан кейін картинаны іліп жатты; біреу көмектесіп жіберді де, өте бір риза кейіппен терезеден басын шығарды; осы тұрғандардың ішіндегі асығыс біреу оған журнал мен Таухницті (ағылшынша ол тек пойызда ғана оқитын) берді, бәрі де артқа жылжып қалып бара жатты, уысымдағы билет мыж-тыж боп танымастай умаждалып қалыпты да басым шыңылдап бара жатты. Неге екенін құдайым білсін, жадымның музыкалық жәшігінен өткен ғасырдың романсы қалқып шықты (жұрттың айтуытша, Париждегі махаббат драмасымен байланысты), ол романсты жүзі шіркеу балауызындай сап-сары, маған алыстан туыс боп қосылатын, ажарсыз, бірақ дауысы сондай қуатты, шырқаған кезде шұғылалы бұлттай боп шыға келетін кәрі қыз айтатын-ды:

On dit gue tu te mazies,

Tu sacs gue j'en vas mouziz'

'Сені үйленеді дейді, бұл сөз мені өлтіреді. (Ағыл.)

Тәж бен тақсірет арасындағы уақыттан пайда болған қасіретті осы бір әуен де, өзінің жан дүниесінің азапты шерін төккен дауыс та көп уақытқа дейін менің жанымды астан-кестен етіп кеткен, бірақ ол сонан кейін де тына қалмай, біраз уақыт өткеннен кейін, бейне бір, біртіндеп әлсіреп, жағаны тек шылп-шылп соғатын ұсақ толқындар сияқты, немесе қоңырау соғушы өзінің отбасының ортасында күліп-ойнап отырғанда да әлі шыңылы басылмаған үн сияқты қайтадан пайда болатын. Бірер жылдан кейін мен тағы да Парижде болып, қонақ үйдің басқышының мүйісінде өзіме керек бір актермен кездесіп тұрған кезімде, мен онымен тағы кездесіп қалдым; қолына кілтін ұстап төмен түсіп бара жатыр екен. "Фердинанд фехтованияға кетті", — деді ол менің жүзіме тіке қарамай жайбарақат қалыппен, бірақ сол екі арада оның әлденені шұғыл ойлай қойғанын байқап қалдым (оның тез еліктегіштігі қатты жетілген еді), ол кілт бұрылды да, жіп-жіңішке сирақтарымен әсем адымдап, түкті кілемше үстімен мені алып бара жатты, оның нөмірінің есігінің алдындағы үстелде таңертеңгі тамақтың қалдықтары, ыдыс-аяқтар салынған поднос тұр екен, бірақ бөлмесі тап-тұйнақтай жинаулы екен де, есік ашылған кезде лап қойған желмен жанданып қоя берген перделер желп-желп етіп барып балконның есігіне барып қыстырылып қалды, тек біз сыртқы есікті жауып алғаннан кейін ғана олар қайтадан мүлгіген бұрынғы қалыптарына түсті; сәлден кейін мен сол балконға қарай жүрген кезімде адам аяғы сирек бұлыңғыр көшеден ылғалдың, бензиннің, күзгі жапырақтың иісі шығып тұр еді: бәрі де қарапайым қалыпта өтті, бір-бірімізге айтқан, ешқандай да романтикалық терминологияларға сай келмейтін, ризашылық пен күлкілеріміздің арасына басқа сөз қыстыру мүмкін болмады: Нинамен кездескен сайын тұла бойымды улап кететін дертті аяушылық сезімді әлі сезіне қоймағам-ды, қайта мүлде көңілді болдым (мүмкін, ол да көңілді болған болу керек), біз ол жерден шығып, оның жоғалтып алған шабаданын іздеп бір бюроға бардық, сонан кейін дәмханаға бас бұрдық, онда өзінің достарымен оның күйеуі отыр екен.

Мен әдептен аттап кетпес үшін француз тілінде жазатын, белгілі жазушы венгрдің аты-жөнін айтпай-ақ, оның бүге-шігесін қазбаламай-ақ қояйын. Бүгінде оның даңқы көмескі тартты, оған, сөз жоқ, қуаныштымын: өйткені оның әзәзіл арбауына қарсылық көрсететін жалғыз мен емес; оның кітабын қолыма алған кезде денесі түршігіп қоя беретін де жалғыз мен емес. Ол сияқты адамдар туралы айтылатын сөздер негізінде жиі айтылады да, көп ұзамай ауырлап, баяулап барып салқын тартады, ал тарих тек ондай жандар туралы эпитафия мен анекдоттарды ғана сақтайды. Мысқылшыл, өркөкірек, алақалжыңы аузынан түспейтін осы бір қылжақбас, әлденені аңдитын да тұратын египет көзді осы бір адам ұсақ-түйек сүтқоректенушілерге қатты әсер ететін. Ойдан шығару табиғатын бүге-шігесіне дейін меңгеріп алған ол жазушы атағынан гөрі құрастырушы атағын әлдеқайда жоғары қоятын; ал, мен болсам, кітапты ойдан шығару дегенді түсіне алмаймын; содан да мен оның жұртқа менсінбей қарайтын жанарынан түк те именбей, тура бетіне қарайтынмын, егер мен әдебиетші болсам, онда мен тек жүрегіме ғана қиялдауға мүмкіндік берер едім де, бәлкім, ақиқаттың кешкі ұзын көлеңкесіндей жадыма да ерік берер ем, бірақ еш уақта да жын-ойнақтардың ішінде ақылгөйсіп отырмас едім дедім.

Мен онымен кездескен кездерімде оның кітаптары жұртқа кеңінен танымал болатын; оның шығармаларын алғаш оқыған кезімде пайда болған мақтаныш сезімі бара-бара жеккөрініш сезімін туғызды. Ол кезде оның бейнелеп жазған терезелері арқылы бақты, немесе қалғып-мүлгіген ағаштарды көруге болады... бірақ жыл өткен сайын ол бейнелеулер соншалықты қоюланып кетті; енді сол бір аса бағалы шыны арқылы ештеңе көру мүмкін емес, егер ол шынының быт-шытын шығарсаң, онда сенің жаныңа тек қап-қараңғы, қаңыраған түн ғана құйылар еді! Бірақ ол өзінің әбден кемеліне келген сол бір тұста, шамына тиген жанның бетіне қалай у бүріккенін, арқасынан қалай таспа алғанын көрер едіңіз! Ол өзінің қара құйынды жүрістерінен кейін, соңында тып-тыныш айдын үстінде дауыл құлатқан ағаш пен иірім боп үйірілген күл ғана жататын, сол үйірілген күлді иірімде кешегі қарсыласы азапты аурудан ыңырсып шыр көбелек айналатын. Парижде оның "Passage a niveau" шығармасы күркіреп тұрған кезде ол жұрттың алақанында жүрді де, Нина (орамдылығы мен зеректігі білім кемістігін толтыратын) муза демей-ақ қояйын, күйеуін аспандатып көтеретін әйел рөліне кіріп еді;одан да гөрі қазып айтайық: оның бір кітабын жөндеп оқып шықпаса да жақын достарынан ол кітаптың жақсы жақтарын әбден қанығып ап оның ең қастерлі жолдарының қалтарыс-түкпірлеріне дейін білетін пайымды кеңесшісіне айналды. Біз дәмханаға кірген кезімізде әйелдер оркестрі ойнап отыр екен; қырлы колоннарға көмкерілген айнадан арфаның түйе құс сирағын көріп қалдым, сонан кейін бір-бірімен жалғастырылған үстелдердің ең басында Фердинанд жайғасыпты, қолдарын жайып жіберіп отырысы мен оған қадала қараған дастарқандастарының жүздері жексұрын карикатуралық кейіпті есіме түсірді... иә, иә, дәл солай, есіме түсірді мен ол кезде ештеңе ұға қойғам жоқ, ал ұққан кезімде салыстыруымның сұмпайылығына таңғалдым, өйткені ол салыстыруым, оның өнері сияқты сұмпайы болатын. Ол музыка ойнап отырғандарға қарап отырды; қоңыр түстес пиджактың астына биік тік жағалы ақ тоқыма свитер киіп алыпты; мұқият таралған шашының үстін темекінің түтіні қоршап алған, ол айнадан да ап-айқын көрініп тұр; сүйекті сирек кездесетін жүзі селт етпейді, тек көздері ғана олай-бұлай жүгіріп қанағат тоқтықты білдіргендей. Ол ашық ауыз оқырман іздейтін жерлерге жоламай, осы бір мұп-мұздай, бірақ сәл көңілсіздеу дәмхананы әдейі таңдап алған-ды: әрі шаршап-шалдыққан, әрі қысылып-қымтырылған, оның сөзімен айтқанда, үйлесім әлемінде артық боп саналатын томпайған омырауларын қайда қоярын білместен музыка тыңдап отырған әйелдер арқылы бұл дәмханада жұртты өзіне тартып тұратын-ды. Әр нөмір сайын дәмхана қожайыны мен басқа да отырғандардың алғашқы күдігін қоздыратын (маған солай боп көрінді), бірақ Фердинанд достарының көңілін көтеретін қолшапалақтау қояншығы басталады. Мұнда өзінің картиналарына өзінің тап-тақыр жалтыр басын талмастан сала беретін суретші, тәлім-тәрбиелі, жұртқа жалбарына қарап отыратын, бәтшағарлықпен шұғылданатын, бес шырпы арқылы күнәға батудың бүкіл тарихын көз алдына келтіріп бере алатын ақын: түрі әп-әдемі, ал саусақтары жезтырнақтың саусақтарындай қорқынышты өте атақты пианист, қандай ортаға түскенін біле алмай ал-дал боп отырған тікірейген шашты, трубкасын аузынан тастамайтын кеңес одағының жап-жас жазушысы жайғасқан; тағы да мұнда басымды мүлде шатастырып жіберген бірқатар мырзалар отырды, олардың екі-үшеуі, сөз жоқ, Нинамен көңілдес болған. Нина үстел басында отырған жалғыз-ақ әйел еді, ол еңкейіп түтікпен бокалдағы сұйықтықты бас көтермей сорып, түбіндегісі бұрқылдап көбіктене бастағанда ғана түтікті тілімен ысырып тастады, сол кезде ғана мен оның таңертең болған оқиғаны ұмытып кетіп, енді есіне түсірген көзіне қарадым; оның көзі менің көзіммен сыр бағысып таңырқай қарап күлімсіреді де, бұлай емес, басқаша күлімсіреу керек екені есіне түсіп абдырап-сасып қалды. Бұл кезде музыка аспаптарын ағаш жиһаздары сияқты ысырып тастаған әйелдер уақытша үзіліске шыққан кезде, Фердинанд жақын маңда отырған ақ сақалды, бір бейтаныс шалды қылжақ етіп отырды. Фердинанд қарттарға тән қылықтарды қызық көретін.

Мен Парижде көп болғам жоқ, бірақ үш күн ішінде қарым- қатынасымыз сондай көңілді болды. Бара-бара мен оған тіпті қажетті адам боп шықтым: менің фирмам фильм үшін оның бір фабуласын сатып алды, сонан кейін-ақ ол мені жеделхаттармен есімді шығарды. Осы он жыл ішінде біз бір-бірімізге "сен" деуге көштік. Бірақ ол отырған жерде отыру маған өте қиын еді, қазір де оның Фиальтеде жүргенінен мен бір түрлі қабаржып сала бердім; мені тек бір-ақ нәрсе көңілімді орнына түсірді: оның жаңа пьесасының масқара боп құлауы.

Үстіне су өтпейтін белбеулі пальто киген, иығына фотоаппарат асынған, алабажақ аяқ киімді, ай жарығы түстес ұзын кәмпит сорған ол, міне, бізге қарсы келе жатыр. Онымен бірге аяғын билете басқан, жүзі көзіне дейін алабұртып тұратын, жып-жылтыр қара шашты, нәзіктік атаулының бәріне жаны құмар, бірақ барып тұрған ақымақ, сәнқой Сегюр мырза келе жатты; ол бір мәселеде Фердинанд мырзаға керек болған болу керек (Нина кейде үзіліп кетердей боп наздана сөйлеген кезінде "Сегюр деген жан бар ғой" дейтін де, әрі қарай жалғастырмай қоятын). Олар келгеннен кейін, біз Фердинанд екеуміз бір-бірімізді күшіміз жеткенше қаттырақ қысып самбырлап сәлемдесіп жаттық; кілең осылай болатын: жай ғана ажырасып кеткеннен кейін емен-жарқын боп, ақтарылып-төгіліп сәлемдесіп жатамыз.

Сеггор маған ауа райын жамандап тұрды, оның қандай ауа райын жамандап тұрғанын алғашқыда ұқпай қалдым: Фиальтаның бүкіл болмыс-бітімін көрсететін көктемгі сұрғылт ауа райын айтып тұр ма, жоқ әлде адамдар арасындағы қарым-қатынас ауа райын айтып тұр ма. Әлі не сатып алуымыз белгісіз болса да әрі қарай жолымызды жалғастыра бердік. "Қандай тамаша үндіс", - деп қатты дауыстап айқайлап жіберген Фердинанд менің жеңімнен тартып, бүйірімнен ұрып жарнаманы көрсетті. Сәлден кейін ол мойнына алқа тартқан жергілікті бір кішкентай қызға кәмпитін сыйлады; біз оны күтіп аялдадық, ал ол болса жүрелеп отыра қап, басын салбыратып тұрған ол қыздың күйедей қап-қара кірпігіне қарап әлдене айтып жатты, сонан кейін ол, әдеттегідей, сөзін тұздықтап сөйлейтін әдетімен ерсілеу бір ескертуін айтып бізді қуып жетті. Сонан кейін оның көңілін сувенир сататын дүңгіршектегі дөрекі жасалынған бір зат аударды: астыңғы жағында қара туннелі бар қасиетті Георгий тауына ұқсас зат, ал оның қара туннелі сия сауыт боп шықты, ол темір жол сияқты созылған қос сызық қаламұш үшін жасалынған науа екен. Аузын ашып, қуаныштан жарылып кетердей болған ол, осы бір әбден шаң басқан, доғал, мүлде қолапайсыз затты әрі-бері аударыстырып қарап тұрды да, ешқандай саудаласпастан қанша сұраса сонша бере салды, әлі де сол риза болған қалыппен, әлгі құбыжығын көтеріп сыртқа шықты. Өзінің айналасын бүкірлер мен ергежейлілерге тапсырып қоюға құмар қатыгез патша секілді, ол мұндай сұмпайы заттарға өлердей құмар болатын, оның ол құмарлығы бес минөттен бірнеше күнге, немесе тіпті одан да көп уақытқа созылатын.

Нинаның тамақ жегісі кеп тұрғанын білдім де Фердинанд пен Сегюрдің почтамтқа кіріп кеткенін пайдаланып, оны алып кетпек болдым. Осы бір нәзік, жіңішке әйелге неге сонша құмар екенімді өзім де түсінбеймін (оған ындыны кеуіп, ықыласы ауып тұратын бір орыс ақыны ол туралы осылай деген болатын), екеумізді қайта-қайта кездестіре берген тағдырдың бізден не күтетінін одан сайын түсінбей, кейде әлекке түсетінім бар. Мен оны сол бір Париж кездесуінен кейін көп уақыт бойы көрген жоқ едім, бірде үйге кіріп келсем, ол отыр: әйеліммен бірге шай ішіп отырған ол, қолындағы неке жүзігі жалт-жұлт етіп арзанға сатып алған шұлықты қарап отыр екен. Бұдан біраз бұрын күзде оның жүзін модалар журналынан көрсеткен. Біраз бұрын Пасханың кезінде ол маған жұмыртқаның суреті салынған открытка жіберген. Бірде кездейсоқ бір тапсырмамен бейтаныс адамдарға баруыма тура келді де, киім ілгіштен (oл үйде қонақтар бар екен) оның тонын көрдім. Басқа бір сәтте ол маған күйеуінің кітабынан мынандай сөздер көрсетті:

