Өлең, жыр, ақындар

"Бозторғай құс сенен артық мен үшін..."

Асан ата сағатына қарады,
Сағынышы артып, шіркін, барады.
Арман атты жалғыз ұлы ауылға
Келе жатыр, артқа тастап қаланы.

Ауласында дастарханын жайнатып,
Ұлын күтіп, ойлар түртіп ол жатқан.
Топырақта аяқ ізін сайратып,
Арман, міне, көрінді кеп жол жақтан.

Қауышты да, құшақтады тым қатты,
Жалғыз ұлын, оқып келген қалада.
Мауқын басып алғаннан соң тіл қатты,
Үміт толы көзін қадап далаға:

«Осы ауылда ер жетіп ең хат танып,
Бірақ жарқын, жарық сенің бүгінің.
Арманжан-ау, жүрмін жұртқа мақтанып,
Арманыңмен бөліс қане, құлыным!?»

«Әкетайым, үш тілді де меңгердім,
Білімім бар, армансыз мен кетем бе?
Сауаты жоқ, күшке сенген «мен»-дерді
Қызықтырып, көшіп кетем шетелге!

Сонда ғана қанатымды кең қағам,
Алған білім, сірә, жерде қала ма?
Шетелден мен бақыт табам, тең табам,
Ақ батаңды бер, әкетай, балаңа?!»

Үміт өшкен көзін тікті аспанға,
Қарт жүрекке мына жауап батқан ба?
Асан үшін мұңға батып айнала,
Бозторғай жүр шыр айналып жай ғана...

Бетіндегі әжімдері секілді,
Көңіліне сызат түсті атаның.
Үнсіздікті бұзуға ол бекінді:
«Жер бетінде қызығып мен жатамын...

Жер бетінде қызығып мен жатамын,
Ұшқан мынау бозторғайға мәңгілік.
Өкініштің теңізіне батамын,
Армандарым құлағымда жаңғырып.

Мен секілді білімсіздік торында
Қалмасын деп, өзің үшін күрестім.
Туған жерді байытудың жолына
Қосар дедім менен де көп үлесін.

«Армандары от боп жансын көзінен»
Деген оймен «Арман» қойғам атыңды.
Туған өлкем гүлденер деп өзіңмен,
Арман күттім асқақ, ойға татымды.

Туған жерін қорғап өткен батырлар,
Туған жерін жырлап өткен ақындар
Есімдерін айтпақ түгіл, біздердің
О дүниеде хақымыз жоқ жақындар!

Ұлылығын, жылылығын мекеннің,
Ұғынатын ұрпағым жоқ артымда.
Ғаламдағы ең бақытсыз екенмін,
Өлем және ең бақытсыз қалпымда.

Сені оқып-тоқытқаным ел үшін,
Кіндік қаның тамған туған жер үшін.
Туған жерден қысы-жазы кетпейтін
Бозторғай құс сенен артық мен үшін!..»



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз