Өлең, жыр, ақындар

Түн

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 537
Тоңмойын түндер тобарсып,
Түгінен тұлпар тер үгер.
Табағына айдың толған сүт
Аспаннан жерге төгілер.
Кейпіне түннің таңдандым,
Айлы аспан алауытады.
Тәкаппар тұрқы таулардың
Тап-таяу қарауытады.
Ұйқыға өлке шым батып,
Бұйыға түсті шырын бақ.
Құлағын түннің шулатып,
Шегіртке жатыр шырылдап.
Күйттеп күйкі тірлігін,
Шертеді байғыз мұң күйді.
Тұмшалап түгел түңлігін,
Аулақта ауыл мүлгиді.
Сөнбеген шамы сан үйдің,
Ошақта шоғы қоздайды.
Бүлк ете түскен сәбидің
Бесігін ана қозғайды.
Өмірде мынау аз ғана
Қызыққа ешкім тоймайды.
Бақытты, шіркін, бозбала,
Базарын түннің тойлайды.
Әлемді әсем ән билеп,
Ардақтап әуен ғұзырын,
Алып түн қақты әлдилеп,
Адамның асыл ғұмырын.
Құнымды менің түсірме,
Үйретпе, өмір, сараң ғып.
Арбасар түннің ішінде
Жақсылық пенен жамандық.
Пендеге тағы ертесін,
Алладан басқа кім ие?
Ауырлап түннің көрпесін,
Аунақшып жатыр дүние.
Өрт салып көңіл нуына,
Тоңғанға, өмір, жылу бер.
Арқасын күннің нұрына
Аударып тосар жұмыр жер.

1973



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өлең-естелік

  • 0
  • 0

Жан едің жібек мінез, майда қоңыр,
Жан аға, сенен де өтті-ау қайран өмір.
Сыздайды сыр алдырып жүрек, шіркін,
Түскенде жақсы күндер ойға небір.

Толық

Жауын жуса жүрегімді

  • 0
  • 0

Ала бұлттан аспаным ашылғанда,
Мына әлемге алтын нұр шашылғанда,
Асқарыма алтын нұр асылғанда
Асыл арман ешкімге бас ұрған ба!

Толық

Туған жерге

  • 0
  • 0

Туған жер, сенен кетерде
Жабығып, қатты жүдедім.
Ұшырсам саған жетер ме
Көгершін – менің жүрегім?..

Толық

Қарап көріңіз