Өлең, жыр, ақындар

Екі ауылдың арасы

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 729
Жiгiт: – Арасын екi ауылдың алшақ делiк,
Не жетсiн көрiскенге аңсап келiп.
Үкiсiн үлбiретiп өзiң киген
Басылды-ау көзiме оттай кəмшат бөрiк.
ҚЫЗ: – Арасын екi ауылдың төбе делiк,
Жiгiттi сiзден бөлек елемедiк.
Елеңдеп екi көздi талдырғанша
Тұрмайсыз апта сайын неге келiп?
ЖIГIТ: – Апта емес, жүрер едiм күнде келiп,
Үйiңнен шығар болсаң бiрдеңе ғып,
Сыр ашпай,
Жөн сұрасам, бөгелесiң,
Ата-анаң жiбермекшi кiмге берiп?
ҚЫЗ: – Кiм сүймес қызылында қыз баланы,
Көңiлiңiз неден шошып сызданады?
Ата-анам
Əлпештеген ақ ботасын
Көлденең көкаттыдан қызғанады.
ЖIГIТ: – Арасы екi ауылдың алшақ делiк,
Жарасар кəмзолыңа кəмшат бөрiк.
Түндiгiн ақбоз үйдiң түрiп тастап
Жаныңа жантаяр ма ем шаршап келiп.
ҚЫЗ: – Арасы екi ауылдың қыр-беткейлi,
Кiм келiп бұл өмiрге, кiм кетпейдi.
Түзде өскен аңшы жiгiт ə дегеннен
Түлкiнiң алтайысын iндетпейдi.
ЖIГIТ: – Арасы екi ауылдың қыр-беткейлi,
Көркiңдi сипаттауға тiл жетпейдi.
Қаншама хордың қызы болсаң-дағы,
Басыңнан балғын дəурен күнде өтпейдi.
ҚЫЗ: – Байқаймын, үнiң жұмсақ, тiлiң майда ,
Келсе екен деп тұрсың-ау бiр ыңғайға.
Сөзiне сенемiн деп бозбаланың
Қыз байғұс қызыл шоққа ұрынбай ма?
ЖIГIТ: – Басыңа киген бөркiң құндыз ба едi?
Амалдап ақбоз үйге кiргiз менi.
Өсектен гу-гулеген қашам десең,
Төсектен таң алдында тұрғыз менi.
ҚЫЗ: – Жiгiттiң бiз бiлетiн көбi нашар,
Iлуде бiрi ғана көңiл ашар.
Кiремiн ақбоз үйге деп жүргенде
Жүрмесiн талап тастап Бөрiбасар?
ЖIГIТ: – Жаралған Ай нұрынан Ақбөпейiм,
Жiгiттiң, жақсы болсаң, тап көкейiн.
Iшiне ақбоз үйдiң кiргiзбесең,
Аулыма ат ылаулап ап кетейiн!
ҚЫЗ: – Арасы екi ауылдың келiм-кетiм,
Болады көз көрмесе, көңiл жетiм.
Аулыңа ат ылаулап апарғанда
Ажарлап кiм ашады келiн бетiн?
ЖIГIТ: – Қаз мойын, қасы-көзi қиылғаным,
Көрермiз, Алла жазса, бұйырғанын.
Жiгiтке нартəуекел бiр-ақ адым –
Арасы Онсегiз бен Жиырманың!
Көрермiз, Алла жазса, бұйырғанын…



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құс

  • 0
  • 0

Өлгеннен соң мың сұңқылда, мың қайғыр,
Енді қайтып тумайды ғой мұндай жыр:
Қыстыгүні қауырсыны түлеген
Құстың үнін құба таңнан тыңдай жүр.

Толық

«Шеңберден шық!» немесе Мұқағали мұраты

  • 0
  • 0

Шеңберден шық! –
Дүние шеңберінен!
Жараспайды ақынға жерде жүрген.
Екі бірдей аяғын ербеңдетіп,

Толық

Сүйесiң бе сен менi, сүйесiң бе

  • 0
  • 0

Сүйесiң бе сен менi, сүйесiң бе,
Түсiңе енiп, жүрем бе жиi есiңде?
Жүз жыл өтсiн, мейлi, мың жыл өтсiн,
Мендiк мынау жүрекке иесiң бе?

Толық

Қарап көріңіз