Өлең, жыр, ақындар

Қуанамын көгімде аман тұрса күн

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 251
Қуанамын көгімде аман тұрса күн,
Көзін ашқан еске түсіп гүл шағым.
Құрсағымнан шыққан балам кешегі
Кезіп жүр кең дүниенің құрсағын.
Бір кездегі «кереметтің» бәрі шын,
Бір кездегі алыс емес алысың.
Үйде отырып вокзалынан Сібірдің
Естідім мен «мама» деген дауысын.
Қарыздармын тұнық аспан, таңға ашық,
Жер қадірін білем десең жолға шық.
Аспандағы телеграф сымдары
Тұрды жүрек тамырына жалғасып...
Аман болсын адамзаттың аспаны,
Аспанымның таусылмайды дастаны.
Есім шығып ести алмай қалдым мен
«Мама» деген бір-ақ сөзден басқаны...
Тұла бойым дүр сілкініп сол күні,
Арнасынан асып көңіл толқыды.
Дауыстаған сияқты алып теңізге
«Мама» деп бір өзендердің толқыны...
Жаңғырықтар жақындап бір, алыстап,
Ұшты уақыт ғасырларды ғарышқа ап.
«Мен ұлыңмын, мама! Мама, ма-ма!» – деп,
Тіл қатқандай аспан жерге дауыстап.
«Мама» деп бір, жаңғырықты тау бүгін,
Білдіріп тез амандығын, саулығын.
Көкжиектен көкжиекке асығып,
«Мама» деп бір қақты қанат таңғы Күн!..
Қиял мінген шындық құсым бір самғап,
Босағамнан кетпейтіндей қусам бақ.
Тар құрсақтан шыққан балам шырылдап,
Емін-еркін кең дүниені жүр шарлап.
Келді солай сырттан үйге жаңа леп,
Жаңа леппен жан-жүректе жанады от.
Талып жеткен даусыменен баламның
Бүкіл дүние тұрғандай бір «мама» деп!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кейде көктем, қыс кейде

  • 0
  • 0

Кейде көктем, қыс кейде,
Оралмайды кешегің.
Шын махаббат түс бейне,
Сипап қалар төсегін.

Толық

Сені көріп айрылдым бар еріктен

  • 0
  • 0

Сені көріп айрылдым бар еріктен,
Сенің сөзің мұз жанымды еріткен.
Сұрау салып қыр соңыңнан қалмаспын,
Қайда барсаң, көлеңкеңдей еріп мен...

Толық

Түн түсінер ай мұңын

  • 0
  • 0

Түн түсінер ай мұңын,
Кім түсінер қайғы үнін?
Көзқарас пен кешегі
Сезімімнен айныдым...

Толық

Қарап көріңіз