Өлең, жыр, ақындар

Бозторғай-жүрек

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 852
Тербеді мені қанша арман,
Әлдилеп әлі келеді.
Бозторғай-жүрек ән салған,
Жанымды қозғай береді.
Танытып мінез бір қызық,
Қысқандай біреу сығымдап,
Кей кезде таңнан тұрғызып,
Шырқайды келіп шырылдап.
Даланың еркін құсындай
Келе ме қанат қаққысы –
Кеудеде қалып қысылмай,
Кеңдіктен ұя тапқысы?
Әуенін әннің үзбейді,
Еске сап есіл күндерді.
Білмеймін, нені іздейді,
Таба алса жақсы бір белгі.
Қарасам таңда қадалып,
Жұлдыздар көктен жиі ақты.
Зу ете түскен балалық
Біреуі соның сияқты.
Елестеп көзге мол құрдас,
Алданып тұрам бір уақыт.
Кірпікке іліп мөлдір жас,
Күлкіммен қайта құрғатып.
Тұрғандай қарап ойлы жан,
Тылсымнан тосын қозғап ән –
Қап-қара түннің қойнынан
Тесіліп қара көз маған.
Тартқанмен қанша күн алға,
Ғұмырдың соңы – бір нүкте.
Құмардан адам шығар ма
Қызыққа толы тірлікте.
Бозторғай-жүрек құртымдай,
Қысқандай біреу сығымдап,
Апыр-ау, неге бір тынбай,
Шырқайды келіп шырылдап?!

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Танабай

  • 0
  • 0

Арбамен құла дүзде қаңғып жүрген,
Арқада Танабайды әркім білген.
Мүгедек – екі аяғы тізеден жоқ,
Қарақшы, қашқын да емес ел бүлдірген.

Толық

Жортқанда жолың болсын!

  • 0
  • 0

Алпыс жас құтты болсын, ер Қуатым,
Асқар тау жетпіс деген енді жақын.
Тектіден туа қалған бір тұяқсың,
Шығарған елдің атын, жердің атын.

Толық

Арман

  • 0
  • 0

Арман қымбат үлкенге, кішіге де,
Армандамай жүргенді кісі деме!
Өзіңді өзің түсінсең жетіп жатыр,
Жан сырыңды барлық жан түсіне ме?

Толық

Қарап көріңіз