Өлең, жыр, ақындар

Өмірбаян орнына жазылған өлең

  • 20.09.2021
  • 0
  • 0
  • 284
Тамыздың туылыппын төртiнде мен,
Сырым көп сендерге әлi шертiлмеген.
Қолды сiлтеп кетiп ем барлығына,
Қайтадан Алматыға келтiрдi өлең.
Иттей талап, шеттеттi, қақпайлады,
Жан дос деген жақыным сатты айлалы.
«Iшкiш, жүргiш, жазғаны түк емес»,– деп,
Жоғарыға жалалы хатты айдады.
Эфирлерден ән болып естiлмедiм,
Тым кеш сездiм есiмнiң кеш кiргенiн.
Шынымды айтып, шырылдап, шырқырап ем,
Сырларыма сенбедi ешкiм менiң.
Қатты батты, жаныма сенбегенi,
...Шыр айналды уақыттың дөңгелегi.
Бақытсыз көп ақынға қоса салдың,
Айырбастап бiреуге сен де менi.
«Ешкiм жаза алмайтын», – жырың бар деп,
Шылауыма оралып, шырылдар кеп.
«Ғайыперен, қырық шiлтен» алдамайды,
Өзiмдi-өзiм алдаймын шыңым бар деп.
Боратқан етектегi есектiлер,
Күн сайын жүрегiмдi, өсек тiлер.
Жетiмдерге қайырым жасап едiм,
Күлiп жатты сыртымнан есептiлер.
Итпен жылдас, айлас боп арыстанмен,
Дүние екi келмейдi алысқанмен.
Алматының аяулы кештерiнде,
Талай-талай жүрсем де данышпанмен.
Күншiлдiктiң апыр-ау, сыры неде,
Топ-топ қазақ... бастары бiрiге ме?
Алыс ауыл,мен сенiң үмiтiң ем,
«Ақтадың»,– деп айтпайды бiрi неге.
Бiрi айтпады-ау, жылы сөз шiркiндердiң,
Жылап тұрып... тұлпардай сiлкiнгенмiн.
Ей, пенделер, сендерден жерiген соң,
Жалғыз барып бейiтке күрсiнгенмiн.
Сезгем нұрлы жанымның тазарғанын,
Бiзден кейiн шыққандар... жазар бәрiн.
Қарайлама артыңа, қайран менiң
Ақ сапарға аттанған ғазалдарым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Саттар Ерубаевты еске алу

  • 0
  • 0

Мәңгiлiк орын алып тұрсың көктен,
Жырларың жүректердi дүрсiлдеткен.
Мен саған мәрмәр тастан белгi қойдым,
Көкем-ай, жиырма үшiнде қыршын кеткен.

Толық

Қасым Аманжолов жайлы жыр немесе ақын зиратындағы ой

  • 0
  • 0

Қабырға сөккен
қазақтың мұңы тербеткен,
Қара бала едiм қараша ауылда ержеткен.
Қаратау жақтың қара талының шыбығын,

Толық

Дала да үнсiз, сен де үнсiз тұрдың-ау

  • 0
  • 0

Дала да үнсiз, сен де үнсiз тұрдың-ау,
Мендей сенi сүйер ме екен қыр мынау.
Алаш та жоқ қара көздi қарғам-ай,
Есiмдi алдың мiнезiңмен мұңдылау.

Толық

Қарап көріңіз