Өлең, жыр, ақындар

Есектің арқасы

  • 15.12.2019
  • 0
  • 0
  • 1700
Жалы желге жалбырап,
Басы жерге салбырап,
Салпаң құлақ сұр есек
Тұрған жалғыз сүлесоқ.
Қозы келіп қасына,
Қарай берді басына.
Анық бас па көргені,
Өз көзіне сенбеді.
«Ауыр шығар мына бас,
Мойны көпке шыдамас.
Әлдебіреу мынаның
Созса керек құлағын».
Сезді қозы сорлының»
Көрген барлық қорлығын.
«Жылауға елден ұялып,
Тұрғаны ғой мұңайып».

Қос бүйірі томпиған,
Қара қозы монтиған,
Жануарға жаны ашып,
Жөн сұрады жанасып:
– Айта қойшы шыныңды,
Сені мұнша кім ұрды?
Тұрсың өзің тыртиып,
Басың іскен күмпиіп,
Түспепті қақ айырып,
Тіршіліктен бар үміт.
Миың ақпай қалыпты,
Емес онша қауіпті.
Құлағыңнан сүйреткен
Жауыз еді бұл неткен!

Жұлып алса түбінен,
Масқара ғой шынымен.
Сонда да көп қайғырма,
Емдел аунап шалғынға.
Алсаң ертең сауығып,
Болады әлі бәрі ұмыт.
Достасайық, егер сен
Ниетімді жөн көрсең.

Есек баяу бұрылып,
Жайын айтты жымиып:
– Төл екенсің сүйкімді,
Сөзің қызық біртүрлі.
Көрінесің қиялшыл,
Кенже туған шығарсың.
Танымайсың сен әлі
Малдың бәрін қоралы.
Қоян құлақ, томар бас
Көріп тұрсың мені алғаш.

Есек деген ағаңмын,
Бата алады маған кім?
Қарамастан тұрқыма,
Пара-пармын жылқыға.
Қайраттымын өте мен,
Тас артсаң да, көтерем.
Құтырынған құйынша
Маған біреу ұрынса,
Бүйірінен мен оның
Қос аяқтап тебемін.
Кескен жеңдей құлағым,
Білгенің жөн, шырағым.
Ақаусыз денсаулығым,
Көңілсізбін сәл бүгін.

Жалғызсырап тұр едім,
Қабыл болды тілегім.
Даярмын дос болуға,
Олақпын тек ойынға.
Келе қойшы, қарағым,
Сені арқалап алайын.

Қозы қайтсін қуанбай,
Қошеметке мынандай.
Білмей сенер-сенбесін,
Желік кернеп кеудесін,
Сұр есекке мінді кеп,
Жота жүні үлбіреп.
Қысып еді тақымын,
Есек желді ақырын.
Салт аттыдай кәдімгі,
Кетті аралап ауылды.

Күшік көріп бұларды,
Іші күйіп мұңайды.
Аузын бағып бұл жолы,
Мыналарға үрмеді.
Бүгіп ішке қулығын,
Бұлаңдатып құйрығын,
Көлеңкесі секілді,
Есекке еріп отырды.

Сұр есекке алдағы
Кенет тісін қайрады.
Өстіп ере бере ме,
Митыңдаған немеге!
«Мал демейтін ел мұны,
Бұл есек қой белгілі.
Жыртылғанша көмейі,
Бақыру – бар өнері.
Жоқ азығы, жоқ үйі,
Жұрттың жұмыс көлігі.
Күші адал, сүті арам,
Бойы аласа бұтадан.
Салпаң құлақ сорлымен
Сөйлесейін енді мен».

Күшік енді қатты үріп,
Ойын айтты аптығып:
– Халің қалай, бауырым,
Арқаңдағы тағы кім?
Босамайды белің бір,
Күнің құрсын сенің бұл!
Мінгізбейсің тек мені,
Жаратпайсың, өйткені.
Күшік сөзі өкпелі,
Сұр есекке өтпеді.
Қалпын сақтап сабырлы,
Жүре жауап қайырды:
– Білем сені, шәуілдек,
Жарытпайсың бауыр боп.
Әлі есімде жүр менің
Жаудай көріп, үргенің.
Төлді арқалап келемін,
Сен мінетін жоқ орын.

Қара қозы манадан
Жоғарыдан қараған,
Қутың қаққан жердегі
Күшікке еркін сөйледі:

– Қабаттаспай қой әрі,
Есекке ауыр болады.
Зақым келсе беліне,
Көтере алмас мені де.
Болам десең маған дос,
Орын табам саған бос.

– Ант берем дос болуға,
Жан қиятын жолында! –
Деді күшік шәу етіп,
Бір жақсылық дәметіп.

Көтеріліп орнынан,
Ұғындырды төл бұған:
– Қанша доспыз десек те,
Мінгеспейміз есекке.
Оған жалғыз мен мінем,
Жайлап қана желдірем.
Арқама мін сен келіп,
Арғымаққа тең көріп.
Бірақ иттік істеме,
Құлағымнан тістеме.
Мініп алды қу күшік
Төл үстіне тырмысып.
Суын ішіп, жемін жеп,
Маймаңдаған көк үйрек,
Топты көріп көңілді,
Ойы соған бөлінді.
Мұны ойлап шығарған
Кім озады бұлардан.
Бірге жүрсе күнде өстіп,
Осы шығар шын достық.
Күн туса да сыналар
Ажырамас мыналар.
Қосылса кеп соларға,
Үйректе арман болар ма!

Бойын билеп қуаныш
Батылданған мына құс,
Сұр есекке жақындап,
Айтты ойын қақылдап:
– Аманбысың, алыбым,
Көп қой елге қайырың.
Алшы мені көтеріп,
Мәңгі дос боп өтейік.

Ұнатпай бұл үрпекті,
Есек селқос күңк етті:
– Қозы отыр ғой арқамда,
Орын жоқ сен жалқауға.

Үйрек үзбей күдерін,
Айтты төлге тілегін.
Қозы мына құсты аяп,
Жауап қатты қысқарақ:
– Көріп тұрсың, көк үйрек,
Арқамда бос орын жоқ.
Тілегіңді пысықтап,
Арқамдағы күшікке айт.

Отырған ең биікте
Қарап соңғы үмітке,
Болса игі жолым деп,
Мұңын шақты көк үйрек:
– Үйрек деген мен едім,
Жалғызсырап келемін.
Дос болайын саған шын,
Бұған қалай қарайсың?
Бос көрінді арқаң да,
Меселімді қайтарма.
Алшы мені көтеріп,
Мәңгі дос боп өтейік!

Қара күшік «көктегі»
Әжептәуір епті еді,
Жерге қарай созылып,
Алды құсты өзі іліп.
Достарынша төменгі
Оны арқалап жөнелді.

Жүрген сайын желігіп,
Құс күшігін тебініп,
Күшік төлін тебініп,
Төл есегін тебініп,
Ұзай берді төртеуі...
Бітті осымен ертегі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Наурыз

  • 0
  • 1

Өніп еккен дәніміз,
Бүршік жарды бағымыз.
Сәскеде – жаз,
Түнде қыс

Толық

Торсық

  • 0
  • 0

Жол шеккен кезде қиырға
Жаяудың жалғыз сенгені -
Толтыра сусын құйылған
Торсығы ғана белдегі.

Толық

Мүмкін емес

  • 0
  • 0

Сен сүйесің,
Мүмкін емес сүймеуің.
Көзің айтты
Сендіретін сол мені.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер