Өлең, жыр, ақындар

Ерторыны екі келінінің жоқтауы

  • 30.08.2019
  • 0
  • 0
  • 2326
Аузыңа сусын бере алмай,
Басыңа жастық қоя алмай,
Ақ дидарың көре алмай,
Қапыда кеткен дүние-ай!
Серкесіз қойдай ұйлығып,
Кең дүниеміз болды тар.
Есте қалмас сұм қайғы,
Заһар болды татқан нәр.
Жатқан жерін айтайын,
Бабалы тау оң жағы.
Айыр кезең баурайы,
Он жеті кісі жөнелді.
Жеті кісі, сегіз ат
Жатқанын жайрап көріпті
Көкорай шалғын сайдағы.
Бір жерге сүйек жия алмай,
Кәріп жанын қия алмай,
Уездной, судия,
Лекер келді сойғалы.
Дұшпаныңның союына болмады,
Шерменде болған сегізді,
Бір жолға Құдай қорғады.
Сары алтыннан салмақтым,
Патша ұлындай ардақтым.
Екі кісі бас қосса,
Бір кісідей аруақтым.
Құдіреті күшті Құдай-ай!
Жас басымнан зарлаттың.
Дұшпаныңа берсін бұл күнін,
Біздей де болған бейбақтың.
Бабалы деген құрғыр тау,
Жын мен сайтан ұясы
Тауындай болды ғой тозақтың.
Аршындай бойлы алғаным,
Марқа қозы сықылды
Құрбыласынан бағланым.
Көтермеске лаж жоқ,
Алланың басқа салғанын.
Арғы атамыз би өткен,
Ел тентегін түзеткен.
Арыстандай атекем,
Атекем, сіздей кім өткен?!
Бір қосын ел Амантай,
Бәріне үлгі көрсеткен.
Суық сөз келсе, тұрушы ең,
Дұшпанға қарай бір шеттен.
Дәулеті, табы аз ауыл,
Ақылменен күнелткен.
Үйде жатып өлмедің,
Тағдыр жетіп бір дерттен.
Біздің елдің жылқысы
Жау алдынан бұйырды.
Былтыр менен биыл-ды,
Жеті кісі қосшы алып
Атекем қуды қиырды.
Мына жауың күшті деп,
Шошынып тізгін жияр ма?!
Қарусыз қор боп өлді ғой,
Кінә да қойма бұларға.
«Жас бейбақ, О қалай» деп,
Досым келер жылауға,
Дұшпаным келер сынауға.
Адыра қалғыр қара тал
Жарамады бұрауға.
Сынаған дұшпан сынасын!
Азаматы сондай құласын!
Сұрағаным жоқ еді,
Біздей болып жыласын!
Атекем елдің туындай,
Тазалығы көңілінің,
Шарапат каусар суындай.
Жайдары, жайсаң мінезі,
Ұжмақтың хор қызындай.
Қасында бірге баласы,
Сары алтынның буындай.
Асынса белгі жарасқан,
Асыл пышақ қырындай.
Бірі қағып, бірі ілген,
Аждаһаның тіліндей.
Қарысқан сөзге қайраттым,
Хандардың ескі ұлындай.
Қажымайтын қарағым,
Бұрынғының бегіндей.
Айтып-айтпай немене,
Өтіп те кетті көрінбей.
Ақ мақтадай майдағы,
Қызыл гүлдей жайнады.
Алдынан өтпес үлкеннің,
Қарсы отырып зарладым.
Күпірлік сөзім бар ма, жұрт?!
Риза болып тұрамыз,
Алланың басқа салғаны.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Енесін келіннің жоқтауы

  • 0
  • 1

Қағыңнан алған қорегім,
Қайғылы болды жүрегім.
Қайғылы жүрек жазылар,
Апашым қайдан табылар?!

Толық

Заман-ай (3 нұсқа)

  • 0
  • 0

Еріккенде шығам деп тау басына,
Салып алдым сақина сау басыма, заман-ай.
Сені қимай кетуге, қарағым-ай,
Көпшіліктің қалдым ғой табасына, заман-ай.

Толық

Жиырма бес

  • 0
  • 0

Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса.
Таста да етігіңді байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса.

Толық

Қарап көріңіз