Өлең, жыр, ақындар

Кертолғау

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 715
«Солай да, солай, қарағым...»
Мұқағали.

Жаздың да соңғы Күні ұшты көкке
салыңқы салқын жымиып.
Тақалды уайым-қылыш жүрекке,
қолқада толқын тұр ұйып.
Күзбенен бірге жүрек те cуып,
берішін бездей бекітті.
Тіресе жүріп, түнекке сіңіп,
жас дәурен өтіп кетіпті!
Самайға әнтек боз қырау қонды,
сезімге селкеу түскелі.
Ойыңды уайым тоздырар болды,
шала-мұң бықсып іштегі.
Бір отты үрлеп сөндіріп алған
жүректі жеңді кеңірдек.
Тірлікте мына ендігі қалған
не тындырады екем елім деп?!
Махаббат та емес, парасат та емес,
саясат қамап сананы.
Ағадан қарыз-алашақ кеңес
арзандап және барады.
Елеуреп жүріп, алаулап жүріп,
өртеппіз талай төбені.
Сол өткен күнге алаңдап жүріп,
өр жаққа бұрдым кемені.
Өрт өшкен іште, өзегімде айла,
санамда сартап сыңсу, мұз.
Кешегі асқан кезеңім қайда,
кезегім қайда, мұңшыл күз?
Жастық жалынның ұшқыны түскен,
өрт алған кезең бос екен.
Ыңырсып шығар ышқынып іштен —
кертолғау деген осы екен.
Кертолғау деген осы екен!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көш

  • 0
  • 0

Әнеу жылы...
(Жас жиырмадан сәл төмен),
Маған көп сыр шертуші еді қарт әжем.
Соның көбі жадымда әлі жаттаулы,

Толық

Біздің қазақ

  • 0
  • 0

Кеше:
Маңдайында пешене бар жазылған,
Дүниені тітіреткен даңқымен.
Көрден аттап жан-жағында қазылған,

Толық

Күн мен түн

  • 0
  • 0

Дүниенің бір шетінде сен жүрсің,
Дүниенің бір шетінде мен жүрмін.
Мені көріп сүйсінердей ел бір күн,
Сені көріп күрсінердей тең құрбың.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар