Өлең, жыр, ақындар

Көш

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 392
1. Жол үстінде
Гүл көмкерді қырларды, бел-белесті,
Көкпен бірге дүркіреп төл де өсті.
Келді дағы жомарт жаз жадыраған,
Жайлау жаққа асығыс ел де көшті.
Момын дала қайысып қалың көштен,
Қаусап қалды бір сәтке талып естен.
Талмаураған күй кешіп жата берді,
Көш барады соңында шаң ілескен.
Сары түйе баппенен маң-маң басып,
Тарта берді,
Жайлауға болған ба асық?
«Көсеміндей ақ серке отар қойдың...»
Көтерілді көңілім қалған жасып.
Шағыл төбе... көк сағым маңды кілең,
Мөлдір тұма жолықты шалдығып ем.
Қалжыраған бәрі де жолсоқты боп,
...Көшпендінің баяғы қалдығы мен.
Тағы айдадық отарды тыным алмай,
– Жаумаса екен бұ жаңбыр бүгін алла-ай, –
– Күміс жалды тебініп қара көгін,
– Қарады әкем батысқа ұғына алмай.
Ала төбет ол да ынтық...
Жырақ – мекен,
Жетелегем артып ап құр атқа тең.
...Жайлауыма асығам, жету – қиын,
Бел буғанмын «жетем» деп бірақ бекем.

2. Асу
Салғырт қана шаужайлап сұр дөненді,
Серпілемін қалдырып бір белеңді.
Мызғымайды сартүйе,
Дәмеленем,
табатындай жоғалтқан бірдемемді.
Отар құлап бөктерден құлдилаған,
Бір жеңілдік көрінді ылди маған.
Мекіренді балажан қоңыр тұсақ,
... Қаңсып қапты тұлыбым су құймаған.
Талып жеттік асуға «Ирек» деген,
Онысыз да әлсізбін, күйреп келем.
Ең қатерлі жер осы,
Балаң тағдыр,
Қиындыққа мені әлі үйретпеген.
Биік тауды жол екен қиялаған,
Мұзбалақтар басында ұялаған.
Кенет, кенет бір дауыл басталғаны,
Ес-ақылын әп-сәтте жия ма адам?
Төмен қарай ықты қой, шатқалдарға,
Қарамайды ащы айқай, аттандарға.
Төпелейді бармақтай тау бұршағы,
Сарқырады дүлей сел қапталдарда.
Қас қарайды ...
Күй кештім ебіл-дебіл,
Үрей – тажал кілкіген көңілде кіл.
Сұр дөненім пысқырып әле-сәле,
Ала төбет ұлиды: жеңіл ме бұл?
Айтақтаймын итімді айбаттанып,
Бара жатыр мына отар қай жаққа алып?
Ілесемін соңынан ажырамай,
Сенген едім атым мен Мойнаққа анық.
Қозысы жоқ, тұсақ жүр маңыраған,
Жапан түзде қалдым-ау қаңыраған.
... Келе жатты кеңкиіп сары түйе,
Табыстырды әкеммен тәңір аман.
Шүйліккені о, несі, бәрі маған,
Демесеңші балаңды, сары далам.
Менің көшім осылай қала ма енді?!
Қайдан жауды жаңбыры жарымаған?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жарқыным-ай, осылай пешенеміз

  • 0
  • 0

Жарқыным-ай, осылай пешенеміз,
Өстіп жүріп тірлікке төселеміз.
Жасымашы, қылаудай ренжіме,
Бір күндері көгерер көсегеміз.

Толық

Мінез

  • 0
  • 0

«Мінез керек, – дейді ме ел, – өлеңге шын»,
Маңдай терім төленсін, төленбесін.
Жыр жазамын. Бір күні жетермін-ау,
Алысқа ұзап кетсе де менен көшің.

Толық

Жастығымды жоғалттым

  • 0
  • 0

Жастығымды жоғалттым,
Жансебілмін,
Қоңырайып,
Оңаша қанша егілдім.

Толық

Қарап көріңіз