Өлең, жыр, ақындар

Балам әскерге кетерде

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1165
Ер жігіт өсіреді жапанға гүл,
Ойлайтын кезің келді Отан қамын.
Парызын өтеу үшін туған елдің,
Барасың, балам, күткен сапарға бұл.
Жатпайды қанаттанса ұяда құс,
Құс болып көк аспанға қиялап ұш.
Сен де бір сенімге ие азамат боп,
Аттанып барасың бір қияға алыс.
Қатаяр дауылдарда нәзік емен,
Беттесіп өмірдің қыс-жазыменен.
Сағынсам, саған қарай ұшырамын,
Аққудың қанатына жазып өлең...
Шақырар әлі талай жол тынымсыз,
(Қалайша өмір сүрмек халқым ұлсыз?)
Үзіліп бір тамшы жас көздерімнен,
Көзіңе қарап тұрмын толқып үнсіз.
Сезімге емес сонша төзімді анаң,
Елестер бал-балалық кезің маған.
Балаңдық өткелінен өтіп шығып,
Өмірін әкелердің сезін, балам.
Шыңдалып, жақсы емес пе шыныққаның,
Осылай атсын тыныш тұнық таңың.
Бұл деген ана туған әрбір ұлға
Ең үлкен сын екенін ұмытпағын.
Барасың ие болып сенімге осы,
Кездескен қиындықтан жеңілмеші.
Уақыт қас қағымдық өте шығар,
Ақ аспан тыныш болса ел іргесі.
Кішкентай құлыншағым, жанашырым.
Қуантар көңілімді өр асуың.
Күн сайын жол үстіне көзін тіккен
Мен сендей бір солдаттың анасымын.
Думанды үзілмеген үйден бір ән,
Үйімде балақ бауын қиған қыран.
Қолына ап қашан мені шертеді деп,
Екі жыл күтер сені күй-домбыраң.
Көгіңнен күн шуағын құяр дәйім,
Жырласын бас көтеріп ұяң қайың.
Өтеп қайт азаматтық борышыңды
Сен үшін ел алдында ұялмаймын.
Сен барда өкпелі емес тағдырға анаң,
(Сағыныш, үрей, үміт – әр күн маған).
Ақ балам, қолдап аппақ аруағымен,
Қорғасын қайда жүрсең Жамбыл бабаң!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қылышты адам

  • 0
  • 0

Тағдырымен елімнің туыс далам,
Қабатында ғасырдың тыныстаған,
Түртіп қалсаң әр сайдан, әр төбеден
Түрегеліп кетердей қылышты адам.

Толық

Алмасуда қуанышпен бір мұңым

  • 0
  • 0

Алмасуда қуанышпен бір мұңым,
Мұңсыз менің жеңіл тартар тірлігім.
Жапырақ жаяр мынау жарық өмірге
Жүрегімде бүршіктенген жыр гүлім.

Толық

Ақылдым-ау, тақтың маған бекер, мін

  • 0
  • 0

Ақылдым-ау, тақтың маған бекер, мін,
Шексіздіктің шегіне бір жетермін.
Ояуымда-ақ шым-шытырық түс көріп,
Ұзақ уақыт ұйықтап қалған екенмін...

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер