Эссе және өлең-жыр байқауы

Садықбетің Шонада қонақта болуы

(Әзіл әңгіме)

«Қуға қу намаздыгер — намазшамда кезігеді» дегендей, екі сатирик Садықбек Адамбеков пен Шона Смаханұлы кешке қарай Алматыдағы «Арасан» моншасында жолығысып қалады. Жиын-тойларда сөз жарыстырып, әзілдері жарасып жүретін құрдастар болатын. Көп болса, бір-екі жас қана айырмашылығы болғандықтан, өзара құрдастардай қалжыңдасады екен.

— Оу, Сәке, мұнда қалай келіп қалдың? Бұрын бұл жерден көрінбеуші едің ғой, — деп, Шона сонадай жабыса кетеді.

Садықбек те сөзден жаңылысқан жан емес қой:

— Керісінше, мен мұнда апта сайын келіп, арам терімді кептіріп тұрамын, Ал, сен болсаң, күнде тегін шомылатын мұнда Талас өзенің жоқ, сондықтан ақшаңды аяп, моншаға айына бір келетін боларсың. Мейлі, кездесіп қалған екенбіз, шомылып шыққан соң, бірге отырып сыралатармыз, — дейді.

Содан шомылып шыққан соң Садықбек:

— Шөке, сыраханаға беттейік, — десе, Шона:

— Өміркүл монша билетінен артық ақша бермеп еді, содан қысылып тұрғаным, — деп, тартыншақтай береді.

— Сол да сөз болып па, ақша сенде болмаса, менде бар, — дейді Садықбек. — Екеуімізді бір тойғызуға жетеді.

Бұл сөзді естігенде, Шонаның жүзі жайнап, былай дейді:

— Сәке, сырахананы қоя тұрайық. Біріншіден, Өміркүл менің кешігіп жүргенімді қаламайды; екіншіден, ақшаңды сырханаға босқа шығындағанша, біздің үйге барайық.

Бір шампан, бір қорап шоколад алып барсаң, Өмекең қатты риза болып қалады. Содан кейін жақсылап тұрып бір семіз қоянды сойып, қуырып, сыра ішеміз, екінші қоянды сойып, асып жейміз.

— Ол қояндарды қайдан аласың? — дейді күдіктене қараған Садықбек.

— Сен білмеуші ме едің? Мен қоян асыраймын ғой. Құдайға шүкір, 40-50 қояным бар, оларды жер ұрада асыраймын, — дейді күпініп.

Садықбектің бойдақ жүрген кезі болса керек, Шонаның сөзіне риза болып, қалтасындағы бар ақшасына 5-6 шыны сыра, шампан және шарап, шоколад алып, Шонаның үйіне келеді. Обалы не керек, Өміркүл Садықбекті ыстық ықыласпен қарсы алып, шәйін қойып, дастарқан жаяды. Сыры ішіліп, кезек Шампанға да келеді. Бірақ, қоян соямын деген Шона уәдесін ұмытып кетсендей, қозғала қоймайды.

Шыдамы таусыла бастаған Садықбек:

— Уа, Шөке, қояның қайда? — деп қалады.

— Иә, ұмытып барады екенмін, тезірек барып, қоянды алып келе қояйын, — деп сыртқа шығып кетеді де, қайта оралды, қолында қоян жоқ.

Садықбектің іші қып ете қалады.

— Сәке, айып етпе, антұрған қояндар індеріне кіріп кетіпті. Қараңғыда қалай табамын? Таңертең ерте тұрып ұстармын, — дейді беті бұлк етпестен.

Барымен базар дегендей, Садықбек өзі алып келген колбасамен шәй ішіп, қатқан нан жеп, іші құрылдап, ашқұрсақ жатып, әрең ұйқыға кетеді.

Таңертең ерте оянған Садықбек Шонаның тұрғанын күтіп, біраз тосады. Шөкең болса керіліп, жас балаша ерініп әрең тұрады.

Шыдамсыздана тосып отырған Садықбекті көрген Шона:

— Сәл тоса тұр, қоян алып келейін, — деп, тысқа шығып кетеді де, қоянсыз қайта кіреді:

— Ой, ант ұрғандар, қояндар індерінен шығып, өріп кетіпті, ұстатар емес. Сәке, ренжіме, қоянды келесі жолы соямын, — деп Шона жұмысына жинала бастайды.

Әріптесіне алданғанын анық түсінген Садықбек сол жерде мынандай бір шумақ өлең шығарыпты:

Адам деме Шонаны,

Ол да мені тонады.

Қоян соям дегенге,

Қай ақымақ қонады?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...