Өлең, жыр, ақындар

Киіз үй

  • 29.08.2020
  • 0
  • 1
  • 1096
Күздің бір салқын кешінде
Лыпасыз дала қалтырап.
Беті ауған жаққа бесінде
Безеді қаңбақ тамтырап.
Кіреуке күңгірт аспаннан
Күлтілдеп тамып марғау нұр.
Жонынан жаздай таспа алған
Жалаңаш жайдақ қалды-ау қыр...
Ауыздығымен алысып,
Екінді ауа жел тұрса,
Екпіндеп келіп жарысып,
Жағаға соққан толқынша,
Кіндігін жердің суырып,
Кетердей және елірсе.
Қойшының үйі буынып,
Не лаж етпек, сеніңше?..
Жабындысы жоқ жапанда
Жұлынған сондай жел көрсең,
Қорықпай-ақ қой одан да,
Қаттырақ соқсын, дем бер сен.
Моп-момын, маңғаз күйінде,
Мыңқ етпей бәрін өткерген.
Қойшының қоңыр үйінде
Дауылды, желді көп көргем.
...Кереге сәл-пәл ырғалып,
Шайқалып кетсе бір уық.
Шаңырақтан шешем құрды алып,
Жалғайтын еді жүгіріп.
Қарыстай құрға көлденең
Қайқайтып сосын жүк тиер.
– Қайтеді, тәйірі, жел деген,
Қара жер сенен мықты, – дер
Соғады сыртта долы күй,
Күшеніп келіп, күпті боп...
Құйысқаны берік қоңыр үй
Табанын жерге тік тіреп.
Апталап дауыл ұрғанда,
Иіні түсіп еңкеймей,
Табаны жерде тұрғанда
Тапжылмайтұғын Антейдей.



Пікірлер (1)

Аймира

Өте керемет екен рақмет

Пікір қалдырыңыз

Қарыз

  • 0
  • 0

Есіңде бар ма, Есентай,
Екеуміз екі тай мініп,
Қой бағып едік бес-алты ай,
Мінгендей болып сәйгүлік.

Толық

Айдан анық

  • 0
  • 0

Ақынның сезіміндей сиқыр бар ма,
Бағынбас цитаттарға, цифрларға.
Күш бар ма, құдірет бар ма ақынға тең
Күмбірлеп кеудесінен күй туғанда?

Толық

Ақынға сыр

  • 0
  • 0

Жер бетінде бала Жамбыл бар еді,
Жер бетінде жаңа Жамбыл бар еді.
Дана Жамбыл жүзге жете көз жұмды,
Бала Жамбыл он-ақ жасар бала еді.

Толық

Қарап көріңіз