Найманға хандай болған Төлегетай...

ШҚО Күршім ауданы Күршім ауылы
Ю.А.Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі
Оқанов Айдын Қайырқанұлы

Тарихи-танымдыө кеш

Мұғалім: Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деген болатын. Осы қасиетті орындардың тізіміне «Діни және ғибадат орындары» бойынша Төлегетай-Қылышты ата кешенді мазары енгізілді.

Бүгінгі кешіміз осы Төлегетай баба жайлы, оның қазақ қоғамындағы орны туралы болмақ. Деректерге сүйенсек, Төлегетай баба Сүйінішұлы – аты Алашқа мәлім Найман бабаның (Ақсопының) ұрпағы. Найманнан Белгібай тараса,

Белгібайдан – Сүйініш, Сүйініштен – Төлегетай дүниеге келеді. Ал Төлегетайдан – Қытай, одан – «Төрт Төлегетай» атанған Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл деген ұлдары дүниеге келеді. Белгібайдың басқа әйелдерінен Сүгірше, Серікбай, Келбұқа, Кетбұқа туады. Шежіре бойынша, тоғыз таңбалы қалың Найман осылардан тарайды. Енді бұларды  тарқатып  айтар болсақ, тоғыз  таңбаның алғашқы төртеуі бәйбіше Ақсұлудан тараған «Төрт Төлегетай» - Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуылға тиесілі болса, кейінгі үш таңбаны Сүгіршенің Саржомартынан өрбіген «Ергенекті» - Көкжарлы, Бура, Қарабай иеленді. Соңғы екі таңба – Кетбұқадан тарайтын Бағаналы мен Балталыға тиеді. Ал Келбұқадан тарайтындарға таңба жетпей қалып, бір ағасының таңбасын теріс басып «Терістаңбалы» атаныпты. Бірақ оған «Исі Найманның ноқта ағасы» деген жоғары мәртебе беріліпті.

Әрине, қазақ шежіресі ауызша деректерге негізделгендіктен, жоғарыда берілген мәліметтерді көп жағдайда нақтылау қиындық туғызады.

Біздің бүгінгі кештің мақсаты-шежіре тарату емес, қазақ мемлекеттігін қалыптастыруға айтулы үлес қосқан тарихи тұлға - Төлегетай бабаның өз кезеңіндегі атқарған ірі істерін жаңғырту арқылы оның есімін ұрпақ жадында сақтауға ұмтылыыс. Бұл тұрғыда біз бүгінгі шараны «ABAI.KZ» порталында жарияланған Құмарбек Қалиевтің «Найманға хандай болған Төлегетай...» атты жырының негізінде жүргіземіз.   (Оқиға кейіпкерлерінің монолог, диалог, полилогтарын оқушылар сахналайды. Автордың атынан Жүргізуші сөйлейді. Шығармадағы маңызды оқиғаларға Мұғалім түсінік береді.

Қатысушылар:

Мұғалім
Жүргізуші
Белгібай (Төлегетайдың атасы)
Сүгірші (Төлегетайдың әкесі)
1-шал
2-шал
3-шал
Қылышты(Төлегетайдың  қайын атасы)
Қарт Төлегетай

Абай-Ақпарат

Жүргізуші: Төлегетай (Төле) бабамызды үйлендірерде атасы Белгібай мен әкесі Сүгірші (Сүйініш)  екеуі іштей көп ойланып, ойларын сол замандағы жақсы-жайсаңының келесіне салған екен дейді. Жырды осы бабалар толғанысымен бастауды жөн көрдім.

Белгібай ойлады:

Ырысым болды бес елі
Сөз сөйледім көшелі
Белгібай топқа түскенде
Қайтпаған еді меселі
Тәңіріне тай айтсам
Қорасанға қой айтсам
Жаббар хаққа ат айтсам
Жә, басқа не амал істесем-
Тілегімді берер ең
Сексенге тартқан шағымда
Сақалымның ағында
Өзіңнен пәрмен болғанда
Шөберемді  көрер ем
Иісін жұтып жөргектің
Армансыз боп өлер ем
Атадан әкем жалғыз-ды,
Өзім жалғыз,ұл жалғыз,
Он бесте  жалғыз немерем
Жаратқан, алдың кең еді
Десең де кімге не берем
Осы еді бір тілегім-
Күпірлік десең-кеше көр,
Не берсең де шүкір деп
Жазғаныңа көнер ем...

Сүгірші (Сүйініш) ойлады:

Жаратқан, ризамын-ды бергеніңе
Жер іздеп, Сыр бойына келгеніме
Ұйыған қатықтайын біте қайнап
Соңымнан қалың Найман ергеніне
Еңбектеген жасы мен еңкіш қарты
Сен шашқан ризықты тергеніне
Төл өсіп, мың сан малдан жер қайысып
Әр түтіннен жаңа ұрпақ өргеніне
Өріс-оңды,жер- шүйгін, қоныс-жайлы
Жерұйыққа біздің көш келгені ме?!

Бұрында бір Тәңір ед сиынғаным
Бүгінде бір Алланың бұйырғанын
Жазмыш деп, нәпақа қып ризығын
Теріп жеген, айтайын күйім барын
Қылыштының айттырып қызын ұлға
Екі ел іші болғай-ды шиырларым...
Қожамен құдалассам- құдай оңдар
Жатта да бір ат байлар үйім барын...

Жүргізуші:

Белгібай мен Сүйініш
Ойға алысып қиын іс
Алқа билер шақырып
Құрды үлкен жиылыс

Белгібай шал сөз бастап
Арлы-берлі ойқастап
Әріден де  толғады
Беріден де толғады

Бірақ,мына қауымның
Иілер түрі болмады
Бір ақсақал сөйледі
Сөйлегенде бүй деді:

1-шал:

- Белгібай, тарттың сексенге
Өкіреш әкең секілді
Ер тумас енді ексең де
Жеті атаңнан бақ-дәулет
Кетпеген, басқа тепсең де
Өзің де елге бас болдың
Демеді ұлың «жас болдым»
Сүйініш атын  Сүгірші-
Деген ел - асыл тас болды

Немерең сенің Төле еді
Жарқылдап,міне, келеді
Қатарынан туа озып
Елді үмітке бөледі
Талабымен тас жарып
Ілім-білім тереді
Сол ұлға қыз айттырсаң
Іргелі елден- жөн еді...

Жүргізуші:

...Тағы бір қарт сөз алды
Мүдірмей тура, тез алды:

2-шал:

- Қожа деген кім еді? –
Ұстанымы - дін еді,
Одан басқа несі бар
Айт, кәне, кім біледі?!
Ұйысқан қалың елі жоқ
Ен жайлаған жері жоқ
«Иншалла»-бар білгені
Ел ақтаған кірме еді
Тегі екен күмәнді-
Доғарыңдар «бұл әнді»...

Жүргізуші:

Жалғады қарт - үшінші:

3-шал:

- Әй, Белгібай, түсінші,
Қожаның тегін кім білген
Қаңғыма шығар, бір жүрген
Мүмкін, жынды, қояншық
Тұқымы елді бүлдірген...

Гуледі билер, тулады
Бекерге емес,шындады
«Қожадан қыз алмаймыз», -
Деп жабыла шулады
Сүгірші сөз сұрады
Қинала ойын құрады:

Сүгірші:

- Жиналған игі - жақсылар,
Сөзіңде қапы жоқ шығар
Десек те бүгін - күн басқа
Жаңадан жай көп топшылар
Осы отырған қай-қайсың
Қол бастадың ту ұстап
Көшелі ерлер - ұғыспақ
Кеселді ерлер - жұлыспақ
Тату елдер-туыспақ
Қату елдер суыспақ
Тәңіріміз біреу- табынар
Алламыз біреу-сиынар
Тәңірден тәубе табылар
Алладан нұр құйылар
Тәңірдің көкте тағы бар
Алланың жерде үйі бар
Екеуінің де тарығар
Құлдарына сыйы бар
Пенденің пейілі шалыс-ты
Түзейтұғын тез керек:
Ежелден Тәңірім таныс-ты
Алланың жөні өзгерек
Ол- жақын да алыс-ты
Оқи білер көз керек
Сол көз қазір – қожада
Білімсіз ел оза ма
Білім-нұры сананың
Қымыз да емес ол, боза да
Көшерін, әне, жел біліп
Қонарын, міне, сай біліп
Қаңбақша ығып келеміз
Қаңбақша бұғып келеміз
Қашанғы өсти береміз
Өссе десек өреміз
Білімдіге ереміз
Білім келсе өзі іздеп
Несіне сырт береміз?
Көзіңді ашар қожаны
Неге сыртқа тебеміз?
Бұл- уәжім алғашқы
Келесі бұған жалғас-ты:
Айтпай-ақ білсең  болар ма?
Айтпасам,көңілің толар ма?
Айтпай-ақ қойсам дегенім-
Өздерің білген жөн еді...
Неше атадан басымыз
Жалқы болып келеді
Қан жаңартсақ қожамен
Тәңірім,мүмкін, көреді
Тілекті көрсе береді
Келінім алтынқұрсақ боп
Шұбырып ұрпақ өреді
Жер таянған әкеме
Алдыңдағы өзіме
Жалғыз ұл-мына Төлеге
Осы еді ғой керегі-
Айтпасам да жөн еді...

Жүргізуші:

Торыққан Сүгіршінің көріп кезін
Билерің көтере алмай жерден көзін
Көптен соң қол жайысып бет сипасты
Пәтуа айтып құптады ердің сөзін...

Қысқасы, бұдан ары бір ертегі-
Мұндай тойды көрмеген бұл ел,тегі,
...Қылышты қожа қызы-Күнімбике
Жыл өткенде Төлеге ұл ертеді

Сөз көп-ті тізе берсе жыр қылатын
Тауыспас ділмәр шешен,бұлбұл ақын
«Қытайдай өссін қаулап ұрпағым»-деп
Белгібай Қытай қойған ұлдың атын

Тілегін берді құдай Белгібайдың
Пендеге өлшеулі де белгілі ай-күн
Шөбересін көрді де ол бақи кетті
Дұға қып, дін мұсылман,қолың жайғын

Қытайдың нағашысы- Қылышты еді
Найманға құда ішінде жұғысты еді
Білімге бай, ақылға кемел қожа
Қазаққа әуел бастан сіңісті еді

Дәрісті атасынан Төле де алған
Ілім-білім қуатын көре қалған
Тасқа басқан таңбаны жазбай танып
Сан амалды есептеп бере де алған

Болғанда туа бітті өзі зерек
Жазу-сызу қосты да мың сан дерек
Сонша білім күрделі көп іске асып
Аймаққа жайылды аты елден ерек

Бұл Төле ер жігітте қандай еді
Басқасы бас болса, бұл маңдай еді
Қасым ханның оң қолы болғаны шын!
Ал, қалың Найман үшін хандай еді

Жер белгілеп шекара тартқан Төле
Молда жалдап қожа мен сарттан Төле
Парсы, өзбек, ұрумменен араласып
Саудалап  сан түйе жүк артқан Төле

Кеңейткен ел қонысын Төле ұдайы
Назарынан шықпапты күннің райы
Жеті атадан бері қыз алғызбапты
Жарлыға жар болғай деп бір құдайы

Қара да,төре де оның досы болған
Көрші боп неше жұрттың қосы қонған
Төлені Төлегетай деп атаса
Ең үлкен сыйы елінің осы болған

Мұғалім:

Төлегетай бабаның  өмір сүрген кезеңі қазақ арасында ислам дінінің кеңінен тарай бастаған кезіне сай келеді. Келешекті болжай білетін сұңғыла саясаткер бабамыз тәңіршілдіктен мұсылмандыққа ауысудың қазақ халқы үшін қажеттілігі мен қатерін бірдей түйсінген аз ғана кемеңгер топтың белгілі тұлғасы болған.Ол ислам діні арқылы араб жазбасын танып, білім-ілімнен хабардар болуды, көршілес елдермен сауда-саттықты, мәдени байланысты дамытуды,сөйтіп елдің әлеуметтік көтеруді жүзеге асыру тетіктерін көре білген. Сонымен қатар, исламды уағыздаушыларды(арабтар, қожалар,сарттар) билікке келтірмеуді қатты ұстанған, сол мақсатқа бүкіл ғұмырын сарп еткен және соны балық кейінгі буын өкілдеріне тапсырған,нәтижесінде, қазақ билігіне дінді араластырмаған.

Жүргізуші:

Жершіл бопты ол түгендер сайда тасын
Сол Төле ұстаз тұтқан қайын атасын
Тарихшы - шешен болса, дәлел қылып
Осы жерде бастан өткен жайды атасын...
 ...Қытай үшке келгенде
Жиенін бір көргенге
Қылышты қожа зар болып
Сәтті күн Алла жар болып
Алыстан арнап келіпті
Жиенін сонда көріпті
Екі-үш күн қонақ болыпты
Жас балаға ата не-
Асығын ойнай беріпті
Ес кірмеген баланы
Бауырға тартпақ амалы-
Қылышты қожа кеңінен
Сөйлепті ұлға жөнімен:

Қылышты:

- Үйреніпсің асықты
Атысасың ба менімен?
Қытай боп Төле сөйлепті
Сөйлегенде бүй депті:

Төлегетай:
- Ұстаз, құрттай баламен
Атысқанша асықты
Атыспайсыз ба ақылды
Менімен жұмсап машықты
Атысқа қару қамдаңыз
Кемелдіктен танбаңыз
Келістік пе-ақылға
Толы емес пе ед қамбаңыз?!
Қылышты қожа сөз алды:
- Ол қамбада не қалды?
Толы еді, Төле алды
Төлегетай тағы кеп алды
Шамалап алды, көп алды
«Ризыққа тұқым қып
Шашайыншы» - деп алды
Сен айтшы - сонда не қалды?
Сол тұқымнан ризықты
Жиыпсың қайта молынан
Құйылған сел боп ырыс-құт
Оңынан да солынан
Содан Төле кеми ме
Бөліссе өз қолынан?

Жүргізуші:

Ұтымды сөзге ұтылып
Жауап таппай тұтылып
Төлегетай жол тауып
Кете алмапты құтылып
Жеңіп күйеу баланы
Қайынатасы мәз екен
Манағы айтқан жұмбағы-
Өкпесі емес, назы екен:
Сонда айтқан толы қамбасы-
Білімі өзі таратқан
Оны игеріп ер Төле
Қажетіне жаратқан
Сол біліммен ел билеп
Жұртты аузына қаратқан
Қазақтың ерек елдігі-
Дінге билік бермепті
Діндарлар елді басқарған
Кезді тарих көрмепті
Атасы наз қып Төлеге
Билігіңнен бөл-депті
Оған көнер Төле ме
Әрине,Төле көнбепті
Ілім-білім таратқан
Қожаларға жөн-депті
Хан билігі сол қалпы
Жалғасыпты,өрлепті...
Ер Төле, Төлегетай жұрттан асқан
Алланың сүйген құлы әуел бастан
Күрес, еңбек,білімге толып өткен
Сексен жылдық ғұмыры сонша дастан
Сол ғұмырдың шегіне жеткен кезден
Сәл шежіре тартайық бірер сөзбен
Тыңдаушы ойланар ма,еркі білсін,
Қарай ма алды-артына бөтен көзбен
Елу жыл, үй болғалы, өткенінде
Қытайдың төрт ұлы өсіп жеткенінде
Жетпіс асқан Төле отыр алдын шолып
Бағамдап өткенін де, кеткенін де:

Төлегетай:

Әттең, дүние-ай, кең едің
Тұлпар мінген мен едім
Ту ұстатқан сен едің
Оралымның барында
Хан,төреге тең едім
Енді таяқ-қолымда
Үш аяқтап келемін
Қартайттың да қорладың
Мазағыңа көнемін
Әттең, дүние,тәтті едің
Маңдайлы едім,бақты едім
Оңынан туып әр ісім
Жолымды аштың, сәтті едің
Әттең, дүние,қызық ең
Миуалы жеміс үзіп ем
Тас қамалды бұзып ем
Ілімге бойлай сүңгідім
Білімнен маржан түзіп ем
Қанша қызық-көргенім
Қайсысын жіпке тізіп ем
Өттің де шықтың,дүние-ай!?

Алдың кең-ді, Жаратқан,
Бала бердің, қуандым
Қайта алдың, қуардым
Одан қалған тұяқтар
Қылығын көріп жұбандым
Ғұмыр бер деп бәріне
Жалынармын, жылармын
Соларды кеп ед зор іске-
Үлкен жолға шығарғым
Алдарын аш-деп өзіңнен
Менен басқа сұрар кім!?
Қаракерей, Төртуыл,
Садырым мен Матайым,
Мен сөйлейін, сен тыңда,төрт Төлегетайым:
Саудырап Сырда сүйегім қалады
Үндемеңдер, мен дегендерің
Ұрпағым көшіп алысқа барады
Қазір бас тартыңдар көнбегендерің
Мен өлген соң шұбыра ауасыңдар
Терістік бетке бағыттап көшті
Алтай мен Арқадан қонысты табасыңдар
Бәрі де біздің мекендер ескі
Қожаларды жаныңнан жіберме
Ілім-білімді тереңдеп үйренбекке
Қыз беріп, қыз ап аяқ- қолын шідерле
Құдажарас күйге енбекке
Ел іші жайын, малдың өрісі жайын
Көрші елдердің алыс-берісі жайын
Ағайынның оң ісі, терісі жайын
Жайына қарай шешесіңдер,
Соңғы айтарым – төртеу түгел болса,
Көктей қаулап өсесіңдер, төрт Төлегетайым!
Лайым,
Соған жеткізсін
Құдайым!.. (Бетін сипайды)

Жүргізуші:

 ...Бұл жырды жыр қылмадық, сұрақ қылдық
Бұл жырда сүріндік те құлап тұрдық
Бұл жырда жақсылыққа құлақ түрдік
Бұл жырда ұлы баба шежіресін,
Ғибратын сәл қозғауды мұрат қылдық...

(Қатысушылар сахнаға көтеріледі)


Пікірлер (1)

qrchum

Автордың творчестволық ізденісі сәтті шыққан! Осындай еңбектер көбейсе,бәріміздің де мәртебеміз жоғарылар-ақ. Сәттілік жолдас болсын!

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)