Эссе және өлең-жыр байқауы

Балаларға арналған спортты қалай дұрыс таңдау керек

Ерте ме, кеш пе, әрбір ата-ананы «баланы қай үйірмеге беру керек» деген сұрақ мазалайтыны анық. Егер балаңыздың спортпен айналысуын қалаған болсаңыз, ең алдымен оның бағытын анықтап алу керек. Бала үшін таңдалған спорт түрінде ең алдымен неге назар аудару, қателесіп кетпес үшін не істеу керек екенін осы жерден оқи аласыз.

Әдетте, бала үшін спорт таңдаудағы соңғы сөз ата-анада болады, себебі олардың балалық шағында өз армандары болған. Егер анасының ұлы гимнастшы болу деген арманы орындалмай қалса, ол қызын гимнастикалық секцияға беруі бек мүмкін. Немесе футболды жаны сүйген (немесе сүйетін) әкесі ұлының әлемдік футбол жұлдызы болуын қалайтын болар. Ал егер балаңыздың Сіз қалаған спорт түріне зауқы немесе қабілеті болмаса, бұл немен аяқталуы мүмкін екенін ойлап көріп пе едіңіз?..

Қателік жібермеу үшін және дәл сіздің балаңызға қолайлы сабақты таңдау үшін мыналар қажет:

1. Баланың қызығушылығын ескеру. Оған спорттың әр түрі туралы, жаттығудың қалай және қайда өтетіні туралы айтып беріңіз. Қандай да бір жарыстар болсын, жаттығу процесі немесе жай ғана аула ойыны болсын оны балаңызбен бірге тамашалаңыз. Сонда балаңыздың бұл спорт түріне қызығушылығын, немесе бей-жай қарайтындығын бірден түсінесіз.

2. Баламен педиатрға барыңыз. Бала дәрігерлері белгілі бір жаста баланың ағзасының қалай қалыптасатындығын жақсы біледі. Дәрігер тексеру жүргізіп, бұлшықеттердің қандай топтарын нығайту керек және оған қандай дене шынықтыру көмектесетінін айтып береді.

3. Психологпен кеңесу. Командалық спорт пен жеке немесе жұптасқан спорт түрлерінде үлкен айырмашылық бар. Баланың бейімділігін түсіну үшін психологпен сөйлесу керек.

Ал енді барлығын ретімен саралайық:

Спорттың балаға пайдасы

Балалар үнемі қозғалыста жүреді, тыным таппай жүгіру, секіру — балаларға тән нәрсе. Алайда, дене белсенділігінің белгілі бір түрімен тұрақты түрде айналысу мынадай артықшылықтарға ие:

•  Төзімділігі артады.

•  Тұрмыстық жарақаттадың алдын-алатындай буындар нығайтылады.

•  Мінез шыңдалады — бала үйінде ата-анасына еркелеп, «қалаймын», «істемеймін» деп қылжаққа салатыны бар, ал командада олай жасай алмайды. Бала өзіне жауапкершілік алуды үйренеді.

•  Мақсатқа ұмтылу деген мінез сауатты құрылған жаттығулар кезінде пайда болады. Жаттықтырушы балалардың алдына мақсат қойып, оларға қол жеткізуді үйретеді.

•  Реакция жылдамдығы балаға қауіпті жағдайларда дұрыс бағдар жасауына көмектеседі.

•  Ересек өмірге дайындық. Тәртіп пен қозғалыс белсенділігіне үйренген бала ересек жаста да қозғалысқа деген сүйіспеншілігін және мақсатқа жету қабілетін сақтайды.

•  Жалпы денсаулық нығаяды, қан айналым жақсарады, өкпе сыйымдылығы артады.

Неге назар аудару керек

Көптеген жас ата-аналар ең алдымен беделге назар аударатыны құпия емес. Кейбір ата-аналар материалдық жағдайын нұсқап «Менің қызым үлкен тенниспен айналысады» деп жатады. Бұл спорттың жабдықтары мен жаттықтырушыларының ақысы қымбат екендігін барлығы біледі. Сол арқылы ол ата-ана бақуатты өмір сүретінін меңзейді.

Мұндай тәсілдің баланың денсаулығына ешқандай қатысы жоқ. Ендеше, назарды ең әуелі неге аудару керек?

1. Баланың денсаулығына. Қандай да бір патологиясы бар балаға спорт секциясы емес, емдік дене шынықтыру қажет, мұнда сізге емдік дене шынықтыру дәрігері (ЕДШ) көмектесе алады.

2. Баланың немесе қыздың физиологиясы мен дамуының психологиялық қырларына.

3. Баланың қалауына құлақ түріңіз. Ол өзінің сүйікті секциясын бірден таңдай қоймас, сондықтан, бірнеше нұсқаларды ұсынып, оған таңдау жасауға мүмкіндік беріңіз. Өйткені спорттық сабақтардан алған ләззат қозғалыс жаттығуларына қарағанда едәуір пайда әкелетінін ескерген жөн.

4. Жаттығу бөлмесі де мұнда маңызды рөл атқарады. Зал кең және жарық, ал бассейн үлкен және таза болуы керек.

5. Спорт залына дейінгі жолға да назар аударыңыз. Секцияны үйге немесе мектепке жақын жерден іздестіріңіз. Қызыңыз немесе ұлыңыз  жаттығуға өздері баратын болса ыңғайлы болмақ, ал егер үйден алшақ жерге қатынап жүретін болса баланың сабаққа деген қызығушылығы кеміп, бар ынтасымен жаттықпайтын болады.

6.  Сондай-ақ, жаттықтырушыға да көңіл бөлген дұрыс. Себебі, сарт келбеті тартымды, сымбаты келіскен, үнемі белсенді жүретін жетекшіден сабақ алған кімге де болсын ұнайтын болар.  

Топтық немесе жеке

Әлбетте, сіз өз балаңыздың мінез-құлқын жақсы білесіз. Сонықтан оның бейімділігіне қарай оған спорттық секцияны таңдау керек.

Егер балаңыз тұйықтау, басқа балалармен тез тіл табысып, достасып кете алмаса, онда ол үшін ең жақсысы — командалық спорт түрлері, мысалы: волейбол, баскетбол, футбол, бадминтон, хоккей. Себебі топтық ойындар кезінде бала команда мүшелерімен өзара іс-қимыл жасауды, бірігіп мақсатқа (жеңіске) қол жеткізуді үйренеді. Оның достары мен ниеттес достары пайда болады.

Алайда мұнда да аса мұқият болу керек. Бала флегматик, ұялшақ болса, командалық тренинг оның комплекстерін тіпті қиындатып жіберуі мүмкін. Өйткені, шапшаң немесе епті балалардың жанында ол өзін артта қалғандай сезінетін болады. Бұл жағдайда оған жұптық немесе жеке спорт түрлерін таңдаған жөн.

Ал «тентек» холериктер, шығыс жекпе-жектерімен айналыса отырып, тыныштанады да, психикасын ретке келтіріп алады. Бірақ мұның да кемшіл тұстары жоқ емес: жеке спорт түрлерінде, яғни шыдамдылық қажет болған жерде (жүзу, гимнастика, жеңіл атлетика), белсенді, шапшаң бала тез іші пысып, ортаға бейімделу қиынға соғатын болады. Сондықтан дәрігерден ғана емес, психологтан да қандай спорт түрі үйлесетіні жайлы кеңес алу керек.

Жеке спорт меланхоликтік темпераменті бар балаларға тамаша үйлеседі. Нысанаға көздейтін спорт түрлерімен айналысқаны тіпті жақсы, мәселен: диск лақтыру және нысанаға көздеп ату. Ат спорты да өте жақсы, өйткені мұндай балалар жануарларды жақсы көреді.

Баламен сөйлесу

Психологтар мен бала дәрігерлері 3 жасқа дейінгі балалар үшін дене шынықтыру сабақтарының ең жақсысы — бұл ата-анасымен табиғатта  ойнайтын әртүрлі ойындары дейді. Бала қозғалысқа қуануға үйренеді, содан кейін оны ұйымдастырылған секцияға жіберу оңайырақ болады.

Бала 5 жасқа толғанша, спорт туралы маңызды әңгіменің қажеті жоқ. Баланы әр түрлі секцияларға апарып, басқа балалардың қалай айналысатынын көрсету керек. Балаңыздың қалауына «дөп» түсіп, керекті спорт түрін бірден таңдап алуы да бек мүмкін. Бірақ кейде бала дене белсенділігінің бірнеше түрін сынап көру керек. Егер бірінші сабақтан кейін бала спорт түрі ұнайтынына қарамастан, секцияға барудан бас тартса, онда баланы әңгімеге тартып, әңгіме барысында басқа балалардың қалай жұмыс істейтінін, жаттықтырушы ұнайтынын немесе ұнамайтындығын сұрастыру керек.

Сонымен қатар физикалық жүктемелер де баланың спортқа деген құлшынысын азайтуы мүмкін, мысалы, гимнастика спортында. Көбінесе қыздар бала үшін өте ауыр жалпы дене жаттығуларын орындайды. Бұл жаттығулар оларды сансырататыны соншалықты, әдемі гимнастикалық жаттығуларды орындауға күштері қалмай жатады.

Көптеген жаттықтырушылар балаларды спорттағы үлкен жетістіктерге даярлайтынын есте сақтау керек. Ал бұл денсаулыққа арналған дене шынықтыру емес, бұл — кері әсері болуы мүмкін өте ауыр еңбек. Сондықтан баланың жаттығулардан алған әсерлерімен бөлісуі, ол туралы ата-анасына айтқаны аса маңызды.

Баланың жасы және спорт

Гимнастика

Көркем гимнастика секциясында баланы 3-4 жасынан бастап дайындайды. Оған арнайы костюм, қыздарға қосымша — түйреуіш, секіргіш, доп секілді құралдары керек. Гимнастика икемділік, әдемі жүру, ептілік сияқты қасиеттерді дамытады. Өзін-өзі бағалауын арттырады, мінсіз  сымбат қалыптастырады. Жақыннан көре алмаушылықтың кез-келген дәрежесінде айналысуға тыйым салынады, өте ауыр спорт деп саналады.

Жүзу

Жүзу — бұл да спорт, оған баланы 3 жастан бастап алады. Оның жабдықтары аса көп емес — суда жүзетін киім, көзілдірік және бас киім. Жүзу омыртқаның проблемаларына (сколиоз), сондай-ақ семіздікке шалдыққан балаларға пайдалы. Ол қан айналымын жақсартады, тыныс алу жүйесін реттейді. Жүзгіш балалардың сүйек-бұлшық ет жүйесі дұрыс дамиды. Қарсы көрсетілімдері де жоқ емес, олар: туберкулез, көз аурулары, тері және ЛОР-аурулары және ойық жара ауруы.

Хоккей

Хоккеймен балалар 4 жастан бастап айналыса алады. Қажет құрал-жабдықтары: коньки, дулыға, майка, рейтуз, клюшка, кеудеге және аяққа арналған қалқандар. Бұл ойыннан балалар жинақы, әрі епті болады. Ағзаның маңызды жүйелері — тыныс алу, жүрек- қан тамыр, сүйек-бұлшықет, сондай-ақ жүйке жүйесі нығаяды. Хоккеймен жақыннан көре алмаушылықпен ауыратын және жүрек ақауы бар балаларға айналысуға болмайды. Бала мүмкіндігінше күнделікті жаттығуы қажет.

Көркем сырғанау

Бұл спортқа да баланы 4 жасынан берген дұрыс. Керек-жарақтары аз болғанымен, егер шындап айналысса, бұл ең қымбат спорт түрлерінің бірі екенін айта кету керек.  Ата-ана жаттықтырушының жұмысы үшін, костюмдер, сондай-ақ көптеген басқа да шығындарды төлейді. Бұл спорт шыдамдылықты арттырады, қозғалыс үйлесімін, қан тамырлары мен жүректің жұмысын жақсартады. Байланыс және вестибулярлық аппаратты нығайтады. Ептілік пен күш пайда болады. Балаларға миопиямен, аяқ маймақтығы және вестибулярлық аппаратпен проблемалар болған жағдайда айналысуға болмайды.

Атқа міну

Атқа міну секциясына балаларды 4 жастан бастап алады. Бұрыннан-ақ жылқы жануары балалармен, тіпті науқастармен (әсіресе тірек-қимыл аппаратының ауруы кезінде) жұмыс істеуге тартылады. Осы үлкен әрі мейірімді жануарлармен қарым-қатынас психикаға жақсы әсер етеді. Ат спорты дене мүсінді тік ұстауға, тепе-теңдікті сақтауға үйретеді, мінезді шыңдайды. Окулист пен педиатрдің  анықтамасы қажет. Әуел баста балалар әдеттегі спорттық костюмдермен қатыса береді, кейінрек тәжірибе жинағанына қарай  өнер көрсету үшін арнайы құрал-жабдықтар қолдануы қажет.

Футбол, баскетбол, волейбол

5-6 жасынан бастап балаларды футбол, баскетбол және волейбол сабақтарына шақырады. Бұл спорт түрлері командада үйлесімді жұмыс істеуге үйретеді, көз өлшегіштігі мен ептілікті, жылдамдықты дамытады. Ойын барысында балада мықты ерік-жігер қалыптасады, ал бұл оған  болашақта тек спорт алаңында ғана емес, күнделікті өмірде де көмектеседі.  Қолдануға болмайтын жағдайлар: көз аурулары, жалпақ табандылық, мойын омыртқаларының тұрақсыздығы, ағзадағы жара процестері, бронх демікпесі. Киім-кешек ең қарапайым: шорты, майка және спорттық аяқ киім (кроссовки).

Дзюдо

Баланы дзюдоға 5 жастан бастап жазуға болады. Онда жаттықтырушылар балаларға дұрыс дем алуды, дененің тепе-теңдігі мен икемділігін сақтау қабілетін дамытады. Дзюдомен кімдерге айналысуға болмайды: бүйрек, көз, жүрек және тірек-қимыл аппараты ауруларымен ауыратын балаларға қатысу тыйым салынады. Ал «киім-кешектен» дзюдоға арналған мақтадан тігілген костюм  — кең күртеше мен кең шалбар алу керек.

Теннис

Үстел теннисі және үлкен теннис 5 жастан бастап баруға болады. Үлкен теннис — өте ауыр спорт, сондықтан мойын омыртқаларының тұрақсыздығы, жақыннан көрмеушілік және жалпақ табандылығы бар балаларға қарсы көрсетілімі бар.

Құрметті ата-аналар! Естеріңізде болсын, дене шынықтырумен айналысу сіздің балаңызға ауадай қажет. Бұл оларға болашақта денсаулықты сақтауға ғана емес, сонымен қатар рухтың беріктігі, алдына мақсат қоя білу, әрі соған жетуіне көмектеседі. Кез-келген қиын жағдайға   шыдамды, қарсы төтеп бере алатын сипатты дамытуға көмектеседі. Бірақ барлық сабақтар бала үшін шатты болуы керек екенін ұмытпаңыз!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (1)

Асемгүл Тойлыбай

Абай Құнанбаевтың 175-жылдығы бола ма ақындар жарысы.

Пікір қалдырыңыз