Сенатор Қазақстандағы ЖОО-лардың білім сапасын сынады

Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы жоғары білім саласындағы өзекті мәселелерді атады.

«Қазір елімізде 128 жоғары оқу орны бар, олардың 82-сі университет мәртебесіне ие болып отыр.  Дамыған Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде 320 мың адамға бір жоғары оқу орынынан келетін болса, бізде 141 мың адамға бір ЖОО-дан келеді», - деді депутат.

Оның пайымынша, ЖОО саны жөнінен еліміз дүниежүзі бойынша алдыңғы орынға шыққанымен, алайда беріліп жатқан білім сапасы көңіл көншітпейді.

«Біріншіден, коммерциялық оқу орындарының көпшілігі сапалы білім бере алмай, тек қаржы жинау құралына айналып отырғаны шындық. Былтырдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуден 50 балдан төмен алған көптеген талапкерлер жыл бойы үш реттен тест тапсырып, оқуын жалғастыра беретін болды. Бұл талапкерлер негізінен 11 жыл бойы мектепте нашар білім алғандар, олар ертең қандай мұғалім, дәрігер, инженер болмақ? Демек, ЖОО-лардың көпшілігі сапалы білімге емес, тек диплом беруге машықтанып алған», - деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар сенатор аумақтық деңгейдегі сұранысқа мән берілмей кадрлар дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуіне сүйенсек, қазіргі таңда жұмыс беру нарығында небәрі 30 пайыз жоғары білімді маман керек болса, қалған 70 пайыз жұмыс орындарына колледж бітіргендер қажет екен.

«Көші-қон комитетінің мәліметіне қарағанда, соңғы 7 жылдың ішінде елімізге көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 6 млн еңбек мигранты келіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында жұмыс істеп, осы бос орындарды толтырған. Біз жыл сайын мемлекет және ата-аналардың қаражаты есебінен қазіргі нарыққа қажет емес он мыңдаған жоғары білімді мамандарды даярлап, жұмыссыздар санын қолдан көбейтіп отырмыз. Жылына бітіріп жатқан осыншама жоғары білімді дипломы бар мамандар экономикамызға қажет пе? Бұл мәселені қалай реттейміз?», - деді М. Бақтиярұлы.

Сонымен қатар ол отандық ЖОО-ларда қызмет ететін оқытушылар мен профессорлардың еңбекақысы төмен екенін атап өтті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...