Өлең, жыр, ақындар

Москваға сәлем

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 311
Москва!., тек өзіңнен қанаттанып,
Шыңдарға нелер биік ұшқан халық —
Қазақтан, саған тарту — таралғыға
Ән-күйді бір эшелон келдім алып!
Әрине, бұл ғана емес қолда барым,
Бойына мен қазақтың біткен дарын.
Ашылып гүл-шешектей Октябрьден,—
Даламды бау-бақшасы жапты қалың.
Жылдан жыл көркемдене жатқан кеңіп,
Бақшамнан түрлі түсті гүлдер теріп,
Бірнеше букетімді алып келдім,
Болсын деп астанама бұл да керік.
Орын ап салтанатты кең төріңнен,
Дауыспен жан-жүйеңді ерте білген,
Көрсетем сауық-сайран алдыңа кеп,
Советтік шындығымнан, ертегімнен!..
Қырық бір жыл бұдан бұрын едім өгей,
Сондықтан, жерім құтсыз, ауылым кедей,
Халқымның сол бір шақта мұң мен зарын,
Бүлкілдеп жырлап еді талай көмей.
Кезіңде, қараңғыда ел адасқан,
Халыққа жол табуға жанталасқан,—
Ыбырай, Шоқан, Абай күн сәулесін
Тек қана күткен еді ұлы орыстан.
Тамаша сәулесіне бөлеп елің
Құлдықта жүргендердің намыс-кегін
Сиғызып өз бойына, бақыт күні,—
Орыстың ардақты ұлы — туды Ленин. 
Қамалған қараңғыда көріп жарық,
Көксеген азаттықты өліп-талып,
Лениннің күшті үнімен бас көтеріп,
Құлшына қан майданға шықты аттанып.
Көсемі,— Компартия— құрылды штаб.
Майданда белуардан кешіп қанды,
Қазақ та шеру тартып бірге аттанды,
Әліби, Аманкелді, Сәкен бастап.
Майданға шақырғанда ұран тастап,
Жойылып ел талағыш түгел банды.
Атырды Компартия Россияда
Октябрь аталатын алтын таңды.
Қосып боп Октябрьге өз үлесін,
Өткеріп бастан түгел тап күресін,
Қазақ та отандас бар халықпенен
Жасасты коммунизм құрылысын.
Кен, дала жатқан бұрын жай құлазып,
Советтік құралдармен көрсем қазып,
Кен болып бықып жатқан, заводтарға
Мәңгілік таусылмайтын табылды азық.
Құрылып теңдесі аз нелер алып,
Лениндік ен даланы бөлеп жарық,
Мақтаншақ Европа елдерінің
Талайы тырбаңдады артта қалып.
Десе де жаулар бізге «қастық етем»,
Отаным жылдан жылға басты бекем!..
Көтеріп көрсем тыңын кең даламның,
Астында тұнып жатқан астық екен.
Деп едім егіншіме «жылдам аудар!»
Дос қуанып, күйінер дұшпан-жаулар,
Алтай мен Алатаудай жоталанып,
Даламда өсіп кетті алтын таулар.
Жайылып шүйгін отта түліктерім,
Жүйрікті малшыларым мініп менің
Заманның жарысынан бәйге алса,
Қарайды рахаттана күліп елім.
Күресте бекігемін жасымауға,
Байлықта бекігемін тасымауға.
Шынында келеді әлім, Отанымды
Талай жыл киіндіріп асырауға.
Кен, жайып құлашымды жан-жағыма,
Ғылымның, өнердің бар қармағына
Сыбаға қосып, нелер тәтті ән-күй
Оралды көмейім мен бармағыма.
Ауылдан, Алматыдан, Москвадан
Ән салсам, қосылып тау, тас та маған,
Бақытты өмірімде сауық құрсам,
Дос түгіл таңданады қас та маған.
Москва, тек өзіңнен қанаттанып,
Шыңдарға нелер биік ұшқан халық.
Қазақтан, саған тарту-таралғыға
Тағы да талай ән-күй келдім алып.
Тағы да орын алып кең төріңнен,
Достардың жан-жүйесін ерте білген.
Күй тартып балбырата, ән шырқаймын,
Бүгінгі шындығымнан, ертегімнен.
Эфирің ән-күйімді қағып алып,
Естісін жер шарында барлық халық,
Советтік бақытты елдің шаттық үнін,
Тыңдасын бүкіл адам құмарланып.
Мінейін жасанды жер серігіне,
Барайын планеттің керігіне,
Аспанды кезіп жүріп жар салайын,—
«Қазақтың — деп — ерікті елі міне!»..
Адамның іске асырған бар қиялын,
Жеңімпаз коммунистік партияның,
Істерін дүниеге жыр қылайын,
Тарасын бар әлемге шалқи әнім.
Таңырқап кезін тіккен әлем саған,
Жүктеген тәтті үмітін бар ел саған,
Москва, ұлы астанам, бар қазақтың
Атынан мың мәртебе сәлем, саған!..

1958



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Коммунистік татулық

  • 0
  • 0

Ең күшті дейтін «атомдық
Бомбаға» миллион татырлық
Бізде бір күш бар, есімі —
Коммунистік татулық.

Толық

Ыстықкөл

  • 0
  • 0

Айналасы асқар тау,
Жатады көлім мөлдіреп.
Бұйраланса толқындар
Жалында жүрек елбіреп,

Толық

ІІІ — Тың толғауы

  • 0
  • 0

Хатыңды, ақын інім, ерте оқып,
Пайдалы сөзін ойға алғам тоқып.
Беруге іле жауап, көп қағаздың
Отырдым арасында, жатқан қоқып.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар