Эссе және өлең-жыр байқауы

Бит бизнесі

(Әзіл әңгіме)

Бизнес десе, оны білмейтін адам жоқ шығар. Өйткені, бұл сөз қазаққа баяғыдан белгілі. Ол — кәдімгі «сауда» деген сөз. Иә, ол кезде, то есть, бұрынғы кездегі «сауда», «саудагер» деген сөз бүгінде тонын айналдырып, «бизнес», «бизнесмен» болып шыға келген. Демек, Абайша айтқанда: «есектің артын жу — мал тап» деген сөзге саяды. Сондықтан, кім кімді алдайды, кім кімді арбайды, арын сатып, жанын жалдайды, әйтеуір ақша тапса болы, сол бизнес немесе бизнесмен.

Ақша тапқанда да қалай табады? «Ән айтқан адам тек айтпайды, жанын жеп айтады» деген бар емес пе? Сол секілді, бизнесмен ақша табу үшін, әрине, біреуді алдайды, біреуді арбайды, керек десе жанын да жалдайды. Әйтпесе, ақша лып етіп, бизнесменнің қалтасына қалай оп-оңай түсе салсын?

Иә, бизнесменнің қалтасы қалыңдаған сайын, қабырғасы да қалыңдап, жүзі жылтырап шыға келеді. Мінгені — «Джип», кіргені — кафе мен казино. Алтындаған азу тістерін ақсита күліп, талтаң-талтаң жүріп бара жатқанда, қарсы келген адамды «КамАЗ» секілді қағып кете жаздайды. Соған қарап, бизнесменнің бәрі бақытты екен деп ойлайсың. Бірақ, қатты қателесесің. «Сыртқыларға сыр бермей, құр күлемін жымыңдаптың» кебін киген нағыз бақытсыз жандар солар. Иә, олар күндіз күлген болып жүргендерімен, түн баласы ұйқы көрмей, дөңбекшумен болады. Біріншіден, ертең кімді алдаймын, кімді арбаймын, қайтсем кірісті көбірек кіргіземін деп қиял қуаласа, екіншіден, мені біреу алдап немесе алдымды орап кетпес пе екен деп мазаланады. Үшіншіден, ең қауіптісі — мені көре алмаған немесе менен қиянат көрген екінші бір бәсекелес бизнесмен мені атып немесе асып кетпес пе екен деген қорқынышпен таң атқанша төсегінде тыпыршумен болады.

Атылып та, асылып та қалған бизнесмендерді естіп те, көріп те жүрміз ғой. «Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» деген осы да, бизнесмендер бір-бірін байқап та, жайпап та жатады. Осыдан кейін бизнесмендерді бақытты жандар деп көріңіз. Алайда, оған қарап жатқан ел жоқ. «Алты күн атан болғанша, бір күн бура болған артық» деген ескі қағиданы қалқан тұтып, әркімнің-ақ бизнесмен болғысы келеді.

— Сондай бизнесмен болғысы келетіндердің бірі тап менің көршім Қоқымбай болып шықты. Ол өзі — кезінде партия қызметінде болып, «кресло қызығын» біраз көрген адам. Қазір зейнеткер, жасы жетпістен асып кеткен, кемпірі екеуі ғана тұрады. Жарытымсыз зейнетақы не болады дейсіз? Қалт-құлт етіп күн көріп жатқан жандар. Сол Қоқымбай бір күні маған келіп, былай деді:

— Жақан, сен ғой күні-түні өлең жазасың, не одан пайда көріп жатқан жоқсың, не оны ешкім оқымайды. Сен ондай бос әурешілікті таста да, мені тыңда. Басыма бір керемет «идея» қонақтады. Соны іске асыру үшін, екеуіміз бизнеспен айналысайық.

— Ол қандай бизнес? — дедім селқос қана.

— Ол — бит бизнесі.

Мен еріксіз күліп жібердім.

— Сен күлме, — деді ол салмақты түрде сөзін жалғастырып. — Жас кезімізде өзімізді талай шағып, тәтті қанымызды сорған паразит бит ше? Сол нағыз бизнестің көзі де, өзі де болмақ.

— Қоқа-ау, қайдағы битті айтып отырсыз? Ол паразитің сонау 1945 жылы Отан соғысы бітіп, ел есін жинаған кезден бастап-ақ құрып кетті емес пе? Қазір оны микроскоппен қарасаң да адамның тәнінен көре алмайсың. Сонда, оны қайдан іздеп табамыз?

— Солайы солай ғой, — деді Қоқымбай маған сәл ренжігендей. — Сен дұрыстап тыңда. Алтын ешқашан да ертегідегідей ат басындай болып қолыңа түсе қалмайды, ол қап-қап құмның арасынан иненің жасуындай ғана болып ілінеді. Сол секілді байлық та біртіндеп жиналады. «Теңге — тиыннан, дүние — бұйымнан» дегендей, бизнес те қиыннан қиысады. Екеуіміз бит бизнесімен айналысатын болсақ, бас-аяғы жарты жылға жетпей байып шыға келеміз. Бит қой да емес, сиыр да емес, ол үшін өкіметке салық та төлеп жатпаймыз.

— Битті қайдан табамыз, қалай бағамыз және оны қайда өткіземіз? — дедім, көңілін қалдырмай, әңгімесін тыңдай түскім келіп.

Қоқымбай биттен докторлық диссертация қорғаған адамдай, «идеясын» тәптіштеп түсіндіре бастады:

— Сен битті қайдан табамыз деп қиналма, ол жағын маған қалдыр. Қазағым аман болса, бит қашпайды. Өйткені, адам баласын жаратқанда Алла тағала битті қазақпен бірге жаратқан екен. Дүниеге келген тіршілік иесі біржола құрып кетпейді, «қалауын тапса, қар жанады». Битті табамыз. Оны табу да, бағу да менің мойнымда болсын. Ал, сен оны ақшаға айналдыру жағына көмектессең болғаны. — Қоқымбай әңгімесін жалғастыра түсті. — Сенің кемпірің көшенің бұрышында шекілдеуік сатып отырады ғой, оның бір стаканы 50 теңге де болмайды, ал көкбазарда бір бит бақандай 900 теңге тұрады. Бит бизнесін көз алдыңа енді елестете бер.

«Алтынды көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, бір бит 900 теңге тұрады деген тұста еріксіз елең ете қалдым:

— Қоқа-ау, сонда битті кімге сатамыз? Ол соншалықты кімге керек?

— Түу, неткен надан едің? — деп қалды Қоқымбай, — «ұшарын жел, қонарын сай білетін» қаңғыбас сығандардан жаман болғанымыз ба? Қазір қазақтардың өздері сол сығындарды іздеп жүріп бит сатып алады. Әрине, бауыры ісіп немесе беріштеніп, сары ауруға душар болғандарға бит мың да бір ем екен. Айранға қосып, оны тірідей жұтып жіберсе болғаны, ауырған адам бірден айығып шыға келеді. Бұл күндері бауыры бүтін адам кемде-кем шығар. Сондықтан, «жан қымбат па, ән қымбат па?» — деген кезде, дертті пенде, әрине, жан қымбат деп, бит іздейді.

— Бұрынғы қазақтар биттің арқасында сары ауру дегенді өңі түгіл, түсінде де естіп көрмеген ғой. Медицина қанша жетілді десек те, қазіргі дәрігерлер биттің емдік қасиетін білмейді. Қайта, бит десе, аттондарын ала қашады. Кішкентай кезімізде мектепте оқып жүргенде басымыздан не үстімізден бит шыға қалса, тексеруге келген дәрігерлер тақиямыз бен көйлегімізді өртеп жіберетін. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа өртеме» деген мәтел сол кезден қалса керек.

Ал, енді битті табудың жолын айтайын. Бұл күндері битті табу мүмкін емес деп ойлама. Шыны ыдыстың ішіне адамның ұрығын салып, жасанды адам жасап жатқанда, битті қайта тірілту деген сөз

болып па? Мәселен, осы қалада үйі жоқ, жайы жоқ қаңғыбастар қаншама? Солардың біреуін қолға алып, бақсақ жетіп жатыр. Өзімен келісеміз де, қаланың сыртындағы саяжайда ұстаймыз. Күн сайын тамағы мен шарабын беріп тұрсақ болды, ол ешқайда да кетпейді, жылы үй, жылы төсегінде шарабын ішіп, шала мас болып жата береді. Тек, үстіне жүнін ішіне қарата тігілген тері шалбар мен бөз көйлек кигіземіз. Оның алдында жақсылап ет асып, оның сорпа майына тары талқанды шылап, шалбардың ішін сылап қоямыз. Қаңғыбастың өзін де етке тойғызып, сорпасынан ішкізіп отырамыз. Оның үстіне «Талас» шарабы қосылған соң, қаңғыбасымыз қатып тұрып ұйықтайды. Ол кезде бит түгіл, шаян шақса да сезбейді. Оянғанымен, оны ұзаққа шығармай, бақылап отырамыз, суға да шомылдырмаймыз. Сонда бір аптаның ішінде оның бұты ырғайдай, биті торғайдай болып шыға келеді. Содан кейін «бордақымызды» шешіндіріп, биттерін қажетті ыдысымызға қағып алып, бұрынғы әдісімізбен оны қайта киіндіреміз. Одан кейінгі жұмысты екеуіміздің кемпірлеріміз тындырады. Біздер тек ақшаларын жинай береміз, жинай береміз...

Міне, бит бизнесі дегеніміз осы. Бірақ, біздің бұл бизнесемізді екеумізден басқа ешкімнің білмеуі керек. Тіпті, битті қайдан тауып беріп жүргенімізді кемпірлеріміз де сезбесін. Олар тек биттерді сатумен ғана айналысатын болсын...

Қоқымбайдың әңгімесіне елігіп кеткенім соншалық, ақша керек болған соң, оның ұсынысымен сол заматта келістім. Бірақ, сіздерден өтінеріміз, біздің бұл сырымызды біреулерге айтып қоймаңыздар. Біліп қоятын болса, бізге де бәсекелестер табылып, күніміз күн болмай қалар. Түсінсеңіздер, біздің бизнесіміз — еш арамдығы жоқ таза бизнес, ешкімді алдамаймыз да, арбамаймыз да, керісінше, жаны қиналған аурулардың айығып кетулеріне көмектесеміз. Түптеп келгендегі мақсатымыз — «Қызыл кітапқа» еніп, құрып бара жатқан биттерді тірілтіп, қайтадан қатарға қосу.

Тек, біздің бит бизнесімізге сәттілік тілеңіздер.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...