Өлең, жыр, ақындар

Хат...

Жүректерге нұр төгер жүзің сенің,
Көрген жанның есінен тандырады.
Сылдыр қаққан бұлақтай күлкің сенің,
Жігерімнің жарқылын жандырады.
Саусақтарың салалы, нәзік қолың,
Қолыңды ұстау қай жанға бұйырады?
Жаның-дағы тамаша, жарық жолың,
Жолың кімге белгісіз бұйырары.
Көз тартатын сұлулық қаншалықты,
Мықты болса аз көзге тоналмайды.
Нұр шашқаны жүзіңнің соншалықты,
Көрген жанның жүзінен жоғалмайды.
Суретшінің жасаған сүгіреті,
Тең келмейді көркіне сән түріңнің.
Шіркін, қандай бар екен құдіреті,
Сау адамды мас қылар әтіріңнің.
Тұнып тұр ғой бойыңда ар-иба да,
Қасиетің қашан да жасымайды.
Төреғали әндеткен Мадина да
Көлеңкеңнің өзіне татымайды.
Жеті айналған жер бетін адам аз ба
«Ең сұлу жан кім?» дегенде соның бірі
Назгүл атты есіміңді атамаса,
Онда оның сені көрмей өткендігі.
Бүкіл әлем білсе екен, күн де жұлдыз,
Бір жан ғана ғаламды нұр қылатынын.
Алты алаштың ішінде ең сұлу қыз,
Екібастұз жерінде тұратынын.
Сендей Жібек аруды жар ететін,
Төлегеннің жолы да сәтті шығар.
Гүл-гүл толқып тұратын алма бетің
Алматының апортынан тәтті шығар.
Саған ғашық жандардың саны тіпті,
Аспандағы жұлдызбен тең болса да.
Айдың саны, ойлашы, біреу ғана
Әлем, шіркін, қаншалық кең болса да.
Өмір өтіп жатқанмен таңнан-таңға,
Пенде деген бір-ақ рет жаралады.
Қолыңды ұстау бұйырса қандай жанға
Сол мәңгілік бақытты саналады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз