Өлең, жыр, ақындар

Қызғалдақ

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 765
(Октябрь ұлдарына)

Октябрь жазы гүлді жаз,
Октябрь жазы нұрлы жаз,
Октябрь жазы жайнайды.
Бұл іске жасыл оранып,
Тотыдай түлеп таранып,
Мәңгіге бұлбұл сайрайды.
Қызыл гүл қызыл жалын боп,
Жер жүзі нұрлы сағым боп,
Құлпырады жұмақтай.
Мен де бірге құлпырып,
Қыспа қыстан жыл шығып,
Ойнаймын жас лақтай.
Қызарған бүршік бұлтиып,
Жерден басы қылтиып,
Қызғалдақ атты шешегім.
Алмадай боп қызарды,
Күн санап бойы ұзарды,
«Өсемін мен, өсемін!»
Құлпырған киіп беренді,
Жібекке жасыл бөленді,
Бал сорғызды ұрығы.
Тоты құстай түледі,
Күн сықылды күледі,
Балдан тәтті қылығы.
Сабағындай алманың,
Қызарған жайды тармағын,
Қып-қызыл боп жайқалды.
Жаңа атқан таңдай боп,
Жақа шыққан талдай боп,
Бұралды, күлді, жайқалды.
Қарашы тез сезуін,
Күн күлді, тартты езуін,
Қызғалдақ күлді күнменен.
Еркелеп басын иеді,
Бетінен күн сүйеді
Еркелеткен нұрменен.
Жердің жүзін гүлге орап,
Кілемдей сұлу түрге орап,
Қызғалдақтар жайнайды.
Қызығып қызыл жалынға.
Сайрады бұлбұл жанында,
Көп қарайды тоймайды.
Қызғалдақ толып өседі,
Жібек жел толқып еседі,
Қызғалдақ исі аңқиды.
Жан-жағы нұр сағым боп,
Ортасында жалын боп,
Қызғалдақ жайнап шалқиды.
Домаланып денесі,
Күн санап өсіп өресі
Қызғалдақ жайған алақан.
Қызарып тағы бүртиіп,
Жерден басы қылтиып,
Қаптайды миллион балапан.
Октябрь жазы сенбейді,
Енді күз, қыс келмейді,
Октябрь күні батпайды.
Жердің жүзін гүл қылып,
Қып-қызыл ала түр қылып,
Қызғалдақ гүл-гүл қаптайды.

1926



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Еңбек туралы жыр

  • 0
  • 0

Болғысы келсе ақмақ
Менің берер кеңесім:
Жалқауланып жатып ап,
Еңбектен тартсын денесін.

Толық

Күннен күшті большевик

  • 0
  • 0

Күштісі күштілердің күшті алтын күн,
Жыл бойы: нелер миллиард, миллион, мық,
Ұршықтай айналдырып бар әлемді
Келеді бар дүниеде оған тең кім?

Толық

Тайыр Жароковке (бірінші өлең)

  • 0
  • 0

Сен ойлайсың өзіңді «қумын мен» деп,
Бол, болма,... отаныңа еткен еңбек
Өз тіліңмен айтқанда,— сан шөлдерді,
Суарды таусылмайтын «Тасқын»— сел боп.

Толық

Қарап көріңіз