Өлең, жыр, ақындар

Отбасында естімейтін балалардың сөйлеу тілін дамыту

Актинова Райкуль Сагатовна
"№7 Облыстық психологиялық-медициналық-педагогтік консультациясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Психологияның тарихи дамуы теориясында Л. С. Выготский кез-келген кемістік баланың қоршаған ортамен қарым-қатынасын шектей отырып, адамзаттың әлеуметтік жақтарын меңгеруге кедергі келтіретінін атап көрсетті.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің екі түрлі ерекшеліктері бар. Оның бірі бала психикасының даму шамасына орай  тәрбие талаптары, екіншісі кемістігін толтырудағы өз бойындағы мүмкіншіліктері. Осы жайттар ескеріліп, мүмкіндігі шектеулі балалардың  бойындағы олқылықтарды толтырудың әдіс-тәсілдерін қарастырады және жүзеге асыру жолдары іздестіріледі.

Сурдопедагогиканың ең басты мәселесі естімейтін баланың сақталған есту қабілетін сақтай және дамыта отырып, сөйлеуге үйрету. Адамның сөйлеуіне жағдай жасалса, ол соған бейімделіп сөйлеуге тырысады. Егер естімейтін баланың өміріне сөйлеу қажет болса, онда ол сөйлеу тілін әрі қарай дамытады. Егер ондай мұқтаждық елеусіз қалса, ол қайтадан кереңмен мылқаулыққа әкеліп соқтырады.

Естімейтін балаларды оқытуда сөйлеу тілін дамытуға басты назар аударып, жеке тұлғаның дамуын кейінге қалдыра тұруға болмайтын  мәселе. Мүмкіндігі шектеулі балаларға тәрбие беріп, оқыту қажеттігін шектей алмаймыз. Керісінше естімейтін балаларды ауызша және   жазбаша сөйлеу тіліне үйрету үшін, өмірге даярлап, жеке тұлғаны дамыту үшін педагогикалық әдіс-тәсілдер қажет. Ең бастысы баланың  тұрмыстық жағдайын ұйымдастыру керек. Оның  жасына сай күн тәртібін қою. Баланың белгіленген уақыт бойынша тамақтану, серуендеу, ойнауын қадағалау. Тамақтанар алдында және кейін, ойыннан кейін қолын жуу, өзінің сүлгісін бет орамалын білу, өз-өзін күтуге гигиеналық дағдыларды үйрету.

Баламен сөйлескенде жесттерді қолдануға  жүгінбей, қалыпты еститін балалармен сөйлескендей түсінікті, нақты, қатты дауыстап, мәнерлеп баланың бетіне қарап сөйлеу керек. Сөздерді буынға бөлмей толық ырғақты сақтай отырып айту. Дауыстап қатты және нақты айту, баладағы есту қабілетінің қалдығы болса, естіп қабылдауын дамытуға әсер етеді. Еститін балалар қоршаған ортаға есту қабілеті арқылы еліктейді, ал естімейтін балалар көру арқылы, сөйлеушінің сөйлеу тілімен еріннен оқу арқылы еліктейді. Бұл балалар ең алдымен сөйлеу тілін түсінуді үйренеді, кейіннен қолдануға кіріседі.

Баламен сөйлесу барысында баланың әрдайым үлкендермен сөйлесуге, олардан қажеттісін сұрай білуге қабілетті болуын қамтамасыз ету керек, яғни баланың ата-анасымен сөйлесуге мектепте болып жатқан жаңалықтарын айтуға деген тілегі, құлшынысы жойылмауы тиіс. Әрине, құлағы естімейтін балалардың сөздері айтылу жағынанда, грамматикадан да қате болады, алайда бұл үшін кінәлауға болмайды. Алдымен қатесін түзетіп айтқан сөзін, сұрағын қайталауды өтінген абзал. Сонда бала қарым-қатынас жасауға  қызығушылығы жоғалмайды және сөздерді бала жақсы жаттайды. Кейде ата-ана баланың тілегін алдын-ала орындауға тырысады. Мысалы, бала бір затқа қолын созса, түсініп алып береді. Мұндай жағдайда сөзді пайдалану қажеттілігі жойылып кетеді. Сондықтан сөзбен жауап қайтаратындай жағдай жаса керек. Бұл баланың сөйлеу қабілетін дамытып, диалог құра білуге үйретеді. Баладан толық жауапты талап етуге болмайды, жауап, қысқа болсада жеткілікті. Мысалы; «Сен қайда бардың?» - «Мектепке».

Ата-аналар дефектолог маманының кеңесімен баланың дүниетанымын кеңейтуге, тілдік қарым-қатынасқа деген ынтасын арттыруға көмектесе  алады. Баланың мектепке келгенде алғашқы күннен бастап, ата-ана ұстаздарымен тығыз байланыста болуы шарт. Баланың мінезінің ерекшеліктерін, қызығушылықтарын ұстаздарына ескертіп айтуы тиіс. Сабаққа қатысып, оқытудың әдіс-тәсілдерімен танысуына болады. Мұғалім ата-аналарға балалардың оқыту методикасын үйретіп, нашар еститін балаларға айналадағы заттармен құбылыстардың атауын  үйретіп, әңгімелесудің маңыздылығын айтады.

Баланың жалпы дамуы дегеніміз тек мектептен алатын білімі ғана емес, сонымен қатар жалпы өзі меңгерген білігі, ойлау қабілетінің дамуы, танымдық қабілетінің дамуы, өздігінен білім игере алу мүмкіндігі. Егер оқушы қоршаған орта немесе қоғам жайлы азда болса түсінігі болса, мектеп пәндерін терең әрі тезірек меңгере алады. Білімі терең болған сайын, естуі төмен баланың сөздік қоры соғұрлым жоғары болады.

Баламен үздіксіз қарым-қатынаста серуендеу кезінде де тоқтатпаған жөн. Сөйлесудің тақырыбы күн райы, айналадағы адамдар, қоршаған орта, жүрген жолымыз, жол жағалауындағы тастар, өсіп тұрған теректер.

Жас ерекшеліктеріне орай балалардың қызығушылығы өзгеріп отырады. Мысалы, 10-12 жас шамасындағы балалар серуен барысында заттың мағынасын терең  ұғынып қажетті сөздермен сөз тіркестерін үйренеді. Баланың тілдік қарым-қатынасын, сөйлеу қабілетін есту арқылы қалыптастыруды коммуникативтік қабілетін кішкентай кезінен бастап қадағалау дұрыс. Бұл орайда ата-ананың рөлі маңызды. Олар баланың  сөйлеу қабілетін арттыруға, тіл байлығын толықтыруға жағдай жасай отырып, олардың сөйлеу және есту қабілеттерін жақсаруын қамтамасыз етеді. Ата-анасының тарапынан болатын жақсы үлгі өнеге құлағы естімейтін баланың адамгершілік ережелері мен қағидаларын түсінуіне септігін тигізеді. Тек ата-анасына еліктеу арқылы бала мейірімділік, адалдық, тәртіп, еңбек сүйгіш қасиеттерді  бойына сіңіреді. Ескере кететін  жайт, естуі дұрыс балалар адамгершілік ұғымдарын өздігінен игере алатын  болса, есту қабілеті төмен балалар арнайы педагогтың жұмысынсыз ұғына алмайды.

Есту төмен баланың қоршаған қоғамнан бөлініп қалмай, тұлға болып қалыптасуында орны ерекше. Ата-ана баланы тұрмыстық және қоғамдық тиімді еңбекке баулу арқылы өзін-өзі басқаруына, оқуға, еңбекке деген оң көзқарасын қалыптастыруына септігі мол.

Қорыта айтқанда бастауыш сыныптан бастап оқушының тілін дамыту, тілдің заңдылықтарын меңгеру, дағдыларын қалыптастыру ісінің бүгінгі білім беру мазмұнын жаңғырту процесінде мұғалімнің іс-тәжірбиесінен ерекше орын алатыны анық. Тіпті мүмкіндігі шектеулі балалардың өз бетімен өмір сүруге даярлаудың алғышарты болып табылады. Осындай адамгершіліктің үлкен тармағы, бастауы жеке тұлғаны қалыптастыруда сөздік ортаны ұйымдастыру, бүгінгі таңдағы сурдопедагогика ғылымындағы ең өзекті мәселенің бір тармағы болып  табылады.

Әдебиеттер:

1. Дефектология журналы 2013 ж

2. Л. С. Выготский Проблемы дефектологии 1995 г


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар