Өлең, жыр, ақындар

Жүрегімнің қанаты бар

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 581
Көрдің бе, жүрегімнің қанаты бар,
Кім оған ұшам десе ара тұрар?
Қиырға қас қағымда тартып кетті,
Қос қанат самғау үшін жаратылар.
Қанатын тынбай қағып сол бетпенен,
Ол жетер көп жерлерге мен жетпеген.
Топшысын талдырса да қарсы дауыл,
Ағынын бәсеңдетпес көлбеп төмен.
Қыраным қонар, бәлкім, шыңға барып,
Бар сырын дүниенің тыңдап алып.
Кім білсін, отырар ма кері қайтпай,
Қанатын қалың тұман – мұңға малып.
Болмаса еркін шарлап, шалқып бүгін,
Шолады қара жердің бар түкпірін.
Қайғы ма,
Қуаныш па,
Жұбаныш па –
Мойныңа қайтары анық артып бірін...
Көк нөсер қауырсынын сауыс қылып,
Зулайды желмен өзін жарыстырып.
Жер бетін шыр айналып шыққанынша
Алады күн мен түнін ауыстырып.
Солайша көпті көзден өткереді.
Сезініп қысты,
Жазды,
Көктемені...
Жанындай жақсы көріп біреулерді,
Немесе біреулерді жек көреді...
Біле біл, мейлің мұны, біле білме,
Әлемнің құпиясы жүрегімде.
Тұрғандай секілденер сондықтан да
Тұтқасы дүниенің бір өзімде!..

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Туған жер

  • 0
  • 0

Өзіңсіз күнім күн бе екен,
Өзіңсіз түнім түн бе екен?
Тауыңда өрген киіктің
Тұяғы бүтін жүр ме екен?

Толық

Туған жер

  • 0
  • 0

Көзімде тұнасың
Жас болып мөлдіреп.
Алдымнан шығасың
Анамдай елжіреп.

Толық

Өлең-естелік

  • 0
  • 0

Жан едің жібек мінез, майда қоңыр,
Жан аға, сенен де өтті-ау қайран өмір.
Сыздайды сыр алдырып жүрек, шіркін,
Түскенде жақсы күндер ойға небір.

Толық

Қарап көріңіз