Өлең, жыр, ақындар

Келіншек тал

  • 24.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3321
Сабағыңнан мөлдіреп өлең-шықтар,
Сен неге жылап тұрсың, келіншек тал?
Көктем әлі келмейді, есесіне,
Көбелектей жауады көңілшек қар…
Мына күздің алтыны сондай әсем!
Жазда сенің кетті екен қандай есең?
Маған қара мықтымын! Өмір нұрын,
Ыза болып тұрсам да, қанбай ішем!
Білдірместен қайғымның ең ауырын,
Көңілді боп жүрем ғой, жылауығым!
Жалғыз сен бе жалғанда жеңге-талым,
Мекендеген мұнарлы мұң ауылын?
Жалғандықты мен дағы біліп қоям,
Біліп қойып, жымиы-ы-ып күліп қоям.
Анда-санда жалықсам жалғыздықтан,
Саябаққа сен тұрған кіріп қоям.
Келіншекке өзіңді теліпті кім?
Шайыр шығар!
Мен соған сеніп тұрмын.
Міне енді белгісіз сол ақындай,
Мен сені сағынғаннан келіп тұрмын…
Ешкім мендей білмейді сендік мұңды,
Ешкім сендей білмейді мендік мұңды…
Сен тыңдайсың, осылай ылғи мені,
Мен сүйемін өзіңдей енді кімді?
Сабағыңнан мөлдіреп өлең-шықтар,
Сен енді жыламашы, келіншек тал!
Көктем болып келемін, келесі жыл,
Ерімей жатқан кезде еріншек қар…



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мінәжат

  • 0
  • 1

Тұра берсін жерім аман, тауым да аман;
Аман жүрсін досым да, жауым да аман;
Адам түгіл, шөптер мен жәндіктердің,
Қиналғанын сезіну - ауыр маған...

Толық

Жұмбақ

  • 0
  • 2

Сол үшін шығады жолға бәрі,
Сол үшін құрбандық – қолда бары.
Сол үшін күз назданады,
Сол үшін көктем бұлданады!

Толық

Гүлдер

  • 0
  • 0

Ол жақтағы гүлдер мүлде өзгеше,
Солған емес, келгенімен күз неше.
Ақ қауызы ашылады ән салып,
Сайтан келіп үзбесе.

Толық

Қарап көріңіз