Бастауыш сыныптарда қазақ тілін деңгейлік оқыту технологиясы

Қазақстан Республикасының «Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі талабы-мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек». Орыс мектептерінде өтілетін қазақ тілі сабақтарының мақсаты - оқушылардың сөздік қорын дамыту, оқу техникасын қалыптастыру, дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету, сөйлем құрлысын меңгерту, қазақ тіліне тән дыбыстарын айтып, сөз ішінен ажырата білуге үйрету. Сондықтан оқушылардың білімін арттыру үшін сабақта жаңа технологияларды қолдана білу керек. «Технология» гректің «teche» - өнер, шеберлік және «logos» - ғылым деген сөзінен шыққан, яғни «шеберлік туралы ғылым» деген мағынаны білдіреді. Оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланысты.

Әдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді. Олардың мақсаты бір, яғни оқытудың тиімді жолдарын қарастыру. Оқытудың тиімді жолдары оқытудың әр түрлі әдістері арқылы анықталады. Қазіргі кезде оқу процесінде оқытудың қалыптасқан негізгі әдістерімен қатар оқытудың жаңа әдістері, яғни инновациялық әдістері де жиі қолданылады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі-оқу процесінде оқытудың озық технологиясын қолдану болып табылады. Сондықтан да біздің мектептің мұғалімдері үнемі ізденіс үстінде. Олар заман талабына сай оқушылардың білімін тереңдету үшін, тілге деген қызығушылығын арттыру үшін көп еңбек етуде. Бастауыш сыныптарының басты талабы - сабақтың сапасын арттыра отырып сабақ түрлері мен әдістерін білімділік, танымдылық деңгейге жеткізу. Осы мақсатта бастауыш сынып мұғалімдері сабақ өту әдістерін толықтырып отырады. Қазіргі уақыт талабына сай мен өз сабақтарымды жаңаша ұйымдастырып, тың ізденістерге талпынып отырамын. Сабақ өткізу барысында оқушыларды халық педагогикасы негізінде тәрбиелеп, оқушылардың сабаққа қызығуын арттырып, сабақ беру әдісінің тиімді түрлерін пайдаланып келемін. Мен қолданатын сабақтың жаңа түрлері де сабақтың мазмұнын, мақсатына, жүру барысына қарай дамытпалы саяхат сабақ, ертегі сайыс сабақ, ойын, жарыс сабағы, тест әдісімен өткізіліп келеді. «Қазақ тілін  деңгейлік оқыту технологиясы» - кеңінен қолданылып жүрген технологиялардың бірі. Бұл технология оқушылардың ізденушілік, өзіндік жұмыс істеу, білімді сапалы қабылдау,шығармашылықтарын арттыра түсуге бағыттайды, мәселені тиімді шешудің жаңа мүмкіндіктерін анықтайды. В.П.Беспалько оқу материалын меңгерудің 4 деңгейін ұсынады:

