Өлең, жыр, ақындар

Менің мекендестерім

  • 18.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1007
Поэмадан фрагменттер

АГРОНОМ АҢЫЗЫ
1
Сонырқап қаз оралмай ма,
Балапан боп өскен көлге?
Келдім мен де орақ айда,
Балалығым көшкен белге.
Сол баяғы «Терең сор» ма,
Аулым ауып, ұмыт қалған?
Мекен едің керең сонда,
Өзегің сор, уыттанған.
Бірақ өзім жүгіріп ем,
Нуға балап шаңдағыңды.
Көрдім көктей қиыры кең,
Сенің жұрдай жан-жағыңды.
Ызғындаса ығыр желің,
Шаң бүркесе кер беліңді.
Іздеп гүлді жүгірмедім,
Иіскедім кермегіңді.
Жылдар ұзап жүрдім аулақ,
Жазығынан құлазыған.
Жасарайын бір күн аунап,
Белің болса, гүл жазылған?
Қаңбағыңды жел аунатқан,
Көлшігінді, сағым күлген,
Шақатыңды, бұзау баққан
Жас баладай сағындым мен.
Сағынышым сағыздай боп,
Созылған көп күндер өтті.
Күндер өтті аңыздай көп,
Талай түзді гүл бөлепті...
Ұшқан ұям, бетегеңе,
Құшақ жайдым қуандым да.
Жөнел мені жетеле де,
Көлбеңдесе ну алдымда...
Баяғыдан аспан, күн де,
Баяғыдай шағыл, тымық.
Бірақ қырым, басқа мүлде,
Тұр егінге шалқып тұнып.
Жаяу тарттым сол бір жаққа,
Сипаладым дән желегін.
Осынау бір қу алқапта,
Кеткен еді дәнге кегім.
Онда сағым арасынан,
Жылтыраған cap бауырсақ,
Әкем сорлы аласұрған,
Әлек салып сол ауыр шақ.
Естіп келем қандай үнді,
Жаңғыртқан кім қыр алысын?
Жырға қосып комбайнды,
Шерткен жастар қуанышын.
Бидай мүлгіп бұлың белде,
Ерлер қостың қасында жүр.
Жорық алда, бүгін әлде,
Сабан тойдың басы ма бұл?
Қырман төрін шыр айналып,
Биші қыздар бұлаңдады.
Құйқылжытқан сырнайды алып,
Орыс, қазақ ұландары.
Сәлем, жаңа жерлестерім,
Шығанымды сүйіп келген.
Тарт тамырын, тербет өрін,
Жұт уызын, иіп берген!
Танысайын — тумасымын,
Бұл түкпірдің ұмыт бұрын.
Өздеріңмен құрдас үнім,
Енсін топқа жігіт жырым.

2
— Сергеймісің! Сөзді термей,
Құшақтастық, қол алыстық.
Сол құшағы сездіргендей,
Сағынышын маған ыстық.
Танысып ек, жат түкпірде,
Жаралы да, сол өндір жас.
Госпитальда жаттық бірге,
Аға сержант болды сырлас.
Майдан шеккен сол бір күнде.
Шыққан талай от қамалдан.
Жауды соққан сел — дүркінде,
Аяғына оқ қадалған.
Әлсіз жатты төсегінде,
Қиналысы ауыр еді.
Кейде кетіп есі мүлде,
Әрең дамыл тауып еді.
Қақсағанда сынған аяқ,
Жігіт қатты безілдеді.
Түнде талай тұрдым аяп,
Ыңырсыды, көз ілмеді.
Кейде бір сәт дамыл тауып,
Көзін жұмса, күбірледі.
Күбірледі ауық, ауық,
Құрмаш, Құрмаш! Жүгір!— деді.
Білмедім мен, досы қандай?
Есінен сол кетпей қойған.
Түсінде де ашынғандай,
Алабұртып отты майдан.
Гипс матап есіл өрен,
Зар болды бір көсілгенге.
Жинап еді есін әрең,
Жіліншігі кесілгенде.
Ер екен деп қалдым сонда,
Бейнетіне тура төзген,
Жылдам таяқ алып қолға,
Аяқ басты протезбен.
Ақсай басып албырт жігіт,
Тақсіретін елемеді.
Жанында тек жарқын үміт,
Әуесі тек өлең еді.
Жыры жылдам ақпаса да,
Ол қиялмен есе білді.
Таңдандырды жатқа соға,
Айтып ылғи Есенинді.
Үйір болды ол менімен,
Өткіздік кеп жыр кеңесін.
Өткен майдан дүрмегінен,
Аңыз шертті іргелесім.
Аққан қан да аяғынан,
Ұмытылды, жерге сіңді.
Ұмытпады, аяды да,
Менің сол бір жерлесімді.
Құрмаш ылғи жүрді есінде,
Екеуі бір майдан кешкен.
Мен құштар ем, жерлесіме,
Жасымда бір ойнап өскен.
Айтты Сергей сонда маған,
Деп,— досымды жұтты майдан.
Білмей қалдым, тор қамаған,
Соңғы даусы шықты қайдан?
Екі солдат кірген бірге,
Айқасуға соңғы бір шақ.
Бұрын бірге жүрген түнде,
Бүркеп талай жалын бұршақ.
Оқ кезеніп жүгіріпті,
Екі боздақ қатар алға.
Сергей кенет жығылыпты,
Оқпен бойын матағанда.

3
Ертіп мені ол келеді,
Адырдағы ақ шатырға.
Күн де солай дөңгеледі,
Артып иек ақша қырға.
Артта жастар сыңқылдасқан,
Алда — дәнді тізген белең.
Сол досыммен, сылтып басқан,
Өткен бұлдыр ізбен келем.
Басқан ізден бала шақта,
Елестеді үнсіз ғана.
Сөнген оттар жер ошақта,
Көшкен ел мен тілсіз дала...
Үңілдім мен іздеріме,
Жас ойнақпен еске келген.
Ол қарады дүз-беліне,
Ақ бидаймен кестеленген.
Мен разымын айналама,
Осынау жер-бесігім деп.
Ол қуанды, айдалаға —
Еккен мынау несібім,— деп.
Қарап солай жымиды да,
Ол бастады әңгімесін:
— Келдім өзім бұл қиырға,
Сүйіп қырдың кең белесін.
Көп болды сен көрмегелі,
Шекті жылдам жылдар сапар.
Баяғыдай көрме мені;
Болдым міне, қырма сақал.
Ал өзің ше? Ерте емес пе?
Шашың неге боз қыраудай?
Ойлап жырды ерте-кеште,
Сарылдың ба, сөз құралмай?
Бірақ мейлі, ақын үшін,
Сөз бе бурыл шаш дегенің?
Болса жасқа жақын ісің,
Жылы тисе жасқа лебің.
Күмбезіміз — ашық аспан,
Бұлт та бізге болды түндік.
Жерді тіліп белестегі,
Топырағын иіскедім.
Маған қырдан елестеді,
Толықсыған ырыс — егін.
Көрер едің көк нөсерде.
Өршеленген өрендерді.
Трактормен өктеп өрге,
Жаңғыртқанын керең белді.
Қуанар ең келбетіне,
Қожыр қырың кестеленсе.
Рақаттанам бейнетіме,
Сол қиын шақ еске келсе...
Көрсең тұңғыш борозданы,
Несібеңнің бастауындай.
Қуанар ең қағаздағы,
Басталған тың дастанындай.
Ақын болсам соның бәрін,
Жырлар едім ертегідей.
Сол күндердің көп сырларын.
Шермендемін, шерте білмей.
Трактордың арт жағында,
Есімде көп жүгіргенім.
Маңдайымның қатпарында,
Сызулы тұр жырым менің.
Жырлайсың ба?
Сұра, сырды,
Жігіттерден жер түлеткен.
Өлеңдерді, терең сырлы,
Шығандарға шертіп өткен.
Сұра соны туысыңнан,
Мұнда қайта көшіп келген.
Аман сақтап қыр қысынан,
Қойды баққан Әшімдерден.
Сұра, жаңа жерлесіңнен,
Қала салған тұл дүзіңе.
Сортаң тері жерге сіңген,
Жаз өлеңді, жұрт ізіне!»
Сүртіп терін маңдайынан,
Сергей енді шылым шекті.
Сонау қостың маңайынан, —
Әншіл жастың шуы жетті.
Іздедім мен үндерінен,
Дастанымның нәшін жаңа.
Айналамда тұр керілген,
Ақ бидайдай жасыл дала...
* * *
Ақша қырдан күн де асты,
Ақ шатыр да жақындады.
Сергей неге жылдам басты,
Ынтығы не шатырдағы?
Қарап едім, ол күлімдеп,
Жүзі тағы арайланды.
Тоқтады да тез күбірлеп,
Ақ шатырға қарай қалды.
— Ех, сырласым, мақталар ем,
Маған айдай нұрын жайса.
Тіпті содан бақ табар ем,
Ағытса тек сырын Айша?!
Тәкаппарсып бұлқынбайды,
Сөйлесуге кезіккенде.
Жылы жүзбен құп тыңдайды
Сыршыл өзі — нәзік пенде.
Бірақ өзі сырға берік,
Өз бетінше үн қатпайды.
Өмірінен дерек теріп,
Сұрағанды ұнатпайды.
Қалар едің сен құмартып,
Бетіндегі шұңғыл меңге.
Бала қыздай ішін тартып,
Сықылықтап шын күлгенде.
Құрбыларын шенеп сөйлеп,
Күліп қатты, қызған топта.
Киіп ерсі шолақ көйлек,
Шолтаңдаған қыздар жоқ па?
Қоңыр да емес өзгелердей,
Мұның жүзі аққұбаша.
Сызылады сөзге келмей,
Сездірмейді, жақтырмаса.
Болса мейлі әйел өзі,
Назды бірақ ол қыздардан.
Қазір тіпті жайнар кезі,
Асқан жаңа отыздардан...
Саған сырын айтар бәлкім,
Тумасы ғой маң даланың.
Жары қайда? Неге салқын?
Білмей соны таң қаламын.
Өкінішпен қатқан жан ба?
Аузы күйіп арамзадан?
Өзін жарға сақтаған ба. —
Не, майданнан оралмаған?
Әлде жары болды ма опат,
Қайғылы ма күйігінен?
Сөнгені ме сол махаббат,
Шешіледі түйін кімнен?
Үміткердей баққа дайын,
Не ақым бар өткенінде?
Келді мұнда, айтқандайын,
Айша жаздың көктемінде.
Жай емес ол, білімпаз жан,
Маған орай мақсаты да.
Нәр іздейтін құм мен саздан,
Аспаптар көп ақ шатырда.
Ол шығады таңсәріде,
Еңістерге жапа-жалғыз.
Ұмытқан жан кеңсені де,
Құзыры тек — cap жапан дүз.
Жүгіреді әр төбеге,
Уыстайды топырағын.
Басын шайқап әлденеге,
Кейде ұзақ отырады.
Әлде сорға, әлде баққа,
Осынау әйел келді бізге?
Мінді тағып әр бұйратқа,
Жүгіреді желді дүзде.
Келіп кейде егістікке,
Мені тіпті мұңайтады.
«Мынадан мол жеміс күтпе,
Бұл қуаң жер, құмайттағы».
«Өңі тозған мына дүзді,
Өңдесе ғой минералмен».
Сөйлегенде мінеп бізді,
Дәлел таппай қиналам мен.
Жер сиқырын баяндаған,
Картасы бар, айна сынды.
Сол сырлары аян маған,
Дәлелдері ойға сіңді.
Зая бейнет, құр қиялың,
Топыраққа телміргенің.
Шын қадірін химияның,
Ем—дәріге тең білмедім.
«Шіркін мынау шаң дүзіме,
Көлкітсе ғой нөсерді көп.
Сонда қалың дән тізіле,
Көк құрақтай өсер гулеп.
Тамшы тамбай, табынамыз,
Кейбір жазда қарап көкке.
Дәрменсіздей тарыламыз,
Кетсе солай талап текке...
Ех, шіркін, сол, космонавтар,
Жаңбыр бұлтын қуа келсе,
Кеңдігін де аспан ақтар,
Жерге нұрын құя берсе.
Әзілім ғой, көкте нем бар?
Әлекпін ғой жер ісімен,
Сусын келмей, бұл төбең зар,
Аққан анау Ертісіңнен.
Бірақ мұндай сыр қажет пе?
Ақын құмар Айшаларға.
Жырла соны, қазір жет те,
Толғана жүр, жайша барма!
Өлең-жырдың ол бөбегі,
Сырлары бар біз ұқпаған.
Тыңда жаның тербеледі,
Тың аңыздай қызық саған.
Бейуақытта, күңгірт кешке,
Барады да «Терең сорға»,
Көз тіккендей бір елеске,
Отырғанын көрем сонда.
Қарайды да сол көлшікке,
Күрсінеді Айша неге?
Сүйіктісі сор кешіп пе?
Сол қайғысын жайша деме!
Менде жыр жоқ, мен әшейін,
Жер тырнағыш түрен сынды...
Айша айтса, түнге шейін,
Тыңдар едің терең сырды.
Өскен екен қиыр жақта,
Келген шығар қимай елді.
Әлдекімге бұйырмақ па,
Қарындасың, бидай өңді?
Әлдекімге кім қияды?
Келем соған шатырдағы,
Жыр етсін деп химияны,
Қос басына шақырғалы...

«ТЕРЕҢ СОР» СЫРЫ
1
Тып-тыныш кеш, жел жусап,
Көл толқынын жиырды.
Жерлестерім ән шырқап,
Жарқабаққа жиылды.
Жіктемессің айырып,
Бәрі бірдей көрікті.
Шашын келте қайырып,
Тракторшы келіпті.
Қарасаң бір саңлақ,
Сылаң қаққан сауыншы,
Күміс қоңырау саңғырап,
Шыққанда наз дауысы.
Отыр алда балташы,
Құрылыстың шебері.
Қандай әсем, байқашы,
Тас үйлердің бедері?!
Бірі келген Тамбовтан,
Бірі таулы Оралдан.
Жиналыпты жан-жақтан,
Туыстарым оралған.
Келіпті мал басынан,
Жәкең қарт та жиынға,
Өтіп талай асудан,
Жүрген басқа қиырда.
Отыр талай көшкендер,
Бұрын құтсыз қоныстан.
Шартарапта өскендер,
Көп жұлдыздай тоғысқан.
Солар үшін жырымды,
Отырмын мен күбірлеп.
Күй сыбырлап бұрынғы,
Әрлеп жаңа дүбір кеп.
Сергей қайда қарады,
Жұртты мұнда шақырған?
Күліп еді қабағы,
Айша шықты шатырдан.
— Жігіттер, тез тыныңдар,
Дамылдасын қыр-қия.
Сендерге тың сыры бар,
Келе жатыр — химия.
Ол да жердің сіңілісі,
Аты — Айша біліңдер.
Тыңдағы бұл тың кісі,
Бауыр тартар бұлың бел.
Шашу етіп алдынан,
Қыр моншағын жайса да,
Мынау дәндер шалқыған,
Кем көрінді Айшаға.
Сонша молға дәмелі
Айтар өзі дәлелін
Таныстырсын әуелі
Ақынға сөз беремін...

