Өлең, жыр, ақындар

«Көңілден де кетеді көзден кеткен»

«Көңілден де кетеді көзден кеткен»
Деген сөз бар, бүгінгі күнге жеткен.
Болса егер адамда адал сезім,
Бағалайды бақытты болған кезін.
Сүйген жандар бір-бірін ұмытпайды,
«Үшіншінің» жүрегін жылытпайды.
Тағдыр басқа салады түрлі сынақ,
Өту керек сынақтан шыдап бірақ.
Сынақ келген еліме соғыс дейтін,
Бейбіт жолмен ешқашан бітіспейтін.
Осы жайлы айтайын бір оқиға,
Көрінетін көзіме жыр оқиға.
Төлеген мен ару қыз Жібек-тейін,
Ғашық жандар бар еді салар зейін.
Түскеннен соң соғыстың нәубет мұңы,
Кеткеннен соң халықтың дәулет гүлі.
Аттанды ер жігіті қан майданға,
Елін қолдап, қорғау үшін сан майданда.
Адал жары оны естен шығармайды,
Тілеуін тілеп, дөңбекшіп, мың аунайды.
Көзден кетті екен деп даңдайсынып,
Көрінбейді еш еркекке айдайсынып.
Азаматын күтеді зор үмітпен,
Қарамайды үмітіне мол күдікпен.
Күйеуі оның соғысты қаймықпастан
Жауды жойды майданда жай тұрмастан.
«Отаным!» деп елден ерек тұрған сәттен,
Бір оқ келіп алды орын пәк жүректен.
Күткен жар жүр жұмыс істеп қара термен,
Сол бір кезде қаралы хабар келген.
Төбесінен жай түскендей тіл жұтып,
Құлақ түрді көзіне қара бұлт тұтып.
Сөздерді естіп: «Байың сенің өлді» деген,
«Оны марқұм солдаттармен көмді» деген,
Келіншек тұр ес жоғалтып, талықсып,
Кеткендей бір кеудесінен жаны ұшып.
Солғандай боп жүректегі жан гүлі,
Шапшыды тулап көңліндегі бар мұңы.
Келіншек бір дем арыз айтып бұ дүниеге,
Ләм-мим демей, кетті аттанып о дүниеге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз