Өлең, жыр, ақындар

Қайран елім

  • 10.03.2021
  • 0
  • 0
  • 342
Көрдім бүгін тауды да тозаңды да,
Өтіп жатыр мың шындық көз алдымда.
Өсекшіге бір тиым жасалмады,
Сойқан салған сұмдарға сөз аңдыған.
Сыртын берген бұл Қазақ сыйыспайды,
Шошаңдаған найзасын жиі ұстайды.
Мен соғысты көргем жоқ,
Ал қазірге
Бейбіт күнде қосылып, ұйыспайды.
Жау келгенде іргеңді сықырлатып,
Іздейсің бе қайда деп шіркін бақыт.
Уық сынып, шайқалса шаңырағың,
Кімнен пана табарсың шырқың қашып...
Мамыражай заманда мандымадың,
Ағайыннан ат-шапан аңдығаның.
Үй ішінен үй тігу көздегенің,
Қашан қалар екен-ау қалғығаның?
Жалам да емес тағатын сыным да емес,
Бірікпесті білдірді бүгінгі егес.
Қамшы өрімін қайтесің қанға шылап,
Біріңде ерте ажал бар, біріңде кеш.
Тұрмаса да сырт көзге сыйқың қашып,
Ауылынан елдіктің жүрсің қашық.
Оянатын шығарсың
Омыраулап,
Жау жағадан алғанда ұйқыңды ашып.
Қажет болмай биің де, батырың да,
Жаныштайсың жақсыны жатырында.
Қуанышты өзіңнен қызғанасың,
Табынасың тажалдың тақымына.
Өзін-өзі отырған тұсап тағы,
Жүрегіне орныққан қыс, ақпаны.
Кесіп-кесіп кетердей кең даласын,
Үш қазақтың айқаспай құшақтары.
Қыр астына қалдырып қайғы әлегін,
Көрем деген көктемім қайда менің?
Қаныңнан бір байқаймын қыңырлықты,
Қайта түле, қайраттан қайран елім...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Заманға мынау қарашы!

  • 0
  • 0

Заманға мынау қарашы!
Әке мен бала жауласқан,
Қатын мен байы дауласқан,
Көрініп тұрған байлығы,

Толық

Шыдамас

  • 0
  • 0

Қайда, шіркін, кесіп түсер шын алмас,
Көлбақа көп көлшігінен шыға алмас.
Ойы жұтаң, сөзі нәрсіз, тұрақсыз,
Адамдар бар арамызда шыдамас.

Толық

Жүрек

  • 0
  • 0

Төбедегі жарық Күн –
Қуат көзі халықтың.
Ақ бетіңді бұлт басса,
Бағы тайған ғарыппын.

Толық

Қарап көріңіз