Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Ұры орнында қалды...

— Менің асыл ардақтым, мен сені бүгін қақаған қыс күнінде-ақ көкпеңбек қиярға, Кавказдың қант татыған, мүнәйімдікі мақтадай мандариніне тойғызғалы отырмын. Не дейсің? Болады, болады. Сен үшін болмасты болдыру менің құрметті борышым емес пе! Бәрі қолдағы нәрсе ғой, қазір-ақ әзірлеймін. Мені күт, күнім,— деп, сөзін аяқтады Петр Иванович, өзінің көз жасысының біріне телефонмен. Ол осы сұлудың иығынан төгілген қолаң шаштай әдемі сөздерді бипаздап айтып жатқанда «Алатау» ресторанының директорының орынбасары Карпов базадан жаңа әкеткен жас киер мен Кавказ мандаринін қоймаға жана түсіріп болып еді.

Петр Иванович аздан кейін өзіне ресторанның өндіріс меңгерушісі Степан Николаевич Васевті шақырып алды да, қысқа-қысқа бұйрық берді:

— Бес килограмм қияр, бес килограмм мандарин салып маған қазір әкеліп бер, түсіндің бе?— деп шұғыл бұрылды. Аспаз «түсіндім» деп шолақ қайтарды да, кетіп қалды. Ол ас үйге келген соң өзінің жәрдемшісі Жәмила Жарқановаға:

— Карповтан алған азық-түліктің бәрін граманжаға мықтап жауып қой, біреуге бір түйір татырушы болма,— деп қатты тапсырып кетіп қалды.

Петр Иванович Степан Николаевич Васевті ұзақ күтті. Түс ауып кетті. Кететін, уәделі уақыты болып қалды. Тыпыршып бір отырды, бір тұрды. Күн еңкейіп кетіп, Васев жуғарақпанда келе қоймаған соң ас үйге өзі баруға бел байлады.

Ac үйге Петр Иванович қабағы қатулы кірді. Әшейінде де көп ашыла бермейтін қабақ күздің түсі суық сүр бұлтыңдай түнеріп кетіпті.

— Жәмила, Васев қайда?

— Үйіне кетті.

— Ол қияр, мандарин туралы саған ештеме айтты ма?

— Айтты,— деді Жәмила. Петр Ивановичтің түсі жылып барып, қайтадан қатуланып алды. Бәрін бүлдіріп тұрған мына шүйке бас екен ғой дегендей, Жәмилаға қатал келді.

— Онда неге істемейсің?

— Айтқанының бәрін істедім, Петр Иванович!

— Қайда олары?

— Граманжаға тығып қойдым,— деді Жәмила. Петр Иванович жаңа бірдеме түсінгендей ежіктей жөнелді:

— Не деді ол?

— Карпов әкелген қияр мен мандаринді граманжаға тастай етіп бекітіп қой, біреуге бір түйір татырма деді.

— Не, не? Маған ше? Маған да берме деді ме!?

— Иә,— деп қысқа қайырды Жәмила.

— Жарайды онда, қалай жабуды көрсетейін мен оған. Өзін жапқызып қояйын,— деп Петр Иванович Будаев зіркілдей жөнелді. Аяқ астынан Петр Иванович бұлай қауға тиген ерттей тұтайды деп Жәмила ойламап еді. Кім біледі, аспаздың көмекшісіне күшін бас бухгалтер бір көрсетейін деген болар. Петр Иванович тұрмады, тарс-тарс басып цемент еденді тепкілеп бара жатты. Бірақ пәлен жылғы қатып қалған цемент еден бас бухгалтеріңді пішту құрлы кермеді. Сендей екі бухгалтер ойнақтасаң да мейілің дегендей, бедірейіп жатып алды.

Бірақ бухгалтер жігіттік жасады, сөзінде тұрды. Ертеңіне Васев ресторан директоры Боранбаевқа шұғыл шақырылды. Қабағы қатып, көзі шалмаған директор Васев келісімен есікті іштен мықтап кілттеді. Сөйтіп бухгалтердің айтқанын бірден істемеген қыңыр аспазды тәртіпке салуды шұғыл қолға алды. Васев отырып үлгірмей жатып сөз бастаған Боранбаев бұйра шашы дудырап,. түкірігі шашырап, жаман сөйлемегенімен әбден ығыр болған қалбайдай бақырды:

— Бухгалтермен келісе алмағаның дұрыс болмаған. Сезге тұрмайтын нәрсені сөз қылғыздың. Бухгалтер калькуляторға айтып қойса, сенін мойныңнан жұдырықтай қияр түгіл, сере қазы шыққан қарагерді де түсіре салады. Қаржы қожасы бухгалтер екенін неге ғана білмейсің.— Директор аузын сүртіп, графиннен су құйып, тостағанның түбін жалт еткізді. Қатты шөлдеп қалыпты. Ол күш жинап алып, енді ақыруын қойып, мәймеңкелей жөнелді. Және бағанадан бергі анайы «сенді», сыпайы «сізге» теп-тез, лезде айырбастай салды.— Қаржы қожасы бухгалтер екенін білуіңіз керек емес пе?— Директор бұл сөздерді әдейі қайталап, салмақ сала айтты. Шамасы Васевті біржола бас көтермейтін жасап алайын деген болса керек.— Жиырма жыл істегенде сіз осы жағдайды қалай сезбегенсіз. Сіз жақсы аспазсыз, сондықтан да мен сізді ондай күнәден пәк бол деп кеңес берер едім. Сарымақтай азулы бухгалтердің аузына түсіп қалған екенсіз, енді өзіңіз арызыңызды жазып, аспаздықтан аулақ болыңыз!

Васев ойланып қалды. Мәселені Борақбаев дәл осылай шеше салады деп ойлап па, ол. Аспаз «бұл қалай?» дегендей тұрып барып, есікті ашқызып шығып кетті. Шығып бара жатып:

— Олай болмас,— деді аспаз.

— Солай болар!— деп тепсінді директор.

Тексеру тұтқиылдан басталып көп кетті дерсіз. Терең тексеріп, жіті үңіліп Петр Иванович Степан Николаевичтің мойнына бір-ақ күнде екі мың сомды салаң еткізіп сала салды. Бұйрық та табанда шығарылып, әй-шәйға қаратпай жүзеге асырылды. Алматыдағы бармағынан бал таматын дейтін бес-алты аспаздың бірі — Васев орнынан алынып, ісі заң орнына берілсін деген бұйрық жария болды. Қай сағатта әкетер екен деп, есік қоңырауы шырылдаса болды, Васев киімін киіп, буынып-түйініп дайын отырды...

Васев үйінде бір күн отырды, екі күн отырды, бес күн отырды. Арада он шақты күн өткенде үйден шығып істің жайын білді. Тексеру Петр Ивановичтің жасағанымен бітпепті. Ол алдымен апта жүрді, одан ай жерді, аяғы жылға созылды. Бұл іспен бірнеше бақылаушы, тресттегі тексерушілер тегіс айналысты. Екі прокурор, екі сот, төрт тексеруші қосылды. Алдымен он екі мың сом екі мыңға бір түсіп, одан тексеруге шыққан шығын елу мың сомға жеткенде барып түйедей деген қылмыс түймедей болып, одан екі сом 13 тиын қалды. «Васевтің мемлекетке істеген ешқандай зияны жоқ, тек қызмет жүзінде жіберген кемшілігі бар, келушілерге екі рет екі котлет күйіңкіреп пісіріліп беріліпті»,— деген қорытынды шықты. Екі котлеттің күйіңкіреп кеткенін де қоңырсытып Петр Иванович тауып беріпті. Екі рет сот болып, пәлен адамды топырлатып, ақыры одан да ештеме шықпады. Сонымен Петр Иванович Будаев алмақ болған екі килограмм қияр мемлекеттің елу мың сомын шығарып барып тынды.

Васевтің тайдырылуы Боранбаев пен Будаевтың негізгі арманы еді. Алматыдағы үлкен ресторанды аспазсыз қалдыруға бола ма, сол күні-ақ сөзі жылмаң, қолы сумаң Грицай деген шақырылып, граманжаның кілтін қолына алды. Сол сәтте-ақ Петр Иванович Будаев бір тор қысқы қияр мен мандаринді салып алып әлде көз жақсысына кетіп бара жатты...

Грицайдың «Алатауға» келуі Боранбаевтың да, Будаевтың да көңілінен шықты. Бұлар ұйымдасып ұрлық істей бастады. Бұлардың кәдімгі ұрылардан айырмасы көп, олар құдайекеңнің түнінің қараңғы болғанын, көлденең көз болмағанын іздеп жатпайды. Бұлар көзіңді бадырайтып отырып-ақ, тапа-тал түсте тонап алады. Мысалы, меню жасаудың тәсілін табады. Боранбаев, Будаев, Грицай үшеуі бірігіп алғалы «Алатау» ресторанындағы тамақтың кенеуі де, дәмі де кетті. Төменгі сортты жоғарыға, жоғары аспанға сататын да осылар. Олар кеңірдек кесіп салынған кеспе береді, қабақты сабаққа, сабақты қабаққа орап әкеледі. Оны көріп отырып Боранбаев пен Будаев кеңк-кеңк күледі. Күлмегенде ше? Әздерінің есебі түгел.

Таңертең Боранбаев Грицайды шақырады. Бастық алдында он бүктеліп тұратын ол емес, кердең-кердең басады. Өйткені өтіп кеткені, өткізіп жібергені бар...

— Жай қалай?— деді директор.

— Дырдай,— дейді аспаз,— 300 сыбаға әрқайсысы үш сомнан. Үшінші сортты еттен жасалған. Тұзбен тұздықтап, бұрышпен булап, майын жалтыратып, пиязын қалтыратып, нанын бықпырта салып бірінші сортқа ұсынамыз. Мұндай мантыдан екі жүз сыбаға сатқанда екі жүз қырық сом қалтада қалады. Маргаринді май деп жағып, шелпек ұсынамыз. Күн болса ыстық, окрошкадан өкіртіп тағы аламыз.

— Не шығады, сонда? Тиынын тиын, сомын сом етіп есептеп айтшы,— деп директор бәрін жөнге салып жіберетін бухгалтеріне қарайды. «Сақау баланың тілін шешесі біледі,» дегендей бастығының тілін бухгалтер қалт жібермей біледі. Будаев есепшоттың тастарын қағып-қағып жіберіп:

— Мың бес жүз,— дейді. Директор:

— Мың бес жүз, мың бес жүз, ал қашан екі мың бес жүз болады. Қара теңіз жағалауына жылжитын кез болды. Ал сендер мына қалыптарыңмен...— деп ашуланады. Ол аяғын айта алмай ашуға булығып қалады.— Өздеріңнің де барғыларың келмей ме? А?

— О, Боранбай Боранбаевич, бір жарым бір жарым-ау, егер күнше күркіреп инспектор Қанбай келсе күніміз не болады?

— Кім? Қақбай! Ол да теңіз жанды өзіміз сияқты адам.

Берекеңнің бұйрығы орындалды. Меню жасалды. Айналдырған бір айдың ішінде «Алатау» ресторанының асүйі бағаны арттыру есебінен он алты мың сомды тұтынушылардан сығып алды. Он үш сомның тамағы артылып ас үйде жатты. Тұтынушыларға сор болып жабысқан Грицай қулығы Боранбаев пен Будаевқа май болып байланды. Тағамның кенеуі қырық сегіз процент болды. Тұзды молырақ салып, бұрытты көбірек сеуіп, сіркені саулата құйып жұртқа тамақты беріп жатты...

Асқынып барып ұрлық ашылып қалды. Бірақ терең тексерістен кейін 14023 сом 16 тиын аспаздың мойнына іліне кетті, Будаев бұған ортақ болды. Бірақ пәлекетті бастаған қара тана — Борақбай Боранбаевич тағамды екі есе бағасына сатқызғаны үшін, Алматы жұртшылығын кенеуі кеткен тағаммен кептіргені үшін, сөйтіп қаржы айналымын артық орындағаны үшін орнында қалды. Трестен «орнынан алу керек еді, жоспарды жосылтып орындағаны ескеріліп...» деген сүйей салды бұйрық келді. Сонымен айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып шыға берді. Ал жұмыссыз жүрген кінәсіз Васев әлі ешкімнің есіне келген жоқ. Ал ұрлықты ұйымдастырушы бас ұры орнында қалды. Үмітсіз сайтан болсын! Оның әлі де ойында әр нәрсе бар көрінеді... Ал Петр Иванович асыл ардақтысына торкөздің арғы жағынан хабарласып жатпаса неғылсын...

1957.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...