"Оның келбеті, — деп жазыпты Фердинанд, — ұзақ уақыт қолмен салынған портреттен гөрі, табиғаттың бірден түсіріп алған суретіне көбірек ұқсайтын, содан болса керек, ол суретті ойына алып отырып, одан жекелей бір белгі-бедерлерін болмаса, ештеңе ұстап қала алмайсың: айқын бедерлі сүйекті жақтары, асыл тастай жалт-жұлт ойнаған тұңғиық қара көздері, кез келген уақытта ыстық сүйіске беріле кететін, жай кезде жайбарақат күлімсіреп тұратын ерні". Негізгі арналы ағысқа ешқандай әсер етпей-ақ, ол тағы, тағы да менің өмірімнің алқабында кенеттен көрініп қалып жүрді. Бірде менің отбасым саяжайға кетіп, ал мен болсам төсекте жатып ап жазу жазып жатқан ем, адамның мазасын кетірген жұма болатын (кілемдер қағып жатты), кенет ауыз бөлмеден оның даусын есіттім: әлдеқандай біреудің сандығын тастап кетуге кіріпті, ал менің жазуым жүрмей қалды, ал сандықты алып кетуге бірнеше айдан кейін, мен де мүшесі боп саналатын бір халықаралық одақта мүше боп саналатын әдеміше келген бір неміс келді. Кейде жалпы әңгіменің ішінде оның да аты аталып қалатын да, ол әлдеқандай біреудің айтып салған әңгімесінің басқыштарының бойымен, қайырылмастан, жүгіріп бара жататын. Бір пирней қалашығына барып оның достарының үйлерінде бір апта болғаным бар, ол да өзінің күйеуімен сонда қонақтықта болды, мен онда өткізген алғашқы күнімді еш уақта ұмытпаймын: ол маған қалай да келеді деген берік сеніммен оны күтумен жаттым, бірақ ол келген жоқ, аспанның түпсіз тұңғиығындағы ай жарығы астында шегірткелер естері кеткенше шырылдап жатқанын, бұлақтардың сылдырап аққанын тыңдап жатып, бір жағынан жолдан әбден шаршап, бір жағынан оның жасырынып қана келуін күткен мен бүкіл тұла бойымды жабайылық буып жаттым да қойдым, ақырында түн өтіп кетті де, ол келмеді, келесі күні бәріміз бірге жота басында серуендеп жүрген кезімізде, мен оны күткенімді айттым, ал ол өкініштен қолын қолына салып қап, шұғыл түрде әлдене айтып кетіп бара жатқан Фердинанд пен оның танысы естіп қалмас па екен дегендей олардың арқаларынан қарап қойды. Мен онымен жарты Еуропа арқылы, алғашқыда оның әупілдеген үнін танымай қап, күйеуінің шаруасымен оның телефон соққаны есімде: сондай-ақ оның түсіме енгені де есімде: үлкен қызым швейцар бір бақытсыздыққа душар боп қалды деп жүгіріп келіпті, мен не нәрсе екен деп төменге түссем, шығар есіктің дәл аузында, сандықтың үстінде әлденені басына сап, түрі боп-боз боп, орамалға қымтанып оранып алған Нина, құдайға да керегі болмай қалған вокзалдағы қайыршылар құсап қалың ұйқыда жатыр екен. Менін басымнан, немесе оның басынан не өтпесін, өйткені, сөз жоқ, оның да өзінің "күйініші мен сүйініші" (оның сөзінің мәтелі) болып тұрады ғой, бәрібір біз бір-бірімізден өміріміз жайлы тереңдеп сұрағанда, тағдырымыздың үзілістерінде бір-біріміз туралы ойлаған да емеспіз, сондықтан да біз кездескен кезде өмір шапшаңдығы кілт өзгеріске түсетін де, атомдар орындарын ауыстыратын, ондай сәтте біз әбден тығыздалған, айырылысумен емес, кездесумен өлшенетін, айрылысу мен кездесулерден құралған біздің өте келте, көңілді шақтарымыздан тұратын басқа өмірде сүретінбіз. Әрбір кездесу сайын көңілдегі күдік пен секем ұлғайып бара жататын; солай бола тұра, бұл жерде басқа айтатын нәрсе, онымен менің ішкі байланысым еш уақта үзіліп көрген емес, ешқандай қасірет алдымызды орап ойқастаған да емес; менің некелік өміріме ешқандай көлеңке түспеген болса, екінші жағынан Фердинанд та (табиғаты амалын тауып қарпып асайтын, қарым-қатынаста барып тұрған қояншық) әйеліне алаңдамауды жөн санайтын, бәлкім, әйелінің көпке созылмайтын байланыстарынан пайда да табатындай еді. Мен Нинаның өтірік пен сандырақтан тұратын өмірін қабылдай алмай дал болатынмын. Мен, сондай-ақ, әйеліммен көңілім жараса қоймаса да, аумалы-төкпелі өмірдің тыныш бір мүйісін таңдап, әйеліммен, қыздарыммен түскен суреттегідей жайлы өмір сүруді қаладым.