2
Дәнсіз онда боз белім,
Дүзге бұзау бағамын.
Онда мен де өзгемін,
Зыр жүгірген баламын.
Сор басында шағын жұрт,
Малдары да азғана.
Тартқан бәрін cap үміт;
Иен мекен, жаз, дала.
Ауыл деген атағы,
Жиналғандар әр жерден.
Әр қаланың жатағы,
Әр кәсіппен әлденген.
Онда соны білдім бе?
«Терең сорға» мәз едім.
Ырыс бардай түгінде,
Жайраңдаған жаз елім.
Бағып малын, жалаңдап,
Жерден тағы дәметті.
Жосаланды алаң жақ,
Серік ағай дән екті.
Бәсеке ғой бәрі де,
Бұрқыратты шаңдақты.
Кестелі жер керіле,
Әдіптеді жан-жақты.
Сол жаз менің жадымда,
Аулымыз дән өсірген,
Желге, күнге, жалынға,
Кетті зая несібем...
Өктеді жел мамырда,
Құйындады топырақ.
Асыр болды дауылға,
Дән себілген атырап.
Серік ағай әбігер,
Жер ісіне белсенген.
«Ақтамай ма кәрі жер,
Бейнетін де ел сенген?»
Жас анасы емізген,
Айша онда нәресте...
«Ақ бөпешім» дегізген,
Сәби қалпы әлі есте.
Әкесін сол кездегі
Кеюсіз бір көрмедік.
Айша бірақ сезбеді,
Бесігінде тербеліп.
Қарап сонау егіске,
Қара бұлттай түнерді.
Құйын тулап еңісте,
Дән себілген құм ерді...
«Терең сордан» осындай,
Басталды бір жаз алды.
Тамшы жоқ көз жасындай,
Аспан неге сазарды?
* * *
...Кектімін сол шілдеге,
Баяны да бар ұзақ.
Алау тиіп сүлдеме,
Аптап еді аңызақ.
Өртелді ме күн көзі,
Кірпіктері ұшқындап?
Түтеп көктің күмбезі,
Жалындады түстік жақ.
Аспан қырдай құрылды,
Көрінбеді меңдей бұлт.
Қарғап өрттей қу күнді,
Сапырылды сеңдей жұрт.
Жұрт құдайға бас ұрып,
Көкке қарап аңырды.
Серік ағай ашынып,
Сөкті тура тәңірді.
Кеуіп жердің таңдағы,
Солды бидай көктеген.
Түкірік нәр тамбады,
Тарылды бұл, көк неден?
Келді бір күн күрт індет,
Қойға тиді топалаң.
Ұшты сиыр дүркіндеп,
Бұтадай, тез отаған.
Кеткендей бір жалап өрт,
Айналаны, алшақты.
Елге тиіп оба-дерт,
Талай жанды жамсатты...
Ұмыттым ғой, көбін мен,
Бірақ сол күн есімде.
Найза төнді көгімнен,
Тұс ауа, не, бесінде.
Қайырдық біз бұзауды,
Алыс қырдан асырға.
Қызық көрдім ұзауды,
Құрмаш болса қасымда.
Түсі қызыл, сүйір тік,
Көкте жүзген құйыршық.
Оқ жыландай иріліп,
Атты кенет шиыршық.
Қарауытты булығып,
Сағым басқан cap алап.
Қызық көріп жүгірдік,
Санымызды сабалап.
Айналды тез дауылға,
Боратып құм құйынды.
Біздің момын ауылға,
Қара пәле түйілді.
Ауыл біткен у да шу,
Айғай шығып әр шеттен.
Құдайдан деп бұл ашу,
Жалбарынған, зар шеккен.
Иірілген зіл қара,
Басатындай еңсеңнен,
Болатындай зілзәлә,
Киіз үйлер теңселген.
Жүгірдім мен үйіме,
Шошыдым да ойбайдан.
Шешем қақсап бүйірде,
Әкем мүлгіп қол жайған.
Үрейлендім үйімнен,
Шайқалып тұр шаңырақ.
Уық біткен иілген,
Сынатындай қақырап.
Құрым түндік желпілдеп,
Дауыл ұрған сабалап.
Керегелер селкілдеп,
Саңғырады сағанақ.
Қара сұмдық астында,
Қалшылдады ауыл тек.
Шын албасты басты ма,
Құтырды ма дауыл — көк?
Әкеден сәл ұрланып,
Жабықтан мен қарадым.
От құйрығы тұр жанып,
Айдаһардай қараның.
Уа ғаламат, уа құдай,
Кетті ме көк шатынап?
Әлгі қара бомбыдай,
Көлге түсті шатырлап!
Астан-кестен айнала,
Көп лашықтар домалап,
Тұмандалды сай, дала,
Қара жалын қамалап.
Көлге қарай ұштым мен,
Көруге сол ойранды.
Бу бұрқылдап үстінен,
Көл зығырдай қайнады.
Есі кеткен жұрт мұнда,
Азан-қазан, жүр жылап.
Жоғалған үн жұртында,
Тұрды Серік тұнжырап.
Асау аспан ашуын,
Бұрқап, оқтай құм атып,
Кетіпті қу лашығын,
«Терең сорға» құлатып.
Айша жатты шырылдап,
Үй жұртында, жөргекте.
Ана қайда? Сыр ұрлап,
Түнеріп тұр жер, көк те...
Желбауына шырмалып,
Шықпай сорлы далаға,
Үймен дауыл бірге алып,
Сорға батты ана да...
Серік ағай жүгірді,
Шыр айналып көл басын.
Көлге қарап бүгілді,
Жоғалтып жан жолдасын.
— Ауылымызды аунатқан,
Мынау сірә албасты?! —
Деп гулесіп жан-жақтан,
Желді сөздер жалғасты.
Сөйледі Әбіш молдекең,
Көк сақалы селкілдеп.
«Күнәсі көп бұл мекен,
Кеттің бәрін, еркіндеп.
Құдай жоқ деп есірді,
Жастар әбдән бұзылды.
Серік бастап кесірді,
Жосалады дүзімді.
Одан-бұдан байыдың,
Зекетсіз мал жиналды.
Аллаға көп айыбың,
Ұмыттыңдар иманды...
Бұлттай кезген аспанды,
Болатын бір мұғаллақ,
«Терең сорға» тасталды,
Құдай соны бұғаулап.
Айдаһардай басы бар,
Жалмар әлі талайды.
Бұл қоныстан қашыңдар,
Қанды көлі қарайды.
Құрмалдығын беріңдер,
Сауап тілеп тәңірден.
Кетем, маған еріңдер,
Құтсыз мынау өңірден!»
* * *
Серік ағай бір ғана,
Тәңірге бас имеген.
Мынау Сордай сұрлана,
Қарап келге күйреген.
Айналды да бірнеше
Іздеп Сордан жұбайын,
Кесір көкпен тілдесе,
Қоса тілдеп құдайын,
Кете барды бейуақта,
Алып қолға бөбегін.
Кетті содан қай жаққа,
Естімедік бебеуін.
Сұмдық деген сөз өктеп,
Қарсы шықты бұған кім?
Сөйлеген тек безектеп,
Біздің Уақит мұғалім.
Оның сөзін тыңдай ма,
Үрейлі жұрт, үріккен.
Не жаздық деп құдайға?
Қарап көкке күдікпен.
Пәле төніп аулыма,
Түкпірдегі керең сол,
Әр тарапқа ауды да,
Қарай қалды «Терең сор»

3
Абыржыды қалың жас,
Қарап көлге, Айшаға.
Сөз бастады қарындас,
Көлге мұңын жайса да.
Өткенді көп қумады,
Өткенін көп қозғама!
Айтты өзі туралы,
Ұзақ емес, азғана.
Тағдырын сол бұрынғы,
Мен де келте қайырам.
Құтқарып тез жырымды,
Сүрдей қатқан қайғыдан.
Сонау шетте шарқ ұрып,
Күйін жаңа түзеткен.
Әке бір күн алқынып,
Қайтыс бопты сүзектен.
Қалды қызы бестегі,
Бөтен ана бақты ма?
Айша еркін өспеді,
Сор жетімдік батты да.
Қызды солай шет қалған,
Максим көрші аяды.
Жетімекке детдомнан,
Тапты жылы аяны.
Өсті Айша, сол пана
Бесігіндей тербетіп.
Қуды жылды қыз бала,
Көк шынардай ер жетіп.
Болды жылы мекені,
Сібірдегі зор қала.
Мектеп — өмір жетегі,
Оқу — арман, сол ғана.
Қызық жылдар ВУЗ-дағы,
Өтті қызық көктемдей.
Құлаш ұрды қыз-дағы,
Оқу — терең өткелдей.
Ұстаздары баулыған,
Тең болыпты әкеге.
Ұшырыпты баурынан,
Ғылымдық бір мекеме.
Өзі тілеп Сібірден,
Келді мынау мекенге.
Бірақ еткен сырын мен,
Түгел баян етем бе?
Бар шығар бір мұңы да,
Бар да шығар арманы.
Толқын сынды ғұмырда,
Аттай ма дәл арнаны.
Жырдай ма бір тізбегі,
Өмірдің көп ырғағы.
Кінәлі ме қыз тегі,
Алданыстың құрбаны.
Сол ма шіркеу бетіне,
Кім белгілер күйемен?
Мейлі соған бекіне,
Айрылысыпты күйеуден.
Сырласқанда мен кеше,
«Адасыппын» деп қалды.
Айыпты кім ендеше?
Дегенімде тоқталды.
Сынап оны кінәлап,
Өкінішке жүзбеді.
Кей әйелше сыналап,
Қылмысты да тізбеді.
Әлде қозғау ауыр ма?
Жүректегі жараны?
Жоқ па сірә дауы да,
Түйілмеді қабағы.
Сонысын мен ашпадым,
Алдымдағы жиынға,
Оймен шолып аспанын,
Ол қарап тұр қиырға.
Ол сөйлеп тұр жағада,
Айналаның тың бәрі.
Дәндер жусап далада,
Жерлестерім тыңдады.
«Мені желі тербеген,
Бесігімде, құндақта,
Туған мынау кер белең,
Шақырды ма бұл жаққа?
Әйтеуір мен құмармын,
Құмына да, көгіне.
Білмей қайтып тынармын,
Анашымның кегіне?
Әлде көктен тасталған,
Метеор ма, жасын ба?
Жайды тартқан аспаннан,
Көл де сірә, асыл ма?
Жұмбақ сынды сор бейне,
Бірақ бұл ма, мәселе?
Қызық па сол Сергейге,
Сортаңға дән өсе ме?
Еміренбес қыр-қия,
Еңістерін тілгенмен.
Тыңдаңыздар химия,
He тілейді Тың белден?»
Сөйлеп кетті осылай,
Әр белге ой жүгіртіп,
Басқан ізге қосылмай,
Өзінше бір тың жыртып.
Айдай жайнап жағада,
Айша тұрды күлімдеп.
Айтылған сыр бағана,
Келді маған күбірлеп.
Құтсыз қоныс керең сол,
Ауған ауыл, бәрі есте:
Жайды жұтқан «Терең сор»
Жылап жатқан нәресте...

ДӘН ЖОРЫҒЫ
Ойларымды жусатып,
Шықтым ерте дөң аса.
Көк теңізге ұқсатып,
Жүздім қырды оңаша.
Қандай ғажап маңайым,
Толқын түсті торғындай.
Тұнық жырмен бағайын,
Толықсысын тор бидай.
Маң төбенің астында,
Мотор күйі шертілді.
Дүркіндеген тасқын ба?
Сол күй алды еркімді.
Үкілі бас дәндерім,
Билегенше орақпен, —
Келбетіңе кең жерім,
Қуанамын қарап мен.
Көркіңнен жыр іздедім,
Дән самалын аңсадым.
Керілсінші Қызбелім,
Мөлдіретіп моншағын.
Дүзді жеке кезуді,
Қаладым мен таңертең.
Жетектеді өзімді,
Жырым менің, жан еркем.
Комбайн жүр кемеше,
Селді жарып аққандай.
Тап алдымнан жел есе,
Қауыз ұшты ақ қардай.
Желбіреп ақ шәлісі,
Рульде қыз қасқиған.
Комбайнның шалғысы,
Ұстарадай шаш қиған.
Сусылдайды маржандай,
Күймедегі алтын дән.
Мұрынымды жарғандай.
Нанның исі аңқыған.
Әулие нан, ғазиз нан!
Сені күнге теңер ем,
Жатса жерде жалғыз дән,
Бас иіп мен терер ем!
Сенде өмір нәрі бар,
Сәулесі бар күннің де.
Туысымның тері бар,
Иісі бар гүлдің де.
Молшылықтың қорындай,
Отаныма сый — дәнім, —
Деп қалған бір орылмай,
Масақты мен сипадым.
Тұрдым солай. Сол бір кез,
Айғай шықты артымнан.
«— Ей тоқта сен, бұрыл тез,
Қисық басқан антұрған.—
Сергей екен ашулы,
Даусы шықты жаңғырып:
— Қырса солай шашыңды,
Шекеңде жал қалдырып.
Соқырмысың, мұның не?
Жерге шашып моншақты?
Ендеше жұл қолыңмен,
Мына қалған масақты.
Ұста тура бетіңді,
Жерге бір дән қалғызба!» —
Деп Сергейім зекіді,
Комбайншы сары қызға,
Қандай қыз бұл мүләйім,
Ұятын да аңдадым.
Үнсіз ғана мұңайып,
Жұлды қалған дән жалын.
— Жайшылықта жұмсақ ең,
Досым неге түйілдің?
Қыз бала ғой, мұнша сен,
Неге қатты бұйырдың?
— Қайтер ең сен, шашылса,
Әр төбеге несібең?
Аяққа дән басылса,
Ақ теріңмен өсірген?
Сонау қырдан келдім мен,
Терге батып ақсаңдап.
Масақтар көп селдиген,
Орған белде, ақ таңдақ.
Жақсы ғой жай сөзіңді,
Осы қызың ескерсе.
Тапсырмаға төзімді,
Тәртіп керек әскерше.
Сергей сорып шылымын,
Егіндікке қарады.
Азсынды ма шығымын,
Түйілгендей қабағы.
Сергей басын шайқады,
Әлденеге күрсініп.
— Айша не деп айтады,
Соған сағым тұр сынып.
Топырағының нәрі көп,
Құнарлы бел деп едім,
Тыңайтпай-ақ дәрілеп,
Дәнге мұны бөледім.
Табалайды бұл үшін,
Айша тағы білемін.
Үмітімнің бұрысын,
Аян етті бұл егін.
«Берері мол жер екен,
Бабын неге таппадың?
Болсын қайдан берекең,
Топырағын бақпадың».
Айша солай мінеді,
Жұрт көзінше әлгінде,
Аямады, жүрегі
Мұқатуға әлді ме?
Қазір тағы келер де,
Дәнді көрер уыстап,
Сөзін нықтап дәлелге,
Дәмесі бар ұрыспақ.
Ойладым ба өткенде,
Химияның мол емін?
Мәз болып дән сепкенге,
Кеңейттім ғой көлемін.
Өкпелі жер өзінше,
Сыйға қарай сыбаға.
Айшаның тек көзінше,
Бұл мінімді сынама.
Мінегенге мәз Айша,
Дей ме мені бас ұрсын.
Менің парқым азайса,
Өз мерейін асырсын.
Ұмытты ма туысың,
Айтшы соны Айшаға:
«Махаббатсыз тұл ісің,
Құн шуағын жайса да»,—
Деген екен бір ақын,
Шықты ма сол есінен.
Жүрегімді бұратын,
Сондай сөзге шешілем...»
Басталған сол әзілмен,
Дөңнен төмен аттадық.
Сергей солай сезілген,
Сырын саяз ақтарып.
Алдымыздан, ақ қырдан,
Айғай шықты — Сергейлеп!
Айша екен шақырған,
Шеттен қолын сермей кеп.
— Тағы да дау басталды,
Шақырып тұр шаңдаққа.
Бұзып біздің жоспарды,
Күздік жыртпақ сол жаққа.
Химияның әмірі,
Құдіретті десе де,
Солған мәңгі тамыры,
Тулаққа дән есе ме?
Ырзамын ғой дәлелге,
Айтса болды жөнімен.
Менікі жөн дегенге,
Үнсіз қалай жеңілем?
Дау не керек жыршыға?
Желдірте бер өлеңді.
Жібер мені бұл сынға,—
Деп Сергейім жөнелді...
* * *
Өзім жеке тербелдім,
Көтерілген еңсеммен
Көк теңізге тең көрдім,
Көп бидайды теңселген.
Крейсердей жүзіп жүр,
Комбайндар жайсаңда,
Сен де жырым қызып бір
Қанатыңды жай, самға!
Өлшемедім өлеңмен,
Мөлдір дәннің мөлшерін.
Өзім туған белеңнен,
Өр сенімді өлшедім.
Емеспін ғой санақшы,
Бидай басын қаттаған.
Жырыма көп сарапшы —
Содан қалай ақталам?
Қиын ғой жыр асуы,
Қиялап көп жығылдым.
Қыраулап бұл басымды,
Құзға неге жүгірдім?
Тракторшы болсамшы,
Күйді шерткен темірмен?
Не қой бағып қалсамшы,
Жайлауының төрі кең?
Сөзді бақтым, жыр еттім
Кінә менің өзімде.
Лүпілдерін жүректің,
Жауаптымын сезуге.
Ойлап соны жөнедім,
Сарша қыздың ізімен.
Ерді бірге өлеңім,
Дән секілді тізілген.
Қарамаппын көгіме,
Көкжиекке сүйенген.
Ашық көкті тегінде,
Ақ пейілдей сүйем мен.
Әлгінде күн шағыл да,
Шілдедей сол баяғы.
Егін сүңгіп сағымға,
Кең аспандай аялы.
Бұзау баққан белесім,
Толықсып тұр бидайға.
Сонау кездің елесін,
Ескересің мұндайда.
Ескі мола белгі де,
Осы белді асқанда,
Өткен еске келді де,
Қарай қалдым аспанға.
Кенет көкті жапты бұлт,
Шөлдеді ме күн сірә?
Жел де соқты аптығып,
Жер мен көкті қусыра.
«Терең сордың» сыртынан,
Жарқ етті тез нажағай.
Сұлу және сыры таң,
Табиғаттың ғажабы-ай!
Жауып рақат өзіме,
Құйындап тез өте көр!
Елестеді көзіме,
Баяғы сол метеор.
Күн еді тап осындай,
Қуарған дүз, осы маң.
Көктен түскен тосын жай,
Дүркіреп жұрт шошыған.
Қазір құтты мекенге,
Күлімдейді күн, ай да.
Қазір кәрі Жәкең де,
Еңкеймейді құдайға.
Айдаһар жоқ көгімде,
Жоқ жүзімде қорқыныш.
Күркіре көк, керілме,
Жыр тыңдасын жер тыныш!
Төк нұрыңды себеле,
Жоламасын шаң қырға.
Жұпарына кенеле,
Кеуде тостым жаңбырға.
Суға шылқып келіп ем,
Шомылсын деп кәрі жүз,
Алдымда тұр кейіген,
Комбайншы сары қыз.
«— Білмей көктің болжауын,
Бастатқан кім орақты?
Жау ғой бізге бұл жауын,
Дүркін істі таратты.
Тілегенде тамбады,
Қара енді бүлігін.
Шірітпек қой жондағы
Бидайымның бұрымын.
Зерттесейші әуені,
Осы жерде бір кісі.
Әлденеге әуейі,
Бізге келген білгіші.
Сергей әуре күн ұзақ,
Әйелменен әлгі бір.
Кетті екеуі тым ұзап,
Мұнда иесіз қалды қыр.
Жауын міне, селдеді,
Доғарылды комбайн,
Машинасы келмеді,
Су болуға дән дайын.
Ұрысуды біледі,
Маған бейне балаша.
Сынаса да күледі,
Айша тура қараса»,—
Деп тарылды сарша қыз,
Күндеуі ме, өші ме?
Сыр білсек те қанша біз,
Шабанбыз ғой шешімге.
Ойламадым қыз назын,
Жаңбыр үшін ұялдым.
Жаңбыр іздеп қызғаным,
Қиянаты қиялдың.
Сулана ма мынау дән,
Егін залал тарта ма?
Мезгілсіз сел бұл жауған,
Жаусайшы тек арқама.
Ал Сергей ше? Ол зәуде,
Дау айтып тұр Айшаға.
Қыздың сөзін болжау де,
Қызғанса да қаншама.
Ойлап соны көз тіктім,
Солар жүрген шаңдаққа.
(Қадалыпты қыз тіпті,
Қаршығадай сол жаққа.)
Ұялып ем жауыннан,
Енді араға түс ақтап.
Сергейім жүр дау қуған.
Айшамызды құшақтап.
Алғыс айтар ер жігіт,
Қыз жаураса нөсерге.
Құшаққа енер өр үміт,
Қыз қарысқақ десең де.
Сәті ме бір сондайдың,
Айырмадым сонысын.
Достықтарын қолдаймын,
Сүйінемін сол үшін.
Көріп соны сары қызым,
Сұрланды да бұлтиды.
Қызғаныштан бар ма ызың,
Бетке неге бұлт үйді?
Мейлі шешер өздері,
Шын махаббат дарысын.
Осынау шұғыл кездегі,
Толғандым мен дән үшін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Негр Джемс

  • 0
  • 0

Бітті майдан...
Болған ойран,
Ішінде қаланың,
Қалып қайран,

Толық

Марқакөл

  • 0
  • 0

Тас қиядан таң аса мен
Аңсап келдім көлдің нұрын.
Күмбез тауға тамаша кең
Көл де жайды көк мөлдірін.

Толық

Тұрлаулы тағдыр

  • 0
  • 0

Білемін, өкпелісің өлеңіме,
Түскенде уақыттың сен елегіне,
Шадыман жырмен ғана шалқыдым мен,
Тағдырын тұстасымның еледім бе?

Толық

Қарап көріңіз