Өлең, жыр, ақындар

Боран

  • 20.04.2021
  • 0
  • 0
  • 767
Боран деген бұл да бір бала емес пе,
Сол баланың қылығын салады еске.
Мұңаю да, уайым да ойында жоқ,
Ойын қуған ертеден қара кешке.
Еркелеп ақ пейіл қыс – анаға асыл,
Уілдеп айтатындай далаға сыр.
Сырын білмес жылқының сыртынан кеп,
Жүгіріп жол үстінде салады асыр.
Із-түзсіз жылжиды алға, аттап қадам,
Қолында қалт-құлт еткен аппақ қалам;
Аяз ата үйреткен машығы бар, –
Мәз болып әйнек бетін шатпақтаған.
Жеңілтек, өзін-өзі жиі алдайды,
Көрші қызға қызығып, қиялдайды;
Есігіне еріп кеп есі кетіп,
Кете алмайды қипақтап, қия алмайды.
Гуілдеп тынбай айтар тақпақ-өлең,
Тауды көріп тағы бір тапты өнеге:
Бірте-бірте биіктеп сезбей өзі, –
Айналады айнала ақ төбеге.
Ол өскенше ата-ана – дала да әуре,
Уақыт өтіп осылай арада әудем;
Көктеменің лебі есер бусандырған,
Өте шығып көрген түс – бала дәурен.
Жаңа енді толқын еніп ой-санаға,
Өнеге боп жадында жайсаң аға;
Басталады ұлы өмір, арман қусаң,
Арқырап ағу керек сай-салада.
Терең болсаң теңейді теңізге елің,
Шалшық боп жолда қалсаң өзіңде мін.
Көктемедей көңілім аласапыран, –
Осындай ма жас дәурен кезім менің?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жер жаннаты

  • 0
  • 0

Уыз берген оған, саған, маған да,
Туған жердей жер жаннатын табам ба;
Өмірді – ана, бақытты – еңбек, туған жер, –
Махаббат пен арман сыйлар адамға!

Толық

Егінжай суреті

  • 0
  • 0

Алтын нұр аймалап алапты,
Шапағат сәулесін таратты.
Шығыстан шырайлы күн шығып,
Таң атты, таң атты, таң атты!

Толық

Қаладағы досыма

  • 0
  • 0

Бала ғашық ежелден, дана ғашық,
Далаға асық, досым-ау, далаға асық.
Құпиясын өзіңе қалады ашып,
Ақ селеумен кетсең ғой араласып.

Толық

Қарап көріңіз