Фиальта кене және жаңа қаладан тұрады; бірақ екеуі бір-бірімен бытысып-шатысып қосылып кеткен еді де... енді, міне, олар сол бытысып-шатысқан тұстарды тарқату үшін бе, әлде бір- бірін ығыстырып тастау үшін бе, әйтеуір, олардың араларында бітіспес күрес жүріп жатты: жан-жағы пальма бақтарымен, кеңселердің фасадымен, теннис алаңдарындағы қызыл құммен күрессе, ал ол көне жағы жыландай ирелеңдеген көшелері мен басқышы опырылып түскен шіркеулермен күресті. Біз қонақ үйге бет алып бара жатып, әлі салынып бітпеген, іші қаңырап, қоқып жатқан ақ вилланың жанынан өттік, оның қабырғасында да аяқтарын алшайтып, томпиған тізелерін бүгіп орындықтарда отырған пілдің, салт атты әйелдің, тұла бойына жұлдыздар салынып тасталған, қол шатыр көтеріп алған сайқымазақтың арқан бойымен кетіп бара жатқанын салып қойыпты. Фиальтаның жоғары қабатында, төмендегіден гөрі, ұсақ дымқыл тастар қаттырақ сықырлап, теңіздің күрсінісі салғырт қана естіліп тұрды. Қонақ үйдің артқы ауласында қолына пышақ ұстап алған бозбала аспазшы қашқан тауықтың соңынан қалмастан қуып барады. Аяқ киім тазалайтын таныс кісі, бір тісі жоқ аузын аңқайта күліп өзінің алдында тұрған таққа отыруымды сұрады. Шынарлар астында неміс маркасы мотоциклетка, әлі де күймелік идеясын сақтап қалған көне, әрі лас лимузин, сары қоңыз сияқты машина тұр еді: "Біздікі, дәлірек айтсақ Сегюрдікі, — деді Нина, сонан кейін, — Васенька, сен бізбен бірге жүрсейші" — деп қосып қойды. Әрине, ол менің олармен бірге жүре алмайтынымды жақсы біледі. Өтіп бара жатқан біздің снаряд текті шамдардың біріндегі металға бір сәтке бейнеміз түсті, сонан кейін мен бірер адым басқаннан кейін, неге екені белгісіз, арт жағыма қарадым да, бір жарым сағаттан кейін болатын оқиғаны көрдім: бойларынан түрлі-түсті дүние түгел көрініп тұрған мөп-мөлдір елес сияқты олар маған жымия күліп қолдарын бұлғап автомобиль орындықтарына жайғасып жатты, енді, міне, олар орындарынан қозғалып кетті де алыстап бара жатты (Нинаның он саусағын тарбитып қоштасқаны): шындығына келсек, автомобиль жұмыртқадай боп жұтынған қалпында әлі орнында тұрған еді, ал Нина болса менімен бірге қонақ үй мейрамханасының шынылы верандасына кіріп бара жатты, ал терезеден біз (басқа бір жолмен) Фердинанд пен Сегюрдің жақындап келе жатқанын көрдік.

Верандада, таңертең тамақтанып отырған біз, жақында ғана мен көрген ағылшыннан басқа, ешкімді көрген жоқпыз: оның алдындағы үстел үстінде дастарқанға шеңберлі көлеңкесін түсірген алқызыл сусын құйылған үлкен стақан тұр. Мен оның тесірейе қадалған көзінен сол баяғы ашкөз құмарлық көрдім, бірақ ол құмарлықтың дәл қазір Нинаға ешқандай да қатысы жоқ еді, өйткені ол оған мүлде қарап отырған жоқ, оның тесірейген көзі, өзі жанында отырған терезенің жоғарғы бұрышына қадала қалыпты.

Кішкентай құп-құрғақ қолдарынан биялайын шешкен Нина, өмірінде ең соңғы рет, өзі айрықша жақсы көретін малюскаларды жеп отырды. Фердинанд та тамақтан бас көтерер емес, мен оның сол ашқарақтығын пайдаланып, әңгіме тізгінін өз қолыма алдым: жақында оның жолы болмағанын есіне салдым. Модаға айналған діни оянудың шағын бір кезеңінде оған бір рақымның шапағаты түскендей еді де, соңы айқай-шуға ұласқан күдікті бір құлшылық жасады, ол айқай-шу себеп-салдарын жабайы Мәскеуден көрді. Өнердегі шектен шығу деген саясаттағы метафизикалық байланыста деген тоғышар пікір ылғи да менің жынымды келтіретін. Егер кірпияз әдебиет саясатқа сәл ғана жолап кетсе, онда ол, әлі толық зерттелмеген доңыздық заңдылыққа айналатынын білетінмін. Шынын айтқанда, Фердинандтың жағдайында бұл заңдылық әлі әрекетке түсе қоймап еді: оның музасының бұлшық еттері әлі қуатты болатын (ол халықтардың әл-ауқатына пысқырып та қарамайтын), бірақ сол бір ешкім ұға қоймайтын шым-шытырық ою-өрнектерден оның өнері бұрынғыдан да сорақы, бұрынғыдан да өлеусіреп сөніп бара жатты. Ал пьесаға келер болсақ, одан ешкім ештеңе түсінген жоқ; мен оны көргем жоқ, бірақ ол суреттеген құбыжық түнді көз алдыма келтіре аламын, мен одан өзінің атына жазылған сындарды оқисың ба? — деп сұрадым.

