Өлең, жыр, ақындар

Баласы Берекет мазарының басында айтқаны

  • 25.11.2015
  • 0
  • 0
  • 4362
Сөздің басы бір Алла,
Әмірің ақ дүр сірәдан.
Алласы кетіп аузынан,
Әзәзіл - шайтан бүл азған.
Күллі нәпсі Құраннан
Зәиихәтіл мәуіттің
Хадисін тұтқан бұл адам.
Еңсесі кеткен жүйрікпін
Еріксіз шауып бұланған.
Қайғы толса қалыбыңа,
Ұшқындап шығар зыбаннан
Ашу - бөрі, ақыл - қой,
Аралас бағып жүре алман.
Шерлі жүрек, желді өкпе,
Желпінбей шықпас құмардан.
1904 - жылында
Тап болды бізге бір заман.
Айтайын көпке тыңдаған:
Атамыз Адам Сафидан
Баяны жоқ сүм заман.
Жаралғалы жан болып,
Үдірегелі сан болып,
Көгергелі дән болып
Кімдер кетіп, кім қалған?!
Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Он сегіз мың ғаламды
Патша болып құлданған.
Жиырма тоғыз жасында
Мүкаррам дүние тұл қалған.
Құдай деп сүйген құлдардан,
Ардақтап сүйген ұлдардан
Бай менен батыр, мырзадан,
Ойласаң, бар ма тұрған жан?!
Өлмей қалмас туған жан,
Ғұмырың озбас сызғаннан.
Пенделіктің әсері
Көңілім көшіп қиналған.
Базарында дүнияның
Кімдердің тауы шағылып,
Кімдердің сағы сынбаған?!
Жапырағы ұшса, жасарған
Бәйтерек солып, қураған.
Балапаны өлсе ұяда,
Ақсұңқар құстар шулаған.
Атасы өлсе жігіттің,
Асқар тауы құлаған.
Анасы өлсе жігіттің,
Суалып көлі құрғаған.
Ағасы өлсе жігіттің,
Ақылынан адасып,
Әңгімесі кетер құраған.
Інісі өлсе жігіттің,
Базары тарқап маусымды,
Басылып көңілі тынбаған.
Баласы өлсе жігіттің,
Жез қанаты қайырылып,
Талабынан шырмалған.
Көтеру үшін көңілді,
Баласының басында,
Мазарының қасында
Аралбай тұрып жылаған.
Жылады деп сөкпе, жұрт,
Мен - ботасы өлген боз мая
Тұлыбына келіп ыңыранған.
Жатырмысың аман-сау.
Тілеп алған шырағым,
Бабы түссе - қу алған,
Көрсе - көңілім қуанған,
Бауыры тарлан қыраным,
Басыма қиын іс түссе,
Қайыспай тартар бұланым.
Бұланым деп келсем де,
Орныңнан жоқ-ты сұрағың.
Қасымда да болмады
Ағайын-тума - ұраным.
Ағайын-тума неғылсын,
Тура құрық келгенсін,
Адасқан жауап бұларым.
Дүниеге өзің келгенде,
Болып еді мұрадым.
Біз мұраттан айырылып,
Тарқады қолдан құралым.
Алтын туым жығылып,
Асқар тауым құлады.
Біздерге түскен секілді
Ашылмас күннің тұманы.
Әзіреті Адам-Салолла
Баласынан айрылып,
Әміріне Хақтың шыдады.
Айрылған әркім баладан
Бұйрығымен Құданың.
Солардан қалған бұл пәни,
Етерге бар ма лажың?!
Алладан бұйрық болған күн,
Өлшеулі ғұмыр біткенсін,
Несіне арман қылайын.
Қайғырғанмен пайда жоқ,
Артында қалып оқыған
Сауабы тиген дұғаның.
Пенделіктің күшімен
Көңілім көшіп қайғырып,
Көзімнің жасын бұладым.
Жылады деп сөкпе, жұрт,
Ерік кеткен бастан уағым.
Мен - ботасы өлген боз мая
Тұлыбына келіп ыңыранған,
Иіскесем, қанар құмарым.
Жатырмысың перзентім,
Көкірегің шат болып,
Басыңа үлкен бақ қонып?
Сен дүнияға келген соң,
Жиырма бес жыл құлданып,
Қызығыңа қолым сермедім.
Оздырып қатар құрбыңнан,
Көрсеттім әр іс өрнегін.
Балапан құстай талпынып,
Баурадың көзің көргенін.
Пар-парлап жанған шамшырақ
Енді білдім сөнгенін.
Айтып-айтпай, немене,
Жасаған Ием, жалғызды
Өзі алды қайтып бергенін.
Қаңсыған қара кемедей
Кетті құрсау шеңберім.
Жез қанатым қайрылды,
Оқ тиген қудай меңдедім.
Бақыты бастан ауған күн
Әзіреті Жүсіп Кенғанда
Кем бағаға сатылып,
Жетімдікке көнгені.
Олардың да атасы
Пайғамбар Якуп еңіреді
Іздеп келсем басыңа,
Атаңа сәлем бермедің.
Халалдан болған асылым,
Айрылған бізден жөндерің.
Сөйтіп жүрген шырағым,
Мауқымды баса келгенім.
Мінәсіп емес бұл жерде,
Мазаңды алып еңіредім.
Көтеру үшін көңілді,
Әрі-бері жыладым.
Жылады деп сөкпе, жұрт,
Мен - ботасы өлген боз мая
Тұлыбына келіп ыңыранған,
Иіскесем, қанар шөлдерім.
Жатырмысың аман-сау,
Тілеп алған қарағым?!
Балапан құстай асырап,
Жегіздім тағам халалын.
От пенен суға күйдірмей,
Нәрседен залал тидірмей,
Мәпелеп бағып қарадым.
Қамқорың кеді басыңа
Білуге саулық-аманың.
Қасында да болмады
Ағайын-туған жараның.
Ағайын-туған неғылсын,
Алладан болған әмірге
Таусылған уақыт шаманың.
Жиырма бес жыл құлданған
Тарқады қолдан базарым.
Тарқаса қолдан базарың,
Құриды екен амалың.
Ер қолында ерік болмас,
Үзілсе белден жарағы.
Жарақсыз ерге жазым көп,
Дұшпанның тиер залалы.
Раушаны көзімнің,
Жарқырап жанған панарым.
Көз нұрыннан айрылса,
Қармауменен таба алмас
Алыстағы қараның.
Байтақ жұрттан пайда жоқ,
Болмаса құтты баяның.
Еңкейіттің ата-анаңды,
Еңіреттің қатын-балаңды.
Сөйтіп жүрген шырақтың
Көруге келдім мазарын.
Қызарып жатқан топырақ
Мазарына келгенсін,
Жыламай неғып қаламын?!
Жылады деп сөкпе, жұрт,
Мен - ботасы өлген боз мая
Тұлыбына келіп ыңыранған,
Иіскесем, мейірім қанады.
Жатырмысың, терегім,
Ақылға түпсіз зерегім,
Шаршағанда демеуім,
Қысылғанда көмегім!
Біз көмектен айрылдық,
Бермесе Алла себебін.
Бұтағы сынса теректің,
Шырпымен толмас кемері.
Пенде керек дегенмен,
Алла қылмас дегенін.
Алдымда жүрсең - ажарым,
Артымда жүрсең - базарым,
Шыныменен Жасаған
Берді ме екен деп едім.
Үйде отырсам - қымызым,
Түзге шықсам - қызығым.
Енді мұндай қызықты
Іздеп қайдан көремін?!
Лайқаттап салған соң,
Айласыз жүдеп, көнемін.
Бұл бір емес, қашаннан
Гулеген шырақ сөнерін.
Біз құсаған пенденің
Маңдайына көп едің.
Көрген жанның баршасы
«Құтты болсын» деп еді.
«Көп батасы - көл» деген
Әншейін айтқан сөз бе еді?
Жандыра түсіп сөндірген
Алланың қалай шебері?
Әлпештеп қолдан өсірген
Мәуелі терек сен едің.
Сенің жәйің болсын деп,
Миуалы балқаш көлдерге
Жағалай қонған мен едім.
Жатырмысың аман-сау,
Кете алмай қасыңнан.
Ізгілігі болар деп
Берекет қойып атыңды,
Мен едім әкең шақырған.
Әлдилеп сүйіп аз күнге,
Әлпештеп көңілім ашылған.
Алты жаста аңланып,
Араластың ақылға.
Он екі жаста ой ойлап,
Он төртте алқа алдында
Топырағың шашылған.
Жиырма бес жасқа келгенде,
Кез болды дәмің таусылған.
Аға, құрбы, ата-ана,
Айрылдың сүйген татудан.
Дүйсенбі күні дүниеден
Сапар шектің, түлегім.
Еміреніп келсем қасыңа,
Бозарып жатқан топырақ.
Қан түкіріп қайғырып,
Қарап тұрып жүдедім.
Тұрад деп келсем басыңа,
Мейірім қанып өбуге
Көтермейсің басыңды,
Қалай болды бұ жерің?!
Жығылсам, басым сүйеуге
Болмады жанның біреуі.
Адамзаттың баласын
Жаратқан екен Жаббарым
Әуеліден қысқа сүрегін.
Шетте жүрген біз түгіл,
Ортадағы жандардың
Көре алмадым түгелін.
Үйде отырсам - құлқым жоқ,
Түзге шықсам - күлкім жоқ.
Кеткенсін қолдан күреңім.
Төрт мың төрт жүз мұрсалдың.
Үш мың үш жүз нәбидің
Сау қалмаған біреуі.
Әулие қоймай жалынған.
Садақа беріп малынан.
Болмаған қабыл тілегі.
Сақтамасс Құдайым,
Бір нәрсенің салқыны
Бізді де шалған, білемін.
Біраз ғана сөйледім,
Көтеріп көңіл кіреуін.
Жылады деп сөкпе, жұрт,
Мен - ботасы өлген боз мая
Айдалада аңыраған,
Тұлыбынан үзбей күдерін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аралбайдың термесі

  • 0
  • 0

Ал жиналған жақсылар,
Сөз сұрасаң біздей қартыңнан,
Базарлы жерге келгенде,
Басымды бұлдап тартынбан.

Толық

Сұрасаң кеңес аралдан

  • 0
  • 0

Сұрасаң кеңес аралдан
Жалқаулық етіп қалалман.
Жүрият болып үдіредік
Әуелде жалғыз адамнан

Толық

Қарап көріңіз