Өлең, жыр, ақындар

Жеті теңге – жеті жыр

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 349
1-жыр
Жеті кәміл пірлерім, жалындым саған,
Кеудемде күмбір күй толы, жаным жұмсақ ән.
Жеті теңге жырыммен жұбатқым келді,
Жүрегімді, жүйкемді жалын құрсаған.
Батаңды бер сен маған, Шашты Әзіз баба,
Қалса не болды өмірде басқан із ғана.
Бақсылық менің бабама қонған-ақ екен,
Жырыма енді қарасын басқа қызғана
Әке мен шешем бесікте табыстамап па,
Бара алмай жүрмін түнеуге Арыстан бабқа.
Қайтейін, бірақ олардың дегенін қылмай,
Басымнан менің мезгілсіз бақ ұшқан жоқ па?
Теріс те оқып кітапты, түрегеп сиіп,
Қураған жанды келіппін дүрелеп, күйіп.
Даналардың сөздері адыра қалған соң,
Мына біздерді шынында кім елепті иіп.
Мәскеу болып тұрғанда құбыла демек,
Етпеді бізге Нажмадин Күбірә медет.
Сайрамдағы сансыз бап - ғұламаларым,
Сендерден қайдан болсын бір шұғыла-көмек.
Перінің қызы Бекторы басыма би боп,
Шайтандармен от жаққан қосыла билеп,
Бабамнан қалған қыл қобыз шанағы сыңсып,
Кеудемнен көшті сазды әуен – шошып ақ үйрек.
Сиынып саған, бабалар, отырмын бүгін,
Бермесін Алла басыма соқырдың күнін.
Пана таба алмай заманнан, қоғамнан-дағы,
Әулиелерге дұға боп оқылды жырым.

2-жыр
Ей, әке, арзу айтсам тыңдаймысың?
Әркім де өткен-кеткен жырлайды ісін.
Соншалық тақуа да емес едім,
Адамның өлең еттім мұң-қайғысын.
Білемін, өзің маған өкпелісің,
Еске алмай ұрпағыңның кеткені үшін.
Салынып құлқынға да, нәпсіге де,
Жетер деп күпір болдым көкке күшім.
Білмеймін бұйыра ма «Сақардан» дәм,
Қашып ем Қаләндардан бата алғаннан.
Құмар боп кәнизәктің ышқырына,
Оралдым шарап ішіп сапарлардан
Құбыжық, құшынаш көріп сәлделіні,
Әруақтың мойнын бұрмай дәмге бірі,
Маймылдың намазына жүгінген соң,
Балаңның айналғандай әнге өмірі.
Қызып та көрмегенмен шекем тіптен,
Ғұсылсыз қайтып жүрдім мекерліктен.
Жәдігөй әпсун оқып, дуалады,
Дем салып жанындағы нөкер біткен.
Тек мені алып кеткен ағыс қана,
Сен маған бәддұғаңды бағыштама.
Арманға, Шаһадатқа ұқсап жете алмадым,
Жүргенмен пана тұтып, орысты аға.
Кеш мені, атпас дәйім қағынып таң,
Айналып бір әруақтың барын ұққам.
Тобаға келдім, әке, машырықпен,
Шақырып әулиені мағырыптан.

3-жыр
Өлер кезіңде, анажан,
Кімдерге мені тапсырдың?
«Садағаң – сенің шаранаң»
– Айтатыны осы жақсы ұлдың.
Бибі Фәтима – иманың,
Кетпеді-ау сенген көңілден.
Үш жасар мені қимадың,
Қоштасып жатып өмірмен.
Күпір де болу жоқ ойда,
Қалдырмас едім дұғамнан.
Қабіріңді де, алайда
Туыстар естен шығарған.
Пәруана көңіл елеске,
Жұбанады ма, шыдай ма?
Түсіре алмай сені еске,
Мінәжат еттім Құдайға.
Дәруіш едім тәркілік,
Жолына түскен момынның.
Тілегім-сөзім сарқылып,
Қабыл да болмай қорындым.
Өзіңе арнап айтып ән,
Өзіңе арнап жаздым жыр.
Бұл күнде, бірақ, қай Тұран,
Әруақты сыйлап мәз ғып жүр?!
Кешір сен мені, жан ана,
Кештетіп көңіл бұрғанға.
Берді Алла ынсап балаңа,
Шоқынып кетпей тұрғанда.

4-жыр
Қәландарлар, зікір салған құшағыңа ал мені,
Дауыстарың, а Құдай-ай, сонша неткен зарлы еді.
Бұл дүниенің таласынан аулақ кеткен пенделер,
Дүнием түгел болғанымен, жан жүрегім жарлы еді.
Таңғажайып періштелер лаулап жанар берді де от,
Мен де мына өлең жаздым көкірегім шерлі боп.
Жәһілдердің жолы болғыш құлазиды күллі әлем,
Қалғаннан соң тақуалар қатары да селдіреп.
Шайыңды бер, демімді алып кеңесейін сендермен,
Мүшірікке жолым беріп пақыр едім сенделген.
Күнәмді мол жуғым келді тоба қылып Аллаға,
Өздерің ең адамзаттың барлығын да тең көрген.
Тәспі аударып ұмытайын кәнизәктің қойынын,
Жалғандыққа суарылған бұл фәниде мойыдым.
Жығылайын құбылаға, дәргәһіна құдайдың,
Тәрік етіп жын-шайтанның, әзәзілдің ойынын.
Қасам ойды ұялаған көкіректен үркітіп,
Мүрид болып қол тапсырдым өздеріңді пір тұтып.
Шайқыларға дұғамды оқып, жібітейін сірісін,
Алда менің ұрпағымды қандай заман тұр күтіп?
Тапқанымды қорек етіп тыйдым нәпсі сайтанын,
Ниет етіп бес парызға, шаһадатты айтамын.
Ғазалыңа күңіренген Сахинамам қосылып,
Бар менің де жан-тәнімді тазалағым, шайқағым.
Құдай-жалғыз, білген құлға, Пайғамбар-хақ, Құран-шын,
Қәландарлар, мені талай ұға алмастан сынарсың.
Азаныңды шақыра бер, орап алып сәлдемді,
Қойдым басты сәждеге енді шерімді іштен шығарсын.
Алла-ай, хақ, Алла-ай, хақ, Алла-ай хақ,
Һуу-Алла, һуу-Алла, һуу-Алла, һуу, һуу!

5-жыр
Қап тауындағы қаптаған пері,
Түнімен шулап жатпаған пері,
Адамдарға сары майдайын
Сайқалдығын сақтаған пері,
Қобызымды сыңсылатайын,
Ар-парыздан аттаған пері,
Көшпесіңе қоймайын сенің,
Жын-шайтанды жақтаған пері.
Шашы сап-сары сары қыздарым,
Жауратты жанды зәрің, ызғарың.
Сендерден қалай құтыла аламын,
Албасты басқан қаліміз мәлім.
Құйынды жерде өсіп-өнетін
Желіккен жынға дәрі қыздарым,
Қобызыма кесірің тиер,
Әрі кетіңдер, тағы мұздадым.
Әй, пірлерім, тыңдап алыңдар:
Қап тауындағы жынға барыңдар,
Әруақтардың сүйегі қалған,
Сусыған жылан-құмға барыңдар,
Қара дәулер де көмекке келсін,
Олардан-дағы бір хабарым бар.
Дабылым қайда, қамшымды әпер,
Биле ханымдар, шула ханымдар!
Жалмауыз кемпір, көрінбе маған,
Өкірмесінші көріндегі адам.
Толыбек бақсы, өзің-ақ айтшы,
Өгей ме туған жерінде балаң?
Алпыс перінің алдына барсам,
Көмегің тисін сенің де маған.
Бойы қырық кез сырттанды шақыр,
Қу жаным қазір өлімнен аман.
Арбама мені жалаңаш қатын,
Жолыма тұрма, жағаласпа тым.
Бәйітім тарап мәлім боп қалды,
Менің де енді бар Алашқа атым.
Қорқыт әулие, батаңды берші,
Сүрінді білем қара қасқа атым.
«Құтжолым» қайда, кә, кә, кә, кә, кә
Менімен сенің шамалас затың.
Жетібай менен Тоғызбай бабам,
Ертелі-кеш те Абызды ойлаған.
Кәленім – атам, Піретім – пірім,
Қылқұйрықтарын аңызға айдаған
Аймақ қол тапсырған сахабаларым,
Қысылған кезде қобызда ойнаған.
Ең үлкен бабам Құдайқұл еді,
Тамшы су кетпе тамызбай маған.
Қара дәу өзі желеп-жебеді,
Мәңгіге байлап өлеңге мені.
Сары қыздар да ажырамайды,
Не деген өзі өлермен еді.
Қара қасқамды жетекке алған
Қорғайды атам неден де мені.
Алпыс пері де ләппайлап тұрсын,
Дәп қылып қанша көлеңдеп еді.
Ге-ге, ге-ге, ге-ге, ге-ге,ге-ге, ге-ге, һуу-һуу,
Алла-ай, хақ, Алла-ай, хақ, Алла-ай, хақ. Һуу, һуу, һуу!

6-жыр
Бесігіне қасқырдың тырнағын байлап,
Тербетемін болашақ ұл қамын ойлап.
Домалақ ана түсімде аян берді де,
Ұсына берді төрт түйір құрманы жайлап...
Қазағың едім палына үш бөрі түскен,
Жылан бапы сорпасын үш бөліп ішкен.
Қаһарымнан қаймығып қарсы шапқанда,
Азуы айғыр айдаһардың тістері түскен.
Жұтып та қойған атамыз жыланның тілін,
Шошытқан сөйтіп әу баста ылаңның пірін.
Осындай елдің баласы ем, азғырып шайтан.
Намырттың ісін істеуге құмармын бүгін.
Сырқатпын тегі айырылдым әлімнен демде,
Қырық бір шөптен қайнатқан дәріңмен емде.
Айыр тұяқты, ай мүйіз ақсарыбас шалып,
Бата тіледім, аталар, бәріңнен мен де.
Бұл ауру өзі, немене, «қағынды» ма екен,
Айналып келіп бірдеңе тағы ұрды ма екен?
Қаққыласам да қара қой өкпесіменен,
Тазарта алам ба бойдағы қанымды бөтен?
Көш пәлекет, түйенің сом жілігіне,
Қу басқа көш, қарғыс айт сорлы күніме.
Қара сиырдың орнына аунап алайын,
Айналамдағы сірескен тоң жібіді ме?
Әулиелер, қабыл ал құрбандығымды,
Балаңды жебе басыңда тұрған бүгінгі.
Жердің жүзін қурата жаздаған мына,
Тірілтейінші зәрлі ызғар ұрған гүлімді.

7-жыр
Қасиетті Түркістан, Қаләндарлар мекені,
Әнбиелер алысқа ұзамаған екі елі.
Дәрет алып тақуа, құбылаға жүгініп,
Жалбарынған Құдайға жасқа толып етегі.
Қасиетті Түркістан, қалың қазақ жайлаған,
Саудагерлер –жаһілдер керуенін айдаған.
Мекен таппай жүргендер қаңғырып кеп жан-жақтан,
Керуен сарай орнатып, өзіне орын сыйлаған.
Имам отыр мешітте қырағаттап дұғасын,
Қабыл болса тілегің, шайханаға шығасың.
Беті сопы аспаздың, ал жүрегі жәдігөй,
Палау жесең тойынып, қорыта алмай тұрасың.
Ей, әулие Түркістан – Машырықтың Меккесі,
Сыйламаған өзіңді қазағыңды сөкпеші.
Тілек тілеп памдатта, жүрегіме қан қатты,
Жүрмеймін бе деп, сірә, әуре болып текке осы.
Ей, Есім хан, Абылай ояныңдар, тұрыңдар,
Сахилықтың жолында күйдіреді ұлыңды ар.
Тірілерден бір қайыр болмаған соң дорба алып,
Қол сілтедім тірлікке ертең жоқ та, бүгін бар.
Жатқан кезде құсадан ұлы дала сілкініп,
Ұстатпай-ақ кете ме бұлаң етіп түлкі-үміт.
Қожа Ахмет бастаған киелілер – түмен бап,
Медет бере көріңдер кетпей өзек қырқылып.
Жаздым бүгін наламен жеті теңге-жеті жыр,
Жеті жырда қазақтың арманы жүр, ниеті жүр.
Ал, қол жайдым, құрбандық жаным қабыл болар ма,
Жадыланған балаңның оңғарылған беті бұл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен екеуміз оңаша кете бердік

  • 0
  • 0

Сен екеуміз оңаша кете бердік,
Қолымыздан келмейтін бөтен ерлік.
Көбелектей қыз едің көп нәрсені
Қанатында қауқар жоқ көтерерлік.

Толық

Жас кезімде қайратты едім

  • 0
  • 0

Жас кезімде қайратты едім, бәріне де керек ем,
Дәрежем де тең болатын ел билеген төремен.
Айқайлатып гармонымды құйқылжыдым тойларда
Қатарыма ап сұлу қызды ләззатына бөлеген.

Толық

Ағаш боп неге жаралмадым мен

  • 0
  • 0

Ағаш боп неге жаралмадым мен,
Пана боп саған тұратын.
Құс болып неге оралмадым мен,
Көктемде сауық құратын.

Толық

Қарап көріңіз