— Сын! — деп айқайлап жіберді ол. — Жақсы сын! Кез келген сорлы біреу мораль оқиды. Рахмет. Менің кітаптарымды, құпия бір электр аппаратын ұстайтындай, қорқынышпен ұстайды. Оларды, ең маңыздысына мән бермей әр түрлі көзқараспен талдап жатыр. Жылқы туралы әңгіме айтпақ болған натуралист ер-тұрман, тоқым-тебінгі туралы, немесе M-me de v. (бұл жерде ол түрі тісін ақситып тұрған жылқыға ұқсас әдеби ортаға белгілі әдеби ханымды айтты) туралы сөйлеп кеткен секілді. Менің де көгілдір қанды ішкім келеді, — деді ол даяшыға сұқ саусағымен ағылшын алдында тұрған стақанды дөрекі түрде нұсқап көрсетіп, сол күркіреген даусын бір де бәсеңдетпестен; даяшы оның өтінішін бірден-ақ түсінді. Сегюр шынының суретін салғанды жақсы көретін бәріне ортақ таныс бір суретшінің атын атай қойып еді, әңгіме тіпті әулекі сөздерге ұласып кетті. Бұл кезде ағылшын орнынан шұғыл көтеріліп, орындық үстіне шықты, одан терезе алдындағы жалпақ тақтаға аяғын қойды да, өзінің алып денесін тіктеп терезенің үстіңгі бұрышына қонып отырған арка жағы сұрғылт түсті түнгі көбелекті қорапқа оп-оңай кіргізе қойды.

— Ол, Вуверманның боз аты сияқты, — деді Фердинанд Сегюрге әлдене туралы.

— Tu es tzus hippigue', — деді Oл көп ұзамай ол екеуі телефон соғуға кетті. Фердинанд қандай қашықтық болса да, шын ынта-ықыласымен телефон соғуды ұнататын.

Алыс бір тұстан үрлемелі аспап пен шекті цитраның үні шықты. Біз Нина екеуміз тағы да қыдыруға кеттік. Цирк өзінің жаушыларын шығарған болу керек: жарнама шеруі әбден күшіне мініп апты; бірақ біз оның бас жағына үлгермей қалдық, өйткені ол бүйірдегі көшеге бұрылып көрінбей кетті: әлдеқандай бір арбаның алтын түсті қанаты алыстап бара жатты, ақ шапанды бір кісі түйе жетектеп алған, терілері сүйектеріне жабысып қалған төрт үнділік таяқтарға байланған плакаттар көтерген, ал олардың соңынан бара жатқан кішкентай понидың үстіне кекілі жалбыраған, матроска киген бір бала отыр.

Біздің кофе сататын дүкен жанынан өтіп бара жатқанымыз есімде; даяшы (бәлкім, сипап исі көрген шығар) Фердинанд байқамай ұмытып кеткен, сондай дөрекі жасалынған жазу құралын тастанды баланы қарағандай қарап тұрды, тағы бір көрініс есімде: бізге көне тас басқыш қатты ұнайтын, онымен жоғары шығып бара жатып, тар юбкасын көтеріп тық-тық тиген аяқ басысынан көз алар емеспін; одан өзіме етене таныс жылылық сезінем, онымен бірге көтеріліп келе жатып осының алдындағы кездесуді ойша көріп келемін, Париждің бір үйіндегі көп жұрт жиналған қадірлі бір кеште, менің сүйікті досым JuLes Dazboux маған бір эстетикалық қызмет көрсеткісі келіп, жеңімнен тартып: "Мен сені біреумен таныстырдым..." — деді де, мені аяғының астына басып, өкшесінің жанына күлсалғыш қойып диванда отырған Нинаға алып барды, Нина аузына қыстырған ұзын мүштекті жұлып ап, қуанғаннан: "Жоқ!" деп айқайлап жіберді, менің сол кеште жүрегім жарылып кетердей болып жүрді де өзімнің жыбысқы стақанымды көтеріп ап оның сыртынан сонадай жерден қайта-қайта қарап, бір топтан екінші топқа қыдырыстап жүрдім (ол маған назарын салған да жоқ,), әңгімелер тыңдадым, біреуге сөз айтып жатқан бір мырзаға құлақ тостым: "Әне бір сары шашты әйелден күйік иісі шығатын әтір аңқитыны күлкілі", — деді.

