Эссе және өлең-жыр байқауы

Әйел

  • Bain
  • 26.04.2015
  • 1
  • 3
  • 7010
Қылмыстан жазып Тәңіріге,
Қарсы келіп әміріне,
Қуылды Адам жұмақтан.
«Қайт,- деген,- қара жеріңе,
Бесігіңе, көріңе!»-
Бұйрық болды бір хақтан.
Батпас жарық күні жоқ,
Періштелер үні жоқ,
Айнала - өлім тып-тыныш.
Өткелсіз биік тауы бар,
Есепсіз түрлі жауы бар,
Қараңғы көрдей қорқыныш.
Жерге түсті жалаңаш,
Көңілде - қасірет, көзде - жас,
«Кеш, Тәңірі!»- деп сұрады.
Қорықты ма қатты жазадан,
Алда құр жалғыз азадан,
Зарлады, қатты жылады.
Жерде жалғыз зарығып,
Көктегі жұмақ сағынып,
Жылады баспай өксігін.
Жасты көріп, Жаратқан,
Ыстық дария боп аққан,
Ашты рақмет есігін.
Жұмақтың жібек желінен,
Жайнаған мәңгі гүлінен,
Хош иісін аңқытып,
Күміс кәусар суынан,
Суының алтын буынан,
Бетінде нұрын балқытып,
Көктің батпас Күнінен,
Періштелер үнінен,
Жұмақта хорлар лебізінен,
Өз нұрынан нұр бөліп,
Сезгіш, сүйгіш жан беріп,
Махаббат, рахмет теңізінен,-
Жаратты Тәңірі әйелді:
Бастасын деп бар ерді
Туралық, шындық жолына.
«Адаспассың, азбассың,
Тура жолдан жазбассың,
Ерсең,- деп,- мұның соңына!»
«Жұмақтан жырақ кеттім!-деп,-
Кешілмес күнә еттім!»- деп,
Жылама зарлап, налыма!
Жолбасшыңнан өрнек ап,
Сенің де көңілің болса ақ,
Жұмақ даяр тағы да!»
Өтті заман. Жас кепті.
Қорқыныш, қатер, қайғы өтті,
Ұмытты адам Алласын.
Жауыздың жасы жалған ба ед?
Жауыздық оған арман ба ед?
Жер жұтты ма уағдасын?
Кешегі әйел-періште
Адамды бастар ғарышқа,
Жүзі жарқын нұрлы айдан,-
Еңіретіп күң ғып сататын,
Еріккенде ойнап жататын
Болды, қалды бір хайуан.
Енді ежелгі көркі жоқ,
Көргені қорлық, еркі жоқ,
Естисің бе зарлы үнін?
Бұл ісіңді қоймасаң,
Әйелмен ылғи ойнасаң,
Жүрмесін көп боп бұл күнің!

Басқа да өлеңдері

Қайғылы сұлуға

  • 1
  • 0

Көркің хор, періште еді сенің жаның,
Ойлаушы ең күні-түні көк аспанын.
Мінезін адамзаттың сынамаққа,
Мезгілді орын ғып ең бұл жалғанын.

Толық

Сағат

  • 1
  • 3

«Шық-шық!» деп соғып тұр
Тоқтаусыз бұл сағат.
Дүниеде неғып тұр
Адамзат бір сағат!

Толық

Өткен - аяулы

  • 1
  • 1

Cap дала бейне өлік сұлап жатқан,
Көбіндей ақ селеулер бетін жапқан.
Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,
Сәуле емес, қан шашып тұр күні батқан.

Толық

Пікірлер (3)

Санжар

Өлеңдері өте жақсы əсерлі.

Аййнур

Керемет

Белгісіз жан

Өлеңдері керемет.
Менің бір сұрағым бар еді.Мағжан Жұмабаевтың "Шолпанның күнәсі" поэмасвндағы Шолпан кім?
Егер білсеңіздер айтыңыздаршы.Өтінемін айтыңыздаршы????

Пікір қалдырыңыз


Жүктелуде...