Өлең, жыр, ақындар

Албанға

  • 02.08.2019
  • 0
  • 0
  • 4599
Райымбек секілді батыр берген,
Мұқағали секілді ақын берген.
Албан елі қашанда қасиетті,
Сондықтан да, жаныма жақын көргем,
Сондықтан да, балама атын бергем.
Өзгелерден ерекше атың Албан,
Басқа кім бар бір елдің атын алған?
Қона кеткен осы сөз көкейіме,
Сен туғанда алтын таң атып алдан.
Сөз мәнісін, жан балам, білесің бе?
Құдірет бар түсінсең бұл есімде.
Атыңды атап алдына барғанымда,
Айтқаны әлі әкемнің тұр есімде.
Бақыт тілеп жолыңа сен ботаның,
Оқып тұрып дұғасын оң батаның,
Немерем деп сексенге келіп көрген,
Мынау еді айтқаны сонда атаңның:
«Кеңесуің жөн еді қауымменен,
Атын қою бір елдің ауыр», – деген.
Әке алдында алайда тосылмастан:
«Бәрінен де бұл есім тәуір», – дегем.
«Атын білсе жүз адам бір адамның,
Жайы болар жұмақтан бұл адамның».
Деген кезде сендіріп әкем тағы,
Бұл сөзіне қалтқысыз құлағанмын.
«Жырлары оның теңіздей шайқалатын,
Ешбір күш жоқ толқынын қайтаратын.
Мұқағали – мәңгілік байтақ ақын,
Миллиондар, – дегенмін, – айтады атын.
Райымбек секілді батыр берген,
Мұқағали секілді ақын берген.
Албан елі қашанда қасиетті,
Сондықтан да, жаныма жақын көргем,
Сондықтан да, балама атын бергем».
Тұлпарларын тудырып тұғырлаған,
Ол кезде әкем ақынды ұғынбаған.
Кінә тағып қайтеміз қарт кісіге,
Ол ұқпаса, сен ұғын бүгін, балам.
Өмір көркін қаз қалпы түсінде ерен,
Өлмейтұғын өлеңмен мүсіндеген.
Мұқағали секілді майталманды
Ол кездері өзім де түсінбеп ем.
Хан Тәңірдей таулардың биіктігін,
Мұқаңдардай заңғардың иықтығын,
Күнделікті қасында бірге жүріп,
Ол кездері көрмеппін, сүйікті ұлым.
Қолда барда алтынның қадірі жоқ,
Таланттыны тіріде таныры жоқ.
Өткен сайын жыл жылжып, Мұқағали
Бара жатыр өлеңнің тәңірі боп.
Болсаң егер сөзіме сенетұғын,
Кейде Мұқаң еркінси келетұғын.
«Қызталақ», – деп сынап ап кей жырымды,
Інісіндей іш тарта беретұғын.
Ай маңдайы жарқырап енетұғын,
Шәйін жақсы мамаңның көретұғын.
Кентерінде: «Қошқардай қос ұл тап», – деп,
Ақ көңілмен ақ бата беретұғын.
Табиғат та көз жасын селдеткенде,
Көзін жұмған ұлы ақын сол көктемде.
Дуалы аузы Мұқаңның қабыл болып,
Келгенсіңдер өмірге ол кеткенде.
Туылдыңдар шынында егіз болып,
Көңлім шалқып тасыған теңіз болып.
Ескерткіш деп, елінің атын қойғам,
Аруағы ақынның негіз болып.
Өміріңді тәтті сүр, сәтті сүр де,
Бұл есімді, жан балам, бақ құсым де.
Мұқағали талантын тарту еткен
Албан елі даңқына дақ түсірме.
Аруақ сыйлап келіп ем тойға мына,
Мастанбаймын бір күндік тойғаныма.
Жұрт алдында мақтансам мақтанамын,
Атыңды мен Албан деп қойғаныма.
Түсін бүгін осыны, Албан балам,
Мұқағали елін тек малданбағам.
Асқар таудай ақиық ақындарын
Тойлап жатыр аруақ Албан бабаң.
Райымбек секілді батыр берген,
Мұқағали секілді ақын берген.
Албан елі қашанда қасиетті,
Сондықтан да, жаныма жақын көргем,
Сондықтан да, балама атын бергем.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айтшы

  • 0
  • 0

Сүйіктім менің, сөзіме сенгін,
Бір сәт те болса, қасыма келгін.
Бір сәт те болса, қалуың үнсіз –
Мақұлдап мені, сүюің мінсіз.

Толық

Айдаһар

  • 0
  • 0

Елтаңбасы «Айдаһар»,
Қытайдай ел қайда бар?
Сұсты десең, сұсты ел,
Күшті десең, күшті ел.

Толық

Кемпір мен қызметші қыздар

  • 0
  • 0

Болды кемпір мазасыз да сабырсыз,
Жүре алмайтын дабырсыз.
Қызметші екі қызы бар еді,
Жіп иіріп ұзақ күнге тынбайтын.

Толық

Қарап көріңіз