Өлең, жыр, ақындар

Жоғалған ақша

  • 29.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1287
– Дәркенжан, – деді жан көкем,
– Дәркенжан, – деді.
– Әу, – дедім.
Апыр-ай не боп қалды екен,
Дірілдей шықты сәл демім.
Көкем ғой біздің бір емес,
Иесі екі шаңырақтың.
Сұм соғыс кеше, сұм елес
Қалтқысы етіп қармақтың
Әулетімізді арбапты,
Әйтсе де жұта алмапты,
Көкемді бізге «сыйлапты»,
Көкеме «сыйлап» балдақты.
Бір әулет бес-он баламыз,
Көкем ғой біздің панамыз.
Тұлдырсыз дағы емеспіз,
Тұғырсыз дағы емеспіз,
Жетім біз және демеспіз,
Жетіліп ертең кеткен соң,
Көкеме серік боламыз!
Сол көкем менің – жан көкем,
Не айтпақ болып қалды екен.
Жалт қарай бердім жүзіне,
Жабырқау ойы бар ма екен?!
Жо-жо-жоқ, көкем көңілді,
Өзіне-өзі сенімді,
Иінін бүгін тік ұстап,
Басқаша маған көрінді,
Басқармаға ұқсап көрінді.
Сенекке ілген селдір ау,
Торынан тамшы үзіліп,
Босаға жақта бір бұрау
Ақ балық жатты тізіліп.
«Бұл дағы біздің несібе –
Көкемнің маңдай тері-ау» деп,
Жалғыздығымен есіме
Соңына ерген бір әулет
Есіме сол сәт түскенмен,
Қолымда, әттең, жоқ қайрат.
Көкемді аяп іштей мен
Көрсетуші едім сыртқа айбат.
Сол кезде көкем қалтадан
Бір бума ақша суырды.
– Сендер деп, қалқам, мал табам, –
Деді де, сәл-пәл кідірді...
Қып-қызыл қағаз жұтынып,
Қып-қызыл шоқ боп қозғандай.
Көкем де шырт-шырт түкіріп,
Санайды келіп көзді арбай.
– Беріп еді колхоз еңбеккүн,
Еңбегің жерде қалған ба?!
Мен үшін көкем жер-көктің
Ең үлкен Ері жалғанда.
– Уполминзагқа қарыз ем,
Мә, он сом, – деді, – ал, заула!
Қып-қызыл қағаз – қызыл шоқ
Қолымды қарып кеткендей.
Құйындай менің ізім жоқ
Құмдауыт жаға бетті өрлей,
Үстімде сырма көк шапан,
Қалтамда қызыл он сомдық.
Бұл байлық жұртта жоққа тән,
Ентігім қатты, еңсем тік.
Зауладым дейсің зымырап,
Бататын күнмен жарысып,
Қақпаны қақтым бір уақ
Өкпені қолға ала ұшып.
Қақпаны қақтым...Қалт тоқтап,
Қалтамды қалдым қармалап.
Жүрегім қалды сәт тоқтап,
Ақша жоқ, ақша, ал, ғажап!..
Ақша жоқ, ақша, жоқ он сом,
Ал, көке, енді маған сен,
Тапқаныңды біз шашайық,
Жоғымызды бар ғып жамаушы ең.
Ұяттан жанып, қызынып,
Қылғынуға да шақ қалдым.
«Япыр-ай, – дедім кіжініп, –
Ақшаны ойлап тапқан кім?..»
Бір тілім қағаз қарыз боп,
Қамыт боп сәби мойныма,
Жолымды әрі-бері іздеп,
Жыладым үйге қайрыла.
Жан көкем даусы құлақта:
«Сендер деп, қалқам, мал табам».
...Өзіне жайлы жырақта
Туыпты жаңа Ай шалқадан



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бала деме, баласынба баланы

  • 0
  • 0

Бала деме, баласынба баланы,
Оның сенен оттырақ қой жанары.
Көп нәрседен аз болғанмен хабары,
Көп нәрседен қиялы оның жоғары.

Толық

Алыс-алыс, алыс қалды

  • 0
  • 0

Алыс-алыс, алыс қалды...
Туған ауыл қалды алыс...
Сағыныш та сейілгендей балалықтай алданыш.
Сары жотада біз иіскеген селдірепті боз жусан,

Толық

Қанатымыз қатаяр да...ұшармыз

  • 0
  • 0

Қанатымыз қатаяр да...ұшармыз,
Нысанамыз болар біздің ұшан құз.
Ұшан шыңда басқа ұшпақ айналса,
Бақытына жеткендерге мысалмыз.

Толық

Қарап көріңіз