1.Оқушылық

2. Алгоритмдік

3. Эвристикалық

4. Шығармашылық

Ғалым оқушылық деңгейден бастап шығармашылық деңгейге дейінгі даму кестесін былай көрсетеді. Оқушылық  деңгейде білімнің берілуі,деңгейлік тапсырмалардың іске асырылуы бағдарлама талабына сәйкестігінебайланысты. Алгоритмдік деңгейде оқу материалдарының түсініктілігі,мазмұны деңгейлік тапсырмалардың күрделене түсуінен аңғарылады. Эвристикалық  деңгейде білімнің берілуі  жүйелілігі, сабақтастығы іздендірушілігі басым болып, деңгейлік тапсырмалардың танымдық жағынан жетілуіне, тереңдетілуіне айрықша назар аударылады. Шығармашылық деңгейдебаланыңдарындылығы,таланты тапсырмаларды орындаудағы ізденімпаздығы танымдық, рухани интелектуалдық шеберлікке ұштасады. Сонымен, оқыту технологиясы бұрыннан келе жатқан педагогика жетістіктерін пайдалана отырып, оны жаңа әдістермен байытып, білім алуды оқушының өзіндік іс-әрекеттері арқылы ұйымдастыруды талап етеді. Егер аз уақыттың ішінде оқушы көп тапсырма орындап үлгерсе,ол оқушының іскерлігі, шеберлігі, белсенділігі мен қабілеттілігі жоғары. Оқушының осындай зеректігін одан әрі дамыту үшін де деңгейлік тапсырмалар қажет. Мұғалім деңгейлік тапсырмалар арқылы сабақта оқушының танымдық  ойын, белсенділігін, икемдігін арттыру жұмыстарын шеберлікпен жүргізе алады. Оқушыларға деңгейлік тапсырмалар беріледі. Деңгейлік тапсырмалар үш деңгейде жүргізіледі. Әр сыныпта оқушылардың өз бетімен жүргізген жұмыстары тоқсандық қорытынды жұмыстары, бақылау жұмыстары есепке алынады. Әр оқушының жеке даму  көрсеткіші жасалады. Оқушы өзін-өзі бақылайды. Жыл соңында әр оқушының білім сапасының қорытындысы шығады. Жыл бойы құрылған әр оқушының білім сапасының мониторингісінен оның білім деңгейі анықталады. Оқушы жыл бойы өзінің қалыс қалған жақтарын есепке алып отырады. Деңгейлік тапсырмаларды құруға қойылатын талаптар мынадай: Біріншіден, мұғалім деңгейлік тапсырма құрылатын сыныптың бағдарламасын, мемлекеттік, стандартты, базалық оқу жоспарын толық білуі тиіс. Екіншіден, оқушының психологиялық ерекшелігі, қабілеті, білім деңгейі назарға алынғаны жөн. Үшіншіден, оқушылардың басқа пәндерден алған білімдері ескеріліп, пәнаралық байланыс жүзеге асырылады. Төртіншіден, деңгейлік тапсырмалар қызықты, баланың ойлау қабілетін дамытатын, көркемдігі жоғары, тілі түсінікті болуы қажет. Бесіншіден, тапсырмалар біртіндеп күрделене келіп, оқушының жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыру мақсатына сай мазмұны терең, жан-жақты болғаны жөн. Деңгейлік тапсырмалар дегеніміз - оқушылардың ойлау, сөйлеу қабілетін дамытатын, әлеуметтік көзқарасын қалыптастыратын, ізденушілікке баулитын, жеңілден қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай сатылы түрде орындалатын жұмыс жүйесі. Мұндай жұмыс жүйесі үш деңгейлік тапсырмалардан тұрады: Бірінші деңгей тапсырмалары мемлекеттік стандарт талабына сәйкес,бағдарлама мөлшерінен аспайтын, оқушының жас ерекшелігіне сай болады. Оқушылар бағдарламаға байланысты лексикалық тақырыптар мен тілдік ережелерді, жазба жұмыстарын орындайды. Тыңдап, айтып, оқып, аударып, жаза алады. Айтқанды түсінеді, сұрақтарға жауап береді. Естігенін қайталап айтады. Жеңіл ережелерді жаттап алады. Фонетиканы толық меңгереді. Грамматикалық, лексикалық тапсырмаларды игереді. Мәтінмен жұмыс жасайды. Екінші деңгей тапсырмалары түрленіп, күрделене түседі. Оқушылар бағдарламаға сай тақырыптарды меңгеру барысында жұмыстың барлық түрлерімен танысады. Оқушы өз бетімен ізденеді, жеке қабілетіне қарай еңбек етеді. Оқушының тапсырманы орындау көрсеткіштері міндетті деңгейден әлдеқайда жоғары болады. Осындай талаптарға байланысты оқушы сөздерді дұрыс құрастыру, сөйлемді толықтыру, сұраққа жауап,диалог құру сияқты тапсырмаларды еркін меңгере бастайды. Үшінші деңгей тапсырмалары танымдық-іздену, алған білімді жинақтау, бекітуге бағытталады. Ситуацияға байланысты әр түрлі нұсқада диалог құрады. Мәтін бойынша сұрақ қояды. Талдау, жинақтау, салыстыру жұмыстары жүргізіледі. Бірінші сатыда оқушы мұғалім көмегімен бағдарлама бойынша тиянақты білім алады, не оқыса соны қайталап айтып береді, орындаушылық қызмет атқарады. Екінші сатыда осы алған білімін тереңдетіп, түрлендіріп,өзгертілген тапсырмалар орындау арқылы оқушы өз бетімен еңбек етеді. Үшінші сатыда танымдық-іздену жолындағы тапсырмалар орындап, бала өз тұжырымын жасайды. Сонымен педагогика ілімінде қолданылатын деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту дегеніміз-оқыту үрдісінің белгілі түрі және сапалы оқытуды ұйымдастыру түрлерінің жиынтығы, оқыту жүйесі. Оқушылардың сөйлеу тілін дамыту үшін жүргізілетін деңгейлік тапсырмалар-бір жағынан, оқушының білімін дамытушы, ал екінші жағынан, әдістемелік міндеттерді жүзеге асырушы.

ҚОСЫМША

4-сыныпқа арналған тапсырмалар

1-деңгейлік тапсырма

Сөздердің жуан жіңішкелігіне қарай бөліп,көптік жалғауын жалғаңдар.

Бала, мұғалім, оқушы, адам, көзілдірік, қоржын, кебеже, кеме, қаз, үйрек, қой, ешкі, сиыр, шаңырақ, сырға, көпір, етік, тас, өзен, көл, ағаш, үй, тал.

2- деңгейлік тапсырма

Көп нүктенің орнына көрсетілген қосымшалардың тиістісін қойып,олардың түрліше жалғау себебін түсіндір (-дан, -ден, -нан, -нен, -тан, -тен)

ата...үйрен, ағам...сұра, гүл...жаса, төсек...тұрды.

3- деңгейлік тапсырма

«Менің әжем», «Менің анам», «Менің әкем», «Менің ағам» деген тақырыптардың біріне шығарма жаз.

1-деңгейлік тапсырма

Берілген сөздерді буынға бөліп жаз, қандай буын екенін анықта (ашық, тұйық, бітеу)

Алатау, ақын, жұрт, жапырақ, алмас, құмырсқа, ерте, сен

2-деңгейлік тапсырма

Кестені толтыр

Берілген сөздерді қалай тасымалдауға болатынын дефиспен көрсет.

Әже, ата, мұғалім, дәрігер, мектеп, оқушы, дәптер, кітапхана, балмұздақ, қант, әңгіме, бозторғай.

3-деңгейлік тапсырма

Дауыссыз дыбыстан басталатын екі мақал жаз, мәнін аш.

1-деңгейлік тапсырма

Дауысты дыбыстан басталған сөздерді теріп жаз.

Отан, ел, халық, жел, дала, жауын, үй, сөз, таң, ірімшік, өрік, әріп, қызыл, ыдыс.

2-деңгейлік тапсырма

Мектеп, оқушы, қыз, жақсы, сүйкімді, бала, үлгілі, үлкен, көк, нан, жалау, тәтті.

3-деңгейлік тапсырма

Сөздерді сөз таптарына ажыратып,тиісті бағанға жаз.

Екі, үш, төрт, бес, жиырма, дәптер, домбыра, отыр, тұр, жүр, бар, күл, гүл, ақ, жасыл, сұлу, ән, кіші, ащы, өзен.

Зат есім. Сан есім. Сын есім. Етістік.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Беспалько В.П, Слагаемые педагогической технологии. М,Педагогика.1989-190б.
2. Жолымбетов К.Қазақ тілін оқыту методикасы.А.Қазақ университеті,1991.20б.
3. Жұмабаев М.Педагогика Алматы,Рауан,1993,154б.
4. Қайырбеков А.Қазақ тілі.1-сынып,Алматы, «Атамұра»,2011ж.
5. Қайырбеков А.Қазақ тілі.2-сынып,Алматы, «Атамұра»,2011ж
6. Қайырбеков А.Қазақ тілі.3-сынып,Алматы, «Атамұра»,2011ж
7. Қайырбеков А.Қазақ тілі.4-сынып,Алматы, «Атамұра»,2011ж
8. Маманов Ы.Орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту.А,1997.71б.
9. Оралбаева Н.,ЖақсылықоваК.Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі.Алматы.1998.56б.
10. Савин Н.В.Педагогика,Алматы,мектеп,1983,336б.
11. Сарыбаев Ш.Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері.А,1959.

 

Нурмаганова Гулим Шегендыковна
№17 ЖББОМ, Қарағанды қаласы


Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)