Өлең, жыр, ақындар

Жүрек ұраны

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 815
Күндерім құстай зулайды,
Тынымсыз қағып қанатын.
Әкеле көрме мұң-қайғы,
Секундтарым мен сағатым.
Күлкімді кейде күрмедім,
Алдымда меңіреу түн бардай.
Әлемнің бұлты бір менің
Басымда ғана тұрғандай.
Қоя алмай ойға бір нүкте,
Қайғысын жердің тартамын.
Жауыздық барда тірлікте,
Әйтеуір дәйім қорқамын.
Қорқамын
Жансыз тастың да
Жаныма мұңы батқандай.
Қас қағым сәттің астында
Сұмдықтар бұғып жатқандай.
Зұлымдықтардан жинап от,
Зобалаң өрті жетердей.
Жүрегім Хиросима боп,
Күл болып жанып кетердей.
Түсердей дүние торға кеп,
Қауіптен көзді жазбаймын.
Бомбаны құртар бомба боп,
Жарылып кете жаздаймын.
Жырларым – жүрек қанатым,
Алып ұш мені әр таңда.
Секундтарым мен сағатым,
Түсіре көрме сарсаңға.
Сілкінсін орман, кең дала,
Әкел тек шаттық дауылын.
Көтерер қара жер ғана
Жердегі бұлттың ауырын.
Тіл бітіп мылқау тастарға,
Сөйлесін кенші бұрғысы.
Ракета емес,
Аспанда
Зуылдап ұшсын жыл құсы.
Таусылып талас, бар егес,
Бомбадан әлем босасын!
Сүңгуір қайықтар емес,
Киттердің күні жасасын!!!

1983



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шіріген гильза сыр айтар

  • 0
  • 0

Сұмдық бар қанша мұңайтар
Соғыстан қалған гильзада.
Шіріген гильза сыр айтар
Қаралы күннен зілзала.

Толық

Тәтті бұлақ

  • 0
  • 0

Ағушы еді ауылдың іргесінде,
Асығушы ем күн сайын тілдесуге,
Жағасы оның сауықтың сарайы еді,
Өткізуші ек жиналып жыр кешін де.

Толық

Ағалар-­ай!

  • 0
  • 0

Ағалар­-ай!
Барында аз ғұмырды бағаламай,
Абайсыз адаспаңдар бір­біріңнен,
Жарықта жайнап тұрған самаладай.

Толық

Қарап көріңіз