Біз басқышпен көтеріліп беті қотырланып қалған алаңқайға шықтық: бұл жерден бауырына сүйектей аппақ секпіл жинаған (деревня болуы керек) күл түстес көгілдір қасиетті Георгий тауы көрініп тұрды; таудың етегін орап айналып бара жатқан, бірақ өзі сен бүгін таңертең жылқы мінезденіп алдың. (Франц.) көрінбейтін пойыздың түтіні көрінді де, бірден көзден ғайып болды; одан төменірек жерде акварель қылқаламынан аумайтын жалғыз кипарис көзге түсті, оң жақта әжімденіп жатқан сұрғылт теңіз көрінеді. Аяғымыздың дәл астында тот басқан кілт жатыр, алаңқай тірелетін жартылай бұзылып қалған үйдің қабырғасында үзілген бір сым шошайып көрінеді... Мен бұл үйде бір кезде адамдар өмір сүрді, отбасы жиналып салқын саяда рақаттанып, еркетотай балалар шам жарығымен суреттер қарап отырды-ау деп ойладым. Біз әлдене тыңдап тұрғандай үнсізбіз; жоғарыда тұрған Нина менің иығыма қолын салып сонан кейін жымиып, өте бір сақтықпен мені сүйіп алды. Мен осы бір, осы бір сәтте әрең шыдап тұрдым (әлде қазір солай көрініп тұр ма), өйткені біздің арамыздағы қарым-қатынас дәл осындай сүйістен басталған еді; дүниені айналып өзінің ортасына оралған жиһангер теңізші құсап, мен де шабытпен көп мағынамен айтылатын "сен" деген сөзден жеке қалғанда айтылатын арзанқол "сіз" деген сөзге ауыстым: "- Егер сен сізді сүйсем не болар еді?", Нина маған қарады, мен тағы қайталап, ол сөзге тағы бір нәрсе қосқым келді... Бірақ оның жүзінен жарқанат секілді бір түрлі тыжырынған әлдене білінгендей болды, сонан кейін ол дөрекі бір сөзді қолақпандай етіп қойып қап, оған өзі қысылып қалды, мен де қатты ыңғайсыздандым. "Мен қалжыңдадым, қалжыңдадым", — дедім асығыс-үсігіс, оны омырау тұсынан құшақтап тұрып. Ол қолына қай жерден алғаны белгісіз, әр текті, әр түсті бір бума гүл ұстап алыпты, қонақ үйге қайтар алдында бір-бірімізге қарап, біраз тұрып қалдық, әлі де сол бір баяғы қалпында, үміт шырағы көрінер емес. Біз жанында тұрған тас, дене сияқты жып-жылы екен, кенет мен, өзім көре тұрып, бірақ түсінбеген нәрселерді енді түсіне бастағандай болдым, неге мана күміс түстес қағаз жарқ-жұрқ ете түсті, шамға шағылысқан стақан сәулесі неге сонша дірілдеді, теңіз беті сонша неге құбылып жатты: Фиальтаның ашық аспаны күн нұрымен жыли бастады, енді мүлде ақ сәулеге көмкеріліп алыпты, ол ақ сәуле ұлғая-ұлғая кеңіп, бәрін жұтып, бәрін бауырына басып алғандай, ол кезде Миланның вокзалында шынарлар арасында тұрған мен қолымдағы газеттен Фиальтадан шыға берісте сары автомобильдің ағызып келе жатып, көшпелі цирктің фургонына соғылып апатқа ұшырағанын оқыдым: барып тұрған нағыз су жұқпас алаяқтар, тағдырдың толайым кесірткелері бақыттың арамшөп көк тікендері Фердинанд пен оның танысы жеңіл ғана жарақат алған да, ал олардың соңынан ғұмыр бойы еріп, соларға еліктеп өткен Нина ажалды жан болып шыққан.

Париж, 1938 жыл.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз