Өлең, жыр, ақындар

Ата сөзі - ақыл көзі

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе селосы
А.Меңдалыұлы атындағы орта мектебінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Бектурганова Айтгул Сыдиыковна

Мақсаты: Болашақ ұрпақты аталы сөздерге құлақ асып жүруге тәрбиелеу. Бабаларымыздың айтып кеткен сөздерінің мағыналарын ашып түсіндіру.

Көп жасаған қария
Ақылы теңіз-дария.
Көп өнеге сөзі бар
Сөзі – соқпақ, өзі нәр.
Ата салты – ардақты,
Әрбір сөзі – салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң
Тістерсің бір күн бармақты.
 
Бабалар сөзі  - кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен  шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы.
Мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық болжамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, жүрегімізден орын алуда.
Біздің ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие берерліктей өсиет сөздер бар.
 
- Үйде кім, елде кім қадірлі?
- Ата, үйде ана, елде бастық қадірлі – депті жігіт.
- Жоқ балам, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала үйдің патшасы, балалы үй базар, баласыз үй қу мазар, - депті қарт.
 
- Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?
- Ата, жоқты бар, ашты тоқ ететін мейірімді әке, - депті жігіт.
- Жоқ балам, әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін ол – ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.
Ана – үйдегі бақ, әке отыратын - тақ. Ана ақылды болса үйдің қуанышы, әкенің жұбанышы – депті қарт.
 
- Ендігі кезекте біз ненің жақсы, ненің жаман екендігімен, қасиетті ұғымдармен танысуымыз керек. Бұл бөлім сайыс түрінде өтеді. Қонақтар мен оқушылар болып сайысқа  түсеміз. Сұрақтарға жауап беру кезегін алдымен қонақтарға береміз, соңынан оқушылар толықтырады.
 
Жерден ауыр не бар?
Судан терең не бар?
Оттан ыстық не бар?
Көктен биік не бар?
 
(Қонақтар жауабы сұралады)
 
Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,
Судан терең дегенім – оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім – адамның өмірі.
Көктен биік дегенім – тәккапардың көңілі
 
Алты алаш деген не?
- Алты алаш деген – Алаш ханның балалары – Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Жайылхан.
 
Дүниеде не жетім?
Жаңбыр жаумаса – жер жетім,
Басшысы болмаса – ел жетім.
Ұқпасқа айтылған – сөз жетім
     
Дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не қатты?
Ананың сүті тәтті. Ананың қолы жұмсақ. Әкенің жүрегі қатты.
 
Дүниеде ең жақының кім?
Тату болса – ағайын жақын
Ақылшы болса – апайың жақын
Бауырмал болса – інің жақын.
Инабатты болса – келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асын,
Қимас жақын – қарындасың.
 
Дүниеде не қымбат?
Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-береке – атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат.
Мейірімді – апаң қымбат.
Бәрінен де ұят пенен ар қымбат.
 
Дүниеде не қиын?
Арадан шыққан – жау қиын.
Таусылмайтын дау қиын.
Шанышқылаған сөз қиын.
Жазылмаған дерт қиын.
Іске аспаған серт қиын.
Ақылынан адасып,
Өзің түскен өрт қиын.
Не істеріңді біле алмай,
Ашиды сонда бас миың.
 
Енді біз сайысымызды мақал-мәтел айту түрінде жалғастырамыз. Мақалды біз бастаймыз, қонақтар жалғастырып аяқтайды. Егер қонақтар жалғастыра алмаса, кезекті оқушылар алады. Таңдап алынған мақалдар тіл, шешендік, ата-ана, ұл, қыз туралы айтылады.
     
(Мақалдардың бірінші бөлігін екі бастаушы кезек айтып, жалғасына жауап күтіп тұрады)
 
1.  Таппасаң сөздің жүйесін ... (отына өзің күйесің)
2.  Ақылдының сөзі қысқа, ... (көпке болар нұсқа)
3.  Шешен сөз бастар, ... (батыр қол бастар)
4.  Қылыш жарасы бітеді, ... (сөз жарасы бітпейді)
5.  Көп ішінде сөйлеген, ... (ойға салмай сөйлеген)
6.  Көсемдіктің белгісі, ... ( шешендіктің белгісі)
7.  Көп сөз – күміс, ... (аз сөз – алтын),
8.  Жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз ... (жақсы қыз – жағадағы құндыз).
9.  Ақылың ағаңда болсын... (құндызың жағаңда болсын).
10. Әке көрген оқ жонар ... (шеше көрген тон пішер).
11. Өткір тіл – дарын ,... (ұзын тіл жауың)
12. Тоқсан ауыз сөздің ... (тобықтай түйіні бар)
13. Тіл тас жарады,... (тас жармаса бас жарады).
14. Жігіт болсаң 7 жұрттың тілін біл ... ( немесе 7 түрлі ғылым біл)
 
Осыдан соң сайыстың  қорытындысы шығарылады.
 
Қорытынды сөз: Міне, балалар, сендер тәлім-тәрбие аларлықтай “Бабадан қалған асыл сөздер” өте көп екен. Сондықтан  да үлкендердің әр сөзіне зер салып, әр сөзінің астарына үңіле қарай білу керек. Әсіресе үйдегі ата-әжелеріңнің, ата-аналарыңның әр сөзін ұғып, кәрі адамдардың ақылын, өсиетін есте сақтаңдар.


Пікірлер (2)

Нұр

Керемет жарайсыз

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз