Өлең, жыр, ақындар

Таудағы көрме

  • 29.11.2020
  • 0
  • 0
  • 431
Кеудемді ашып салқынына самалдың,
Жолдарымен жүріп келем бабамның.
Сан жетпейтін соқпақтар мен сүрлеулер
Иір-қиыр тарихындай даламның.
Санамдағы сан жұмбақтар шешілмей,
Жүріп келем сөйлемей де, көсілмей.
Тас төбемнен ұшып өтті тырналар
Қызды ауылдың қоңыраулы көшіндей.
Жүріп келем, пыр-пыр ұшып бөдене,
Ән салғандай құстары да, көде де.
Жез жебедей көз алдымда зуылдап,
Жалғыз киік ағып шықты төбеге...
Дәл алдымда алып таулар көрмесі,
Кес-кестейді «тоқтайсың» деп жерге осы.
Бір сиқырмен сөйлеп ала жөнелді
Табиғаттың таңғажайып көрмесі.
Қола дәуір шежіресін ашқандай,
Таулар, таулар – ұзақ, ұлы дастандай...
Жолын тосқан жолбарыстан жалтарып,
Ақбөкендер айдалаға қашқандай.
Қой соңында қойшылар жүр зорыққан,
Бір топ батыр келе жатыр жорықтан.
Мына жүрген ебіл-дебіл күңдер-ау
Бәйбішенің қаһарынан қорыққан.
Үйме-жүйме, үйткен қойдай тіңкиіп,
Байлар отыр қымыз ішіп, күмпиіп.
Кәнизактар ақ орданы тігіп жүр,
Ханзадаға қалмасын деп күн тиіп.
Мергендерде таусылғандай шыдам да,
Садақтарын алып шықты сынауға.
Қасқасына жайдақ мінген жылқышы
Шу асауды қуып кетті шығанға.
Таулар, таулар, қызығыңа батырдың,
Құшағыңда талай таңды атырдым.
Аяғымды басқан сайын керемет
Дүниеге кіріп келе жатырмын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әнші болсаң, шыдаңдар...

  • 0
  • 0

Әнші болсаң, шыдаңдар,
Айтылады бесiк жыр.
Небір сұлу сылаңдар
Шақырылған десiп жүр.

Толық

Асығып жүр жайлауға

  • 0
  • 0

Ең алғашқы иiрiм,
Ең алғашқы жауында
Ақбоз айғыр үйiрiн
Айдап келдi ауылға.

Толық

Күй

  • 0
  • 0

Айтыңдаршы мына күйiң не деп тұр?
Қос шектегi мынау әлем – дүние ғой бөлек бір.
Құмырсқадай жаудың жолын осынау
Қол басындай қарағайдың құдiретi бөгеп тұр.

Толық

Қарап көріңіз