Ханша мен баласы

Бар екен де жок екен, аш екен де тоқ екен. Ілгері заманда бір патша болыпты. Оның он екі жасар баласы мектепте оқып жүріпті. Осылай болып жүргенде, бір күндері болғанда патшаның бір биесі бес-алты күн жоғалып кетіп, оны жылқышы іздеп жүргенде ол бие бір көлдің жағасынан табылыпты.

         Ол биеге жылқышы жақынырақ барса, қасында бір жылқы тұрған екен, жылқышыны көріп, ол жылқы суға түсіп кетіпті. Жылқышы биесін жылқысына қосып қойып, балаға келіп болған нәрселерді осылай да, осылай деп айтыпты. Осылай болып жүріп, бір жыл болғаннан кейін жаңағы бие туыпты. Бие туған заман бала құлынын үйіне алып келдіріп, өз қолында тәрбиелей бастайды.

         Бір күні патша аңға шығып, аңнан үш-төрт күн кешігіп қалыпты. Патшаның қатынының ашынасы бар екен. Патшаның аңға кетіп қалғанын біліп, патшаның қатынына келеді. Келіп патшаның қатынына айтады:

         — Сен патшаны өлтір, сонан кейін мен аламын, – дейді. Қатын:

         — Мен патшаны қалай қылып өлтіремін? – дейді. Ашынасы айтыпты:

         — Әуелі сен баланды өлтіре алсаң, кейін патшаны өлтіруің қиын емес, – депті. Қатын айтады:

         — Баламды қалай өлтіремін?

         Ашынасы былай дейді:

         — Сен ас қылып, ішіне у салып балаң келгенде берерсің, соны жеп балаң өліп қалады, – дейді.— Онан соң патшаны тезірек өлтірерсің, – депті. Ертеңінде баланың анасы баласына ішіне у салып ауқат қылып қояды. Бала молдасынан қайтып келіп, атының алдына кірсе, аты қайғылы болып тұрғанын көреді. Бала:

         — Ей, жануар, неге қайғырасың? – дегенде құдайдың құдіретімен тіл бітіп, аты айтады:

         — Мен сенің өлетініңе қайғыланып тұрмын, – дейді. Бала:       «Қандай?» – дегенде, ат айтады:

         — Сенің анаң ашынасының сені өлтір деген тілін алып, сені өлтірмек үшін ауқат қылып қойды. Егер соны жесең, сен өлесің, – дейді. Бала қапа болып үйіне барады. Шешесі баласын көріп, үстіне түсіп: «Кел, қарағым, сен келгенше саған ауқат қылып қойып едім, жей ғой!» – дейді.

         Бала шешесінің қолындағы асты ала салып: «Апа, далаға апарып жеймін» – деп далаға шығып бара жатып қолынан түсіріп жіберіпті де, араз болып, көшеден ауқат жеп, қайтадан молдасына кетеді. Ертеңіне ашынасы келіп «не қылдың» дегенде, қатын баланың араз болып, ауқатын төгіп кеткенін айтады.

         Ашынасы былай депті:

         — Ендеше, ертең келгенде қаттама қылып бергін, оны төге алмайды, – депті. Баланың шешесі ертеңіне қаттама қылып даярлап қояды. Бала молдасынан қайтып келе жатып атының алдына кірсе, аты тағы басын төмен салып тұр екен. Бала мұны көріп:

         — Ей, жануар, неге бүгін тағы қапа болып тұрсың? – дегенде, аты балаға жауап береді:

         — Ей, сен білмейсің, шешең саған қаттама қылып қойды. Егер соны жесең өлесің, – дейді.

         Бала үйіне келген соң, шешесі:

         — Кел, қарағым, саған май салып қаттама қылып қойдым, – деп балаға қаттаманы алып береді. Бала шешесінің қолынан қаттаманы алып, итті шақырып итке тастағанда, итті жеген заман өлтіріпті. Бала тағы шешесімен араз болып, молдасына кетіп қалады.

         Үш күн өткізіп ашынасы келіп «не қылдың» дегенде, тағы баланың істеп кеткен нәрселерін түсіндіріп айтады. Ашынасы мұны естіп айтады:

         — Сен әуелі балаңның бағып жүрген атын өлтір. Балаңа ақыл беріп жүрген сол ат, – дейді.

         — Қалай қылып өлтіремін, балам өлтіргізбейді, – дегенде оған ашынасы айтады.

         — Байың келгенде сен кесел бол. Мен қатын тәуіп болып тұрамын. Сонда патшаға мені айтасың, – депті.

         Қатын патшаның аңнан қайтып келеді деген хабарын естіп, сол күні кесел болып қалады. Ойбайлап төрден есікке, есіктен төрге аунайды. Патша аңнан келіп кірсе, қатыны қиналып жатқанын көріп, патша сасып:

         — Ойбай, қатын, енді не қыламыз? – дегенде, қатыны айтады: — Пәлен жерде қатын тәуіп бар, соны алдыр, – дейді. Патша тездетіп адам жіберіп, қатынның ашынасын алдырады. Ол қатынның тамырын ұстап көріп:

         — Ей, патша, бұл қатынның кеселі жаман, бұдан жазылу қиын, – дейді. Патша:

         — Айналайын, қалай болса да осы қатынды жазып бер, – дейді. Тәуіп:

         — Қатының жазылады, егер тұлпардың етін жесе, – депті.       Патша айтады: «Қайдан табамыз?» – деп сұрайды. Тәуіп:

         — Мына бағып жатқан балаңның аты тұлпар, – депті. Патша баласын шақыртыпты. Әкесі шақырған соң бала келе жатып, атына келеді. Келсе, аты қабағын жерге салып тұр екен. Бала: «Ей, жануар, неге қапалысың?» – десе:

         — Ілгері сенің өлуіңе қапа болсам, енді өзімнің өлуіме қапамын, – депті.— Енді сен атаңның алдына бар. Атаңның сөзін қайтарма. Мені сояр кезде үш рет шыңғырамын: бірінші – жібімді шешіп далаға шығарған кезде, екінші – жығып аяғымды байлаған кезде, үшінші – соймақ болып пышақ таяп тұрған кезде. Егер сонда жетсең жеттің, жетпесең мен де, сен де өлгенің, – депті. Бала айланып атасына келеді. Атасы баласына айтады:

         — Балам, шешең кесел болып қалыпты. Мына тәуіп тұлпардың еті дәрі дейді. Сенің мына бағып жатқан атың тұлпар дейді. Соны сойып берейік, соны сен қалай көресің? – дейді.

         Бала айтады:

         — Қандай етейін, шешемнен артық болыпты дейсіз бе? Сойсаңыз соярсыз, – деп, бала молдасына қайтып кетеді. Патша атты соймақшы болып, атты шешіп алғанда ат шыңғырады. Және алып келіп жыққанда бір шыңғырады. Бала мұны есітіп, әдеппен молдасынан сұрап далаға шығады да, қашып береді. Бала келіп жеткенде және шыңғырады. Енді сояйын деп тұрғанда бала жетіп келіп:

         — Е, ата, мен осы атты туғаннан бері бағып-қағып бір мінбей кетіп барамын. Мұны мен бір мінбеппін. Бұл да, мен де арманда болып қалмайық, – депті. Атасы баласының бұл сөзін қабыл алып, балаға және атқа керекті болған аспаптарын даяр қылып береді. Бала атты мініп бір қорғанды айналдырып шауып келіп айтады:

         — Ата, кімге ұқсаймын? Атасы:

         — Атаңа ұқсайсың, – депті. Және айналып шауып келіп айтады:

         — Ата, кімге ұқсаймын?

         — Перизатқа ұқсайсың, – деп жауап береді. Бала:

         — Қайыр, қош, көргенше аман-есен болып тұрыңыз! – деп атына қамшы ұрғанда, аты бір айлық жолға әкеліп қояды. Сол жерде бір қойшының киімін жаңа киіміне айырбастап алып, өзінде болған аспап-құрал, киім-кешектерін аттың үстіне таңып, аттың қылынан түтеткіні алады да, атты қоя береді. Өзі қойшының киімін киіп алып, сол жердегі болған қалаға жөнеледі.

         Баланы көріп шаһар қақпасының есігінде тұрған қарауылы ұстайды:

         — Қайда барасың?

         — Білмеймін.

         — Қайдан келесің?

         — Білмеймін.

         Не айтса да, «білмеймін» деп жауап береді бала. Оны «Білмеймін» деп атайды. Қарауылшы:

         — Ой, тентек екен, мейлі кете берсін, – деп қоя береді. Бала барғаннан барып, патшаның тағының алдына барып отырады. Патша көріп:

         — Ананы ұстап әкел! – деп бұйрық қылады. Патшаның уәзірлері ұстап әкеледі. Патша:

         — Қайдан келесің?

         — Білмеймін.

         — Бұл жерде не ісің бар еді?

         — Білмеймін.

         Патша: «Бұл ақымакты өлтір», – дегенде, уәзірлері айтады:

         — Тақсыр, мұны өлтіріп не қыласыз. Мұны үлкен бауға алып барып қоя берсек, сол жерде жүреді де, – депті.

         Патша бұл сөзге «мақұл» депті. Баланы патшаның бауына алып барып қояды. Қарауылшы ол балаға ауқатын апарып беріп тұратын болды.

         Бала құдайдан тілеп:

         — Ей, құдай, осы орман бүтін бәрі қырқылып, күл болып қалсын. Және дуалдарына шейін құлап жоқ болсын, – деп, құдайдан тілек тілегенде, ағаштары күл болып, дуалдары жоқ болып кетіпті.

         Патшаның карауылшылары келіп көрсе, бәрі қырқылып, күл болып, дуалдары құлап жатыр. Қарауылшы «не қылдың» десе, «білмеймін» деп, басқа жауап бермеді. Қарауылшы патшаға хабар жібереді. «Білмеймін» бауларды бір түннің ішінде күл кылып, дуалдарын жығып тастапты», – дейді.

         Патша адам жіберсе, бәрі құлап қалған. Мұны көріп патша «Білмеймін бір әжетке жарап қалар» деп, баланы күтіп тұрды. Бала:

         — Құдай, баулары тағы бұрынғыдай болса екен, – деп құдайдан күні-түні сұрап, бұл жерді бастағысынан да жақсы қылып, баулар, қауындар пісіріп қойды. Және «бір қауыз болса екен» деп айтқан заман, бұл да болды.

         Білмеймінге ауқат алып келушілер көрсе, жақсы бау болған, оны ешкім мақтап сөз жетер емес. Мұны көріп патшаға хабар береді. Патша келіп көрсе, өте көңілді болған. Патша: «Мұны қандай қылдың, бұл қайдан болды?» – деп сұраса: «Білмеймін!» – деп жауап береді. Онан кейін баланы патша күтіп тұратын болды.

         Бір күні сол патшаның үш кызы баудың мақтауын естіп келеді. Сонда бала қауызға түсіп шомылып жатыр еді. Қыздарды көріп қауыздың жағасында тұрғанда, үлкен екі қыз мұны сезбеді. Кішкене қыз көріп, балаға ғашық болып қалды. Бірақ апаларына айтқан жоқ. Онан кейін бұлар үшеуі де патшаға қауын алып барды. Патша үлкенінің қауынын сойып еді, жаман болды. Бұдан кейін және біреуінікін сойып еді, ол да жаманырақ шықты. Ең соңынан кішкене қызының қауынын сойып көріп еді, шырын шықты. Патша мұның себебін уәзірлерінен сұрағанда олар айтты:

         — Үлкен қызың күйеуге берістен өтіпті, ендігі қызыңыз да өтіп қалыпты. Бірақ кішкене қызыңыз күйеуге тиер уағы жетіпті, – депті.

         Патша қыздарын күйеуге бермек болып, елін жинап той қылмақ болыпты. Онан патша кыздарын мұнараның басына шығарып қойып, әрбіреуінің қолына бір алмадан беріп қойыпты. «Кімді қаласаң, соны ұр» – депті.

         Бүтін патшаға қарасты халықтары мұны естігеннен кейін бәрі жиылып келіп, патшаның қызының алдынан өте береді. Патшаның үлкен екі қызы қалаған жігітін алмамен ұрып, екеуі екі жігітке тиіп кетеді. Патша бұған қайран қалып, халқын қызының алдынан екі-үш рет өткізеді. Қызы ешкімді қаламайды.

         Патша: «Менің қол астымдағы адамнан ешкім қалды ма екен?» – дегенде уәзірі: «Білмеймін қалды», – деп жауап береді.         Патша:

         — «Білмеймінді» алып келіңдер, – депті. Жасауыл тез барып, «Білмеймінді» алып келеді. «Білмеймін» патша қызының алдынан өткенде, қыз алмасымен ұрды. Патша бұл қызына қапа болып: «Алып барып есекханаға кішкене қызым мен күйеуімді апарып қойындар», – депті.

         Патша бір күні екі күйеуін шақырып алып: «Мен киік етін жегім келеді маған аң етін әкеліп беріңдер», – депті.

         Патшаның екі үлкен күйеуі екі атын мініп, аңға шықпақшы болады. Мұны бала біліп патшаның қызына:

         — Тұр, сен атаңа бар, маған да бір ат, мылтық берсін, – депті.          Қыз атасына барып:

         — Ата, күйеуіңіз ат, мылтық тауып берсін, аңға шығып келемін деп отыр – дейді. Патша:

         — Ол ақымақ аңға шыққанда не бітіреді дейсің? – дегенде, уәзірлері айтады:

         — Ей, патша, оған бір жаман ат, бір жаман мылтық берсеңіз далаға шығып түк те бітірмей қайтып келеді, – дейді. Патша мақұл көріп, жаман ат пен жаман мылтық береді. Бала көшеде жүрген иттердің бес-алтауын жіпке байлап алып, мылтығын желкесіне асып алып, иттерді тақымына басып алып, қыңсылата жөнеледі. Мұны көріп көшедегі балалар оның соңынан еріп, иттерін ұрып, қаладан шығарып тастап келеді. Бір таудың панасына барып жатса, бір киік таудан ойнап келіп баланың алдына келгенде, бала:

         — Ішегің шырынға, етің зарарға айналсын, – деп, мылтықпен атқанда, киік сол жерде құлап қалады. Бала киікті алып келе жатса, екі бажасы құрдан-құр келе жатыр екен. Баланы көріп балаға жалынады:

         — Бажа, киігіңнен бізге де бермесең, патша алдында шерменде болатын ұқсаймыз, – дейді.

         Бала қабыл алып, өзі ішек-шабағын алады да, екеуіне киікті береді. Бұлар қайтып келіп, патшаға әрқайсысы жақсылап ауқат қылады да, әрқайсысы өзі апарып береді.

         Патша екі үлкен қызының ауқатын жеп көрсе, тіпті ащы, одан соң жемейді. Кейін кішкене қызы ішек-шабақты жуып-тазалап, астауға салып, ауқатын көріп тазалап, даярлап болған соң, ауқаттың арасына тезек көміп қояды. Қыз әкеліп атасының алдына қояды. Атасы ренжіп жемейді. Қызы айтады: «Енді көңілім үшін ас дәмін татып көргін», – дейді. Патша дәмін татып көрсе, шырын екен. Патша жеген сайын, шырын бола бастады. Жеп отырғанда ішінен тезек шыға келеді. Патша оны алып тастап жей берді. Енді арада үш-төрт күн өткеннен кейін патша екі күйеуін тағы аңға жібереді. Бала бажасының аңға кеткенін біліп, атына мініп бұл да соңынан шығады да, бірақ бұл тұлпардан алып қалған жалын түтетіп жібергенде, ілгергі тұлпары алдына келеді. Бала құдайдан сұрап: «Ей, құдай, осы жерге бір там салғыз, оның ішінде киік, әртүрлі аңдар ойнап жүрсін», – деп құдайдан тілеген екен. Баланың айтқанындай болып қалыпты. Патшаның екі күйеуі келе жатса, бір қорған көрінеді. Ол екеуі қайран болып, «бұл ілгері өткенде жоқ еді, қайдан келіп қалды» деп ойланып, қорғанның ішіне кіреді. Кірсе, ішінде түрлі андар: киік, бұғы, бұлан дегендей бәрі де секіріп, ойнап жүр. Үй алдында бір жақсы ат байланып тұр. Бұлар таң-тамаша қылып тұрғанда ішінен бала шыға келеді. Баладан екеуі: «Бұл қайдан пайда болды? Біз өткенде жоқ еді?» – деп сұрапты. Түрленіп алған бала: «Қорған қашаннан бері бар! Мен өзім осында күн кешіремін», –дейді. Бұған екеуі айтады:

         — Біз екеуіміз сеніменен жолдас болайық, осы киігіңнен біреуін бергін. Біз патшаның күйеуі едік. Бізді киік аулауға жіберген еді. Бірақ қолға ештеңе түсіре алмай қайтып келеміз. Киігіңнің пұлын аларсың, – депті. Бала оларға айтады:

         — Маған пұл керек емес. Сендерге тегін беремін. Бірақ бір сертім бар, соны істесендер, – депті. Олар:

         — Қандай серт? – деп сұрағанда, бала айтады:

         — Екеуіңнің арттарыңа екі таңба басамын, егер соған көнсеңдер киігімді аттарың көтергенше алып кетесіңдер, – дейді. Олар әрі-бері ойланып тұрыпты. Егер киіксіз барайын десе, патшадан ұялады. Амалы жоқ, «айтқаның болсын» дейді. Бала артына таңба басады да, қалағанынша киікті беріп жібереді. Бұлар кете салысымен бала киімін киіп, атына мініп, қатынына барады. Патша баланы көріп қалып адам жібереді. «Біздің кішкене қыздың үйіне бір адам кірді. Кандай адам екен, оны біліп кел», –дейді. Ол адам келіп «үйге келген кім» десе, «ешкім келген жоқ, өзімнің байым» депті қыз.

         Ол патшаға қызының «өзімнің байым» дегенін айтып барады. Патша сенбей өзі келеді. Патша келіп:

         — Сен кімсің? – дейді. «Мен – «Білмеймін», – дейді бала. Одан болған нәрселерді сұрайды. Бала айтады: «Мен патшаның баласы едім. Әкемнің екі құлы қашып кеткен еді. Екеуі де таңбалы еді. Соны таппақшы болып келіп едім», – дейді.

         Патша бүтін халқын жинап, бәрін қарайды. Ешкімнен табылмайды. Ақыры бөкселері «таңбалы» екі күйеуін қарағанда, екеуінен келіп шығады. Екеуін балаға құл қылып беріп, баланы патша қылып, мұратына жеткізіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
Сайтты қолдану жөнінде нұсқаулық
ҰБТ(онлайн тест)