Өлең, жыр, ақындар

Бір арман

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 454
Асулардан қаншама аман өттім,
Уақыт өзі бергендей маған екпін.
Көктемімді тойлауға шақырып бар
Достарымды келеді қонақ еткім.
Құс көңілім қанатын кең жайыпты,
Сағыныштан кең далам сарғайыпты.
Қонақ етсем төріме отырғызып
Алатау мен Атырау, Ақ Жайықты.
Тамашалап елімнің жан байлығын,
Тамашалап жерімнің таңдай гүлін,
Көңілдер мен көңілдің жақындығы
Елетпейді араның шалғайлығын.
Жан сарайын достарсыз мұң қамайды,
(Доссыз өмір білмеймін кімге жайлы?)
Қонақ етсем деп едім түнгі аспанның
Жұлдызына көрші етіп туған айды.
Жомарттығым жайылып көпке менің,
Шалқытсын бір жалынын отты өлеңім.
Дастарқан ғып даламды жайып тастап,
Шақырсам ба бауырына Көктөбенің?
Ойдан-қырдан бүлдірген жыр теремін,
Шөлдегенде шабыттан бұлт емемін.
Ағысынан ақ жүзін аспан көрген
Толқынынан бұлақтың күлкі өремін.
Жан дүниемді тұрғанда билеп өлең,
Кең даласыз сыймайды үйге денем.
Достарыммен ұзартып өмірімді,
Екі ғұмыр кешкендей күйге енер ем.
Қонақ етіп барлығын сыйлар едім,
Сыйлар едім, ән сал деп қинар едім.
Көрінеді жерге бұл сыймайтындай
Кең даладай көңіліме сыйған елім.
Көргенменен қызығын сан ортаның
Ашылмай жүр жаннан бір жанартауым.
Өтсем деп ем тербетіп Қосағашты
Сағынышты әнімен Сарыарқаның.
Бұлбұл үнмен тұрғандай жырлап әлем
Бетпе-бет кеп көлеңке, мұң-наламен.
Жанарынан достардың жарық алып,
Мынау жарық дүниеге бір қарар ем.
Бір шақыру үйіме арман бәрін,
Жарқырасын жұлдызы жанған дарын.
Қонақ етсем деп едім Алтай, Қырым,
Оқжетпес пен Тайганың ормандарын.
Бұл арманға беріліп мен сенемін,
Жүректерге жүрекпен жол шегемін.
Дос көзімен өзімді таразылап,
Салмағымды өмірден өлшер едім...
Бұл арманға талпынсам жетемін бе,
Тіршіліктің шырмалып жетегінде.
Қонақ күтіп жүріп мен, мына өмірдің
Қонағына айналып кетемін бе?
Тау боп бірде, теңіз боп тулар едім,
Жүрегімнің жоғалтпай сырлы әуенін.
Бұл арманды орындап үлгермесем,
Үлгерерсің мен үшін, туған елім...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бала емізіп отыр ана

  • 0
  • 1

Бала емізіп отыр ана, ойын бөлмей басқа түк,
Бұл минуттан басқалардың көксегені бос бақыт.
Бала емізіп отыр ана, бір өмірді алға алып,
Мейірімі күн нұрындай махаббатқа жалғанып!

Толық

Жұлдызыңды жандырып

  • 0
  • 0

Жұлдызыңды жандырып,
Алып қалғым келеді.
Құшағыңда мәңгілік,
Қалып қалғым келеді.

Толық

Суретші боламын

  • 0
  • 4

Суретші болам өскенде,
Саламын туған даламды.
Қызарып батқан кештерді,
Жұмыстан қайтқан анамды.

Толық

Қарап көріңіз