Өлең, жыр, ақындар

Бір мысқал мұң

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 900
Бір мысқал мұңым, тұрмыс, тағдырым сенбісің,
Болмыстан бітім, тумыстан ділім сенбісің?
Туыс та, дос та суысқан күні басымды
Сүйеген менің бір мысқал мұңым сенбісің?!
Жалғыз қалғанда жанымда болған сенбісің,
Арман да болған, арым да болған сенбісің?
Тойларым менің андыздағанда, артынан
«Сап, сап» деп мені сабырға салған сенбісің?
Тәуекел берген, таупиық болған сенбісің,
Күрмеуге келмей, артылып қалған сенбісің?
Дәм біте жаздап тұрғанда жіптің ұшында,
Жартыкеш айдай жарты үміт болған сенбісің?!
Ақылысың ба, ашуысың ба Анамның,
Темірқазығы сен емессің бе санамның?
Бақыттың, бақтың, рахаттың құны бір тиын,
Бір мысқал мұңы болмаса егер адамның.
Бір мысқал мұңым, кеудемннен менің кетпе ұшып,
Өзіңнің арқаң жүргенім менің от құшып.
Пендемін ғой мен, кешіріп және келесің,
Күнәмнің талай төбесінен де дөп түсіп.
Бір мысқал мұңым, көрінбес көзге періштем,
Мәңгілік рух, мен тірі тұрсам сен үстем.
Сен үшін мен де адалдыққа әмен тырысам,
Күресем кілең, жеңілсем-дағы беріспен!
Бір мысқал мұңым, мен үшін талай көр бейнет,
Болмысы сәби, алдайтын фәни ер ғой деп.
Өлімнен емес, өзіңнен ғана қорқамын,
Сен тастап кетсең, тірі өлік деген мен ғой деп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ғани аға

  • 0
  • 0

Қара тас түнді шақпақша шағып қақ жарып,
Алтынның түсі секілді бейне ақ жарық..
Аспаннан бір сәт тұрады дейді нұр сеуіп,
Тілегің қабыл, көрсең бір соны бақ жанып.

Толық

Ұя

  • 0
  • 0

Сонау жылы Ақшығанақ – Ақсайда,
Бір жас бала – жақсы бала жақсы ой
Қой қайырып, қозы жайып жүруші ед,
Төбел тайы сылти ма, әлде ақсай ма?...

Толық

Адам ата Хауа анаға жолыққан

  • 0
  • 0

Адам ата Хауа анаға жолыққан,
Жолыққан да, бірін-бірі дәл ұққан.
О, ғажайып, қас қағымда қалайша
Бірі аталық, бірі аналық танытқан?!

Толық

Қарап көріңіз