Абыл Тілеуұлы

Абыл Тілеуұлы (1777, Маңғыстау — 1864, Маңғыстау, Қаратөбе) —ақын. Әкесінің есімі — Тілеу, атасының есімі — Өтембет.

Ақын жырлары Қарақалпақстан, Түрікменстан, Иран, Ауғанстан, Түркия елдеріндегі қазақтар арасында да кеңінен мәлім болған. Маңғыстауда өмір сүрген түрікмен шайыры Хатаммен және Есет, Махамбет, Шернияз, Есенбақ сияқты айтулы қазақ ақын-жыраулармен достық қарым-қатынаста болып, ниеттес жүрген. Өлеңдері ауызша тараған. Алғаш баспа бетін көрген толғауы — “Арғымақ атта сын болмас” (“Сана”, 1924, №2-3, Ташкент). Шығармаларының негізгі арқауы—адамгершілік пен елдік, ерлікті дәріптеу (“Сексеннің біз де келдік жетеуіне”, “Отырған қарсы алдымда Қанымайым”, “Қар жауар күн-түн оның қабағынан”). Абыл Хиуа ханы Аллақұл өктемдігіне қарсы бұқара ызасын бейнелеп, ел қорғаған ерлерді жыр еткен (“Сүйінқараны жоқтау”, “Құлбарақ батырға”). “Арғымақ атта сын болмас”, “Естірту”, “Кәрілік” т. б. терме, толғаулары - өмір сырын бейнелейтін көркем ақыл, нақыл, насихатқа құрылған өнегелі, өсиет сөздер. Абыл — айтыстың да шебері (“ Балдай қызбен айтысы”, “Нұрымды санауы”, “Сушы қызбен сөз жарыстыруы”, “Шерниязбен кездесуі”). Ол - өз дәуірінің елеулі мәселелеріне үн қосып, Сыпыра жырау негізін салған “Қырымның қырық батыры” сияқты батырлық дастандарды дамыта жырлаған.

Абылдың өлең, толғаулары “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (1957), “Ақберен” (1972), “Өсиет-нама” (1982), “19-ғасырдағы қазақ поэзиясы” (1985), “Бес ғасыр жырлайды”, “Жыр-дария” (1995) жинақтарында жарияланған.



nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)