Өлең, жыр, ақындар

Наурызға наз

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 363
Біз асқан асу, тау-құз көп,
Мерт қылып махаббатымды...
Жетпіс жыл бойы
«Наурыз» деп
Айтқызбай қойды атыңды.
Жетпіс жыл жуып жанарды
Кеудемде қайғым қамалып.
«Наурызбай» десем, баламды,
Соңыма түсті шам алып.
Шаба алмай жүйткіп-көсіліп,
Өзімнен өзім түңілдім.
Наурыздың атын өшіріп,
Миыма «март» деп сіңірдім.
Сұрқия шошыр сұрынан,
Қанымды қыз-қыз қайнаттым.
Өзінің Айы, Жылынан
Айырылып қалған бейбақпын.
Торланып бұлтқа аспаным,
Қан жұтты елім қамығып.
Біздікі емес,
Басқаның
Шапанын келдім жамылып.
Кешір сен, Наурыз!
Кешегі
Бетіңнен қаққан күндерді.
Маңдайдың соры бес елі,
Мұндайды, сірә, кім көрді?!
Наурызым, кешір,
Дәміңді –
Жетпіс жыл бойы татпадым.
Айта алмай арнап әнімді,
Шірітіп іште сақтадым.
Жетпіс жыл сені жерледім
Жүректің терең түбіне.
Намыстан талай терледім,
Ұқсады кеудем күбіге.
Ішімде небір ит өліп,
Оңбаған ойлар ойладым.
Өңменнен сені итеріп,
Өзгенің тойын тойладым.
Берілдім ойын – ырбаңға,
Жақсының ісін жат көрдім.
Гүл басқан көктем тұрғанда
Кақаған қысқа тап келдім.
Сол үшін болсам қылмысты,
Оны да жаңа сезіндім.
Дәріптеп басқа ұлысты,
Дәстүрден, салттан безіндім.
Келгенде дүние кезегі,
Жармасқан иттей балаққа.
Тәрік қып наурыз көжені
Айырбастадым араққа!
Жетпіс жыл
Жердің астында
Жасырын жатқан қазынам.
Беріспей уақыт-тасқынға,
Бар еді айтар базынам.
Осылай жеңдік жауды да,
Емдеді жұртты дәрі-жыр.
Ақ тиіп елдің аузына,
Ақиқат жеңді бәрібір.
Жарқыра, жайна, Наурызым,
Қабағы жаудың түйілсін.
Береке-байлық – дәм-тұзың
Халқыма мәңгі бұйырсын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тасқа жанып төзімді

  • 0
  • 0

Тасқа жанып төзімді,
Тауға соқтым басымды.
Көрген кезде өзіңді
Көрсетпедім жасымды.

Толық

Сонау жылы... «Кеңсайдағы» зиратта

  • 0
  • 0

Сонау жылы...
«Кеңсайдағы» зиратты
Бұзақылар быт-шыт қылып қиратты!..
Өліктерін сыйлайтұғын өзгеше

Толық

Көне қала келбеті

  • 0
  • 0

Қабырғалар, қабырғалар құлаған
Енді қайта қаланбас.
Қалды астында қыруар сүйек, мың адам,
Ешкім қайта таба алмас.

Толық

Қарап көріңіз