Өлең, жыр, ақындар

Тау бөктерін көп аралай, аралай

  • 16.06.2021
  • 0
  • 0
  • 589
Тау бөктерін көп аралай, аралай,
сиреп-сиреп кеткен сын-ды қарағай.
Қарай-қарай көк аспанға сұңғыла,
араласып кеткен сын-ды шың мына.
Тыңдай-тыңдай түк ұқпады құлақ бұл,
кеше-кеше "ылайладық" бұлақты:
Әсем әнді жаттамаймыз деп тоздырдық,
әсем жырды мақтамаймыз деп тоздырдық.
Қайталасақ жақсы сөзді, бір түрлі
тозады екен, пластинка сықылды.
Жалғыз жақсы сөз сықылды ең сен де осы,
бірақ саған ондай тағдыр бермесін.
Махаббат пен сұлулыққа сенгелі
алғаш тапқан сұлуымсың сен менің.
Сенде бірақ тіршілік жоқ,
ең абзал
қуыршақсың қиып тіккен қағаздан.
Қағазым мен қаламыма сенгелі
ойлап тапқан сұлуымсың сен менің.
Сұлуымсың ойлап тапқан оңаша,
сондықтан да толқытасың мені аса.
Көкірегіңді от боп қарып жыр тілі
шыланбайды сенің қайқы кірпігің.
Сөз айтқанда сырлы тілдер нендей бір,
бетіңе қан ойнап шыға келмейді.
Сүйдім сені, көп жүдедім, көп аздым,
ерініңде от бола ма қағаздың!
Қағазға арнап қағаз сөзді жазғалы
өзім қағаз болып кете жаздадым.
Қағаз-сұлу, қағаз-гүлдер, қағаз-жыр,
көз алдымда парақ-парақ қағаз жүр.
Қағаз-қыздар сұлу бірақ,
білдім мен:
қағаз-гүлдің өмірі ұзақ шын гүлден...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қызыр

  • 0
  • 0

Біздің қария кісі еді-ау бір кең пейіл,
жоқ, айтпаймын бір шайы мен бір етін:
кім келсе де — аяғына еңкейіп,
қонағым деп кебісін сап жүретін.

Толық

Арман

  • 0
  • 0

— Бұлбұл құстың әні қандай әдемі,
Шіркін, өзін тыңдар ма еді және бір.
— Кеше бірақ шықпады үні қарлығып,
ангинаның әлегі ғой барлығы.

Толық

Құрманғазы "Сарыарқа"

  • 0
  • 0

Дауыл, дауыл! Күркіреп тұр;
Қырдан қырға шаң шұбады.
Бурыл бұлтты жыртып өтті
Найзағайдың қамшылары.

Толық

Қарап көріңіз