Өлең, жыр, ақындар

Алпыс жыланның терісін

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 386
Алпыс жыланның терісін,
Қулық қылған мен едім,
Жетпіс жыланның терісін,
Сулық қылған мен едім.
Өзі көкте болса да,
Зікірі де шалқыған.
Зиярат еткен бар Тұран,
Киемнің жыны кекіріп
Иемнің жыны өкіріп,
Салауат айтқан артынан.
Ештеңе ұқпай парқынан,
От піріне жалындым,
Су піріне жалындым,
Жер тәңіріне бағындым.
Жыр сұлуға соңынан,
Бір Алла қолдап шағылдым.
Шайтанның ыстық шоғына
Шайқалып келіп қарылдым
Албастыны жеңе алмай,
Дегеніне көне алмай,
Дүркін-дүркін тірестім,
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар.
Отыз үш мың сахаба,
Сексен сегіз сәруар,
Тоқсан тоғыз машайық.
Арттарыңнан ілестім,
Қойқаптағы әулие.
Баба Түкті Шашты Әзиз.
Ғайып ерен –
Қырық шілтен,
«Ләйлаха-илолла»
Қожа Ахмет айтқан сөз,
Шақырғанда кел, сана,
Оң иыққа мін, сана!
Ай-хай, бермен келші, қыз,
Осы айтқанға сенші, қыз.
Тек жолыма құрбан боп,
Тек мендік боп өлші, қыз!
Қазынаны ашып көрейін,
Бүркіттің миын берейін.
Қасқырдың етін төлейін,
Мен де артыңнан ерейін.
Бұл да дауа болмаса,
Кесірткенің құйрығын,
Қалдырып саған кетейін.
Жыланның етіп пісіріп,
Астауға баптап түсіріп,
Тілеуіңді тілеп өтейін.
Бар мақсатым бұл емес,
Қуды мені түн елес,
Қуды мені күн елес,
Білемін, қыз, арманың
Менікімен бір емес,
Пенделердің үміті
Ойлап тұрсам – түк емес!
Орындалмай арманым,
Жаным менің түлемес,
Өлең-жырсыз, қайткенмен,
Менің күнім күн емес!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көрсетсең-дағы, қарағым өзіме сенім

  • 0
  • 0

Көрсетсең-дағы, қарағым өзіме сенім,
Түсе бергім келмеді көзіңе сенің.
Көкірегімді көкжөтел буындырғанда,
Сыймай кетті лықсыған көзіме селім.

Толық

Көп болды, компьютерге отырмадым

  • 0
  • 0

Көп болды, компьютерге отырмадым,
Өлеңнен кесте болып тоқылмадым.
Балдардың нәпақасын айырам деп
Ертелі-кеш әрнені қоқымдадым.

Толық

Өз-өзіммен оңаша

  • 0
  • 0

Өз-өзіммен оңаша
Құрып кетсем деп едім.
Көкжиекке Күндейін
Сіңіп кетсем деп едім.

Толық

Қарап көріңіз