Өлең, жыр, ақындар

Оқиға

  • 14.02.2021
  • 0
  • 0
  • 409
Ұя салды қарлығаш қабырғаға,
Селт етпеді
Үйдегі дабырға да.
Үркітпедік,
Шырылдап ұшып жүрді,
Аула ішінде тынымсыз дабыл қаға.
Біз де мәзбіз, ол кезде кішкене едік,
Алдымыз – бес, соңымыз үшке келдік.
Бала болып ұяға қызыққанмен,
Таяқ алып,
Түрткілеп тиіспеп едік.
Қиянатқа
Әзәзіл бармас та едік,
Ойнап кеттік көрші үйден Алмас келіп.
Алақайлап бір күні шын қуандық.
Балапанды
Кішкентай алғаш көріп.
Ойын қалды
Ұяны қызықтадық,
Күн де еңкейді төбеден қызып барып.
Балапанды сары ауыз әңгіме етіп,
Былдырлаумен талықсып,
Біз ұйықтадық.
... Әлдеқашан таң атқан,
Күн ысыды,
Үй – қапырық, тарылтар тынысыңды.
Түрегелдім төсектен апыл-ғұпыл,
Оянды інім естіп қап дыбысымды.
Далаға біз лап қойдық,
Киінбестен,
Кетпейді әсте сол бір сәт бүгін де естен.
Қос қарлығаш ұшады дамылдамай,
Тауқыметтің шарасыз күйін кешкен.
Оның бәрін алайда
Аңғармадық,
«Ұшсақ қой» деп,
Іштей біз армандадық.
Селт еткізіп:
– Қарашы! – дегені інім,
Тұрған едім май жаққан нанға алданып.
Жалт қарадым,
Көрдім де үрейлендім,
Ажал оғын жауызға тілей бердім.
Шатырменен келеді шұбар жылан,
Жолын кессем деуші едім
Дүлейлердің.
Жиіледі
Әп сәтте тынысым да,
Үйде ешкім жоқ,
Бәрі де жұмысында.
Қайран болмай екеуміз қайырладық,
Жетпеді әттең,
Ойыншық қылышым да.
Төніп қалды сұр жылан
Жасқанбады,
Ашып келед аранын бас салғалы.
Жалаң-жалаң сумаңдап айыр тілі,
Көрініп тұр жауыздың мастанғаны.
Үйірді үйге сұсты сұм қауіпті әкеп,
Ысылдайды келгендей
Сауыққа тек.
Ұшып жүрген қарлығаш
Жандалбаста,
Кіп-кішкентай дәуітті тауыпты әкеп.
Тұра алады не қарсы,
Ақтыққа шын?
Көтерді де тажалың ақтық басын.
Жан тапсырды,
Әділдік жеңді дағы,
Алды жаза
Арамдық қақтыққасын.
Уақыттың үрейлі жеңдік шағын,
Арылған жоқ әлі де мендік сағым.
... Қиянаттың қанатын сындыратын,
Құйтақандай дәуітке келді ұқсағым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шырықты алып, салды тағдыр сәңкіні

  • 0
  • 0

Шырықты алып, салды тағдыр сәңкіні,
Тиді маған сезіміңнің салқыны.
Дәме етті де менің шыбын жанымнан,
Ісіп қалды ажалыңның алқымы.

Толық

Қыз жүрегі – төзімді тамсанамын,

  • 0
  • 0

Қыз жүрегі – төзімді тамсанамын,
Жатар онда сағыныш, қаншама мұң.
Пәктігімен бағалы ақтығымен,
Түспесе деп бір кірбің жан саламын.

Толық

Көру ғана көзіңді көксегенім

  • 0
  • 1

Көру ғана көзіңді көксегенім,
Сен – қиырда, мен – зеңгір көкшедемін.
Жүрегіміз бірақ та бір соғады,
Ебі жел кеп бетімнен өпсе менің.

Толық

Қарап көріңіз