Өлең-жыр байқауы

«Процент» деген сөзді екі рет ауыстырдық - ғалым

Профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдерді аударудың негізгі мәселелерін көтерді.

Ғалымның айтуынша, терминдерді ұсыну мен бекіту, сондай-ақ, олардың қолданысын орнықтыру жұмысында жүйелілік пен бірізділік әлі күнге жетіспейді. Мәселен, 90-жылдары орыс тілінен енген терминдер қазақ тіліне аударыла бастады. Сол кезде терминологиялық қорымыз біршама артты. Бірақ бертін келе біраз терминдерді қайтадан ауыстыра бастадық.

«Мәселен, «аукционды» кеңес заманында «аукцион» деп келдік. 90-жылдары оның баламасы ретінде «бәссауда» деген термин қолданысқа енді. 2009 жылы оны мемлекеттік терминология комиссиясы бекітті. 2014 жылы қайтадан «аукционға» ауыстырдық. «Гимн» де солай. 1992 жылы ресми «Әнұран» деп бекітілді. 2014 жылы қайтадан гимнге ауыстырдық. Музей 1998 жылы «мұражай» болып еді. 2014 жылы қайтадан «музей» қалпына келді. «Принцип» деген сөз «қағидат» еді, одан кейін қайтадан «принципке» ауыстық. «Процентті» 2000 жылы «пайыз» деп бекіттік, ал 2018 жылы тағы «процентке» ауыстырып қойдық» , - деді Ш.Құрманбайұлы ҚР Парламент Мәжілісінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда. 

Оның сөзіне қарағанда, 20 жылдың ішінде бес рет бекітілген терминдер аз емес. Олай жалғаса берсе, терминдердің орнығу мәселесі қиындай түседі.

«Егер терминком осы саладағы практик мамандар терминдерді әр бес жыл, он жыл сайын өзгертіп бекітетін болса, біз мамандардың, аудармашылардың, қазақ тілін тұтынушылардың басын қатырып, бір терминді орнықтыруға еш мүмкіндік бермейміз. Күнде-күнде өзгеріп жатқан терминнің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенінен адам шатаса бастайды. Сондықтан бір терминді бекіткенде жақсылап ойланып, ақылдасып алған жөн. Содан кейін ол терминнің қолданысын қамтамасыз етсек, сонда ғана термин орнығады. Ал әрбір бес жыл сайын өзгерткен терминмен ұятқа қаламыз. Осыны қатаң ескеруіміз керек», - деп атап көрсетті Ш.Құрманбайұлы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз