Өлең, жыр, ақындар

Алдан бала

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 264
(Толғау)

Ал-д-а-а-н!
Ал-д-а-а-н!
Дауыс шықса осылай Алдандаған,
Алаңсыз бiр ойнауды армандаған.
Алдан бала қайтқан сол амалсыздан,
Мұңлы сурет жатталып қалған маған.
Сылтып басып аяғын Несiп кемпiр,
Басын сұғып iздейдi есiктен кiл.
«Келмедi ме, қаңғыбас?» – деп сұрайды,
Көршi үйге енсе кебiсiн шешiп кемпiр.
«Алдан қайда, әй, бала, келтiр берi,
Жүр ме бiздi, жетпегiр, өлтiргелi.
Қара жерге кiрмейдi...» Несiп кемпiр
Көбiгi ағып аузынан селкiлдедi.
Өгей шеше, сал әке, Алдан бала,
Өз үйiне кiре алмай қалғанда аға,
Апам менiң үйге әкеп қондыратын
Куә оған сағымды тарлан дала.
Келiп қалған көз жасын сүрте салып,
Қарбыздарды кiретiн күркеге алып.
Мен мұндалап жататын егiстiкке,
Суын сыйлап ағатын Үлкен арық.
Бiздi көрсе жүзiне күлкi енгенмен,
Сөйлесетiн үлкендей, үлкендермен.
Жапырлаған жұлдызды көретiнмiн,
Қара түнде көрпемдi бүркенгенмен.
Желсiз түнге тараған қырғыз әнi,
Менi ерiксiз төсектен тұрғызады.
Мандолинмен айтылған сол әндердей
Бiрде өлең жаза алмай жүрмiз әлi.
Бала бiткен жарыттық ненi бiлiп,
Асханаға тұз сiңген терiнi iлiп.
Велосипед бiткендi тамға сүйеп,
Кезек-кезек жатқамыз желiн үрiп.
Көкейлерде тұрса да жылан сұрақ,
Мазалаушы ек қырғызша бiр ән сұрап.
Дауыс шықса алыстан қарғыс толы,
Үйiне ол қайтатын жыламсырап.
Қаны қайнап соғысқа Жүкең кешкен,
Шығарып ап нан алар дүкендi естен.
Көз алдымда жүргенi желiм iздеп,
Жамамақ боп камердi тiкен тескен.
Сыр бермеген далада қалғанда да,
Гүл бермеген қырғызша ән салғанда да.
Жүней қожа сүндетке жатқызар күн
Жоқ боп шықты ауылда Алдан бала.
Нағашыға кетпек боп қырғыздағы,
Өрiктерiн қорыды, жұлғызбады.
Түркiстанның көргенiн вокзалынан
Айтып келдi ауылдың бiр қыздары.
Бас көтердi көкейде жатқан күдiк,
Салмасақ та бiз оны аттандырып.
Алдан бала қырғызға қашып кеттi,
Алты беттей Гүлiмге хат қалдырып.
Мүсибат боп жүрегiн жаралады,
Хабарым бар бұл сырдан арадағы,
Шөп қораға қарауыл Құрманбектiң
Ғашық едi қызына қаладағы.
Қарамастан айна алып түрге сынап,
Несiп кемпiр жатқанын бiлгесiн-ақ.
Кешке қарай тартушы ек шөп қораға,
Велигiне Алданның мiнгесiп ап.
Құрманбектiң еркесi Гүлiм деген,
Ақ құба өңдi, қара көз күлiмдеген.
Қызыл жiбек перденiң бер жағынан
Көлеңкеге қараушы ек дiрiлдеген.
Аяулы едi сол әйнек жарығы бар,
Гүл егiлген түбiнде арығы бар.
Бiр қырда өскен ұқтық па,
Алдан мұңын,
Бiз ұқпасақ түбiнде халық ұғар.
Осылай бiз ғашық боп өскен едiк,
Көлеңкесiн қыздардың кешке көрiп.
Орамалдың шетiне сол махаббат,
Жiбек жiппен жазылды кестеленiп.
Қуанушы ең көргендей көлден кейпiн,
Жеке шығып отырып елден кей күн.
Өне бойды ерiтiп, шымырлатып,
Көлеңкесi Гүлiмнiң көлбеңдейтiн.
Аяулы едi орамал кестеленген,
Қызыл перде... көлеңке... кешке көрген.
Бозбала боп мәңгiлiк қала алмастан,
Бiз де кеттiк бүгiнге көшкен елмен.
Қызығы көп, балы көп қара түннiң,
Қара түннен ақын боп жаратылдым.
Алданға ерiп көруге Гүлiм қызды
Жарығы бар әйнекке баратынмын.
Рас, бүгiн, алыстап қалды бәрi,
Еске түссе жүректi жандырады.
Иығымды сеземiн бұл күндерi
Сағыныштың салмағы талдырады.
...Автобуста сол Алдан көрiп менi,
«Махаббатым мәңгiлiк, берiк»,– дедi.
Талай жылдар кетпеген көз алдымнан
Қылықты едi Гүлiм қыз, көрiктi едi.
Соңғы жылдар соққасын елге сирек,
Ел де сүймек жүзiмнен, жел де сүймек.
Қара көзге кеп қалған тамшыларды
Бұрылдым мен жұбайым көрмесiн деп.
Үйрек ұшты қанаты сампылдаған,
Күпiсiн шал қымтанды салқындаған.
Оралдық бiз араға жылдар салып,
Аманбысың, аяулы алтын далам.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Пана болмай кеңселер

  • 0
  • 0

Пана болмай кеңселер,
Қалды сонау жолымда.
Бес-алты ауыз ел сенер,
Сөз қалсын деп соңымда.

Толық

Жаңбырлы кеш

  • 0
  • 0

Жаңбырлы кеш,
ғажайып тылсымым-ай,
Өзге қызық ығысып тұрсын былай.
Сүп-сүйкiмдi әнiңнен сiркiреген,

Толық

Кешегі қыз

  • 0
  • 0

Күзде келіп қалыпты-ау ызғар ескен,
Төніп тұрған тандырар құздар естен.
Ғұмырдың
қия соқпақ жолдарында,

Толық

Қарап көріңіз