Өлең, жыр, ақындар

Сәбит ағамен сырласу

  • 29.07.2021
  • 0
  • 0
  • 264
Сәбит аға,
арналып сізге қанша жыр.
Ақтара айтып,
Ашылды білем қанша сыр.
Толқымай көңіл,
Жырламай жүрек қалатын емес бүгін де,
Төгіліп кеткен
Таба алар емес жан сабыр.
Мен сізді сонау
Галстук тағып,
партада отырған шағымда
тыңдағам,
Егіліп тұрып,
мұңыма қосып,
«Жетім қыз күйін» де
мұндағам.
Балбөпе, Гүлжан, Қозыбақтарға ілесіп,
Талап қанатында
Тасқынды жігер шындағам.
Танып ем өмір
Арқалап жүріп томыңды,
Сіз тұрған шыңға
Бағдарлаған да ем жолымды.
Аяйтын едім
Сұлушаш пенен Бәтесті,
Армандаушы едім
Айбарша, Гүлнар, Ботакөздердей болуды.
Сіз сұлу жырлардан
Жасақтадыңыз армия,
Жолында оның
Жапырылып талай жар, қия
Сезімді жаулап,
Көңілде бұлбұл сайратып,
Әрбір жүрекке
Қалықтап қонып салды ұя
Сүйсінтіп көпті
Шежіре, ғұламалығыңды таныттың,
Атандың әйгі
Ең мәшһүр ұлы халықтың.
Көз жұмғанынша
Қаламың түспей қолыңнан,
Бұрқырап жатты
Қайнар бұлағы шабыттың.
Әр үйге бүгін
Түсіріп шуақ арайлы,
Томдарың төрде
Өзің боп күліп қарайды.
«Өткелдер» сонау,
«Өскен жол» сонау сайраған
Сара жол болып
Ғасырларды асып,
бүкіл аспан астына тарайды
«Ботакөз», «Аққан жұлдыздар»
Бүкіл әлемді аралап
Дән етіп жүрген
Гүлдейді әсем жаңа бақ.
«Тында туғандар»
Толқытып, егін көктетіп,
Жер беті қайта түлейді
өркендеп, өсіп жаңалап.
Қар бұзып берген
Төтелеп, тыңнан жол бастап,
Ағалар ісі
Ұласып әрі,
Ұлы дәстүрлер болып жалғаспақ.
Толғанып сіздер,
«Алыптар тобы», тұрарсыз...
Келер ұрпаққа
Сүйсіне қарап, ой тастап.
Халқыңа еткен
Еңбегіңді айтып, түгесіп
Бола ма бүгін
Сіз шыққан биікке ілесіп,
Дара тудыңыз,
Дара тұрарсыз
Жеке батырдай тұлғалым,
Жетсе де қанша
Бұлар бой жетіп, ұл өсіп.
Толтырып олқы
Одақта жүрер кезіңді
Кіші пейілін,
Бауырмал жылы өзіңді,
Күнде көреміз,
Күнде естиміз,
Әйтсе де,
Бүгінгі ұрпақ
Іздейді әр кез езінді.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Абай айтқан жұмбақтың бірі менмін

  • 0
  • 0

Абай айтқан жұмбақтың бірі менмін,
Өзің білші, келмесе бұған сенгің.
Жұмбақ сырын ашатын «ұлылықтың»
Өзі жұмбаққа айналар мұны білгін.

Толық

Алатауы ақындардың

  • 0
  • 0

Жердегі әр биіктің бар атауы,
Әділ ғой сізді халық дана атауы.
Торқалы тойыңызға құтты болсын, –
Дей келдік, ақындардың Алатауы.

Толық

Кемсітіп, менің сындыра берме сағымды

  • 0
  • 0

Пәле шықса, шығады-ау деп тек осыдан,
Аулақтағандар жүр қаламгерлердің қосынан.
Халқымның бар мызғымас берік дәстүрі,
Қиындық туса, қиырдан басы қосылған.

Толық

Қарап